Астана. 2 мамыр. BAQ.KZ — Бүгін бұлбұл үнді әнші Күләш Байсейітованың туғанына 101 жыл толды. Ол 1912 жылы 2 мамырда Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. 24 жасында КСРО халық артисі атанған тума талант иесі атақ-даңқы дүркіреп тұрған 45 жасында Мәскеудің Пекин қонақүйінде жұмбақ өліммен қайтыс болды.
СССР халық артисі, ССРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 1925-1928 жылдары Алматы педагогикалық техникумында және қазақ драма театры жанындағы музыкалық драмалық студияда оқыған. Байсейітова қазақ опералық өнерін қалаушылардың бірі. Бірінші рет қазақ сахнасында ол классикалық опералардағы Баттерфляй (Дж Пуччинидің “Чио-Чио- Сан”, Татьяна (П. И. Чайковскийдің “Евгений Онегині”) т.б. партияларды орындады. Байсейітова сирек сахналық талант иесі, ол жасаған бейнелер әртүрлі мінездемелердің біртұтас галереясын құрады. М. Әуезовтың музыкалық комедиясындағы Айман, И.В.Коцыктың “Айман- Шолпанындағы” Айман, Е. Г. Брусиловскийдің “Қыз Жібек” және тағы басқалары. 1980 жылдан бастап, К. Байсейітова атындағы қазақтың халық әндерін орындаушылардың Республикалық сайысы 4 жылда бір рет өткізіліп отырады.
XX ғасырдың музыка мәдениетінде пайда болған жаңалықты халқы ардақтаған Күләш Байсейітованың дарыны мен асқан өнері “заңдастыра” түсті. Европаның музыкалық жаңа жанры мен түрлері — хор өнері, симфониялық оркестр, ақырында опера — көшпелі қазақ даласының өміріне композиторлар мен Ресей музыканттары көмегімен ғана емес, дарынды ұлттық орындаушыларымыздың арқасында енді. Олардың орындаушылық өнеріне міндетті талап – шығармашылық синтезді мүмкіндігінше жарыққа шығару, музыканы халықтың саналы қабылдауына жеткізу болатын.