Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жамбыл облысында орналасқан «Отар» 40-әскери базасында Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеру өтті. Биыл Отан қорғаушылар күні алғаш рет ресми түрде демалыс күні болып жарияланды. Отан қорғаушылар күнін атап өтуге байланысты алғаш рет әскери полигонда өткізілген жауынгерлік шерудің дәстүрлі әскери шеруден басты ерекшелігі – Қазақстан жауынгерлерінің кәсіби шеберліктерін, Қазақстан армиясының қолданысындағы заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың нақты қолдануын жан-жақты көрсету мүмкіндіктері болып табылады.
Сондықтан Қазақстан Республикасының Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанынан бері тұңғыш рет өткізілген бұл әскери шеру күштік құрылымдардың тарихындағы ерекше оқиға болмақ. Салтанатты шеруге қатысқан Қарулы күштер бөлімшелері, әскери оқу орындары, ІІМ Ішкі әскерлері, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Республикалық ұланның рәсімдік батальоны сапқа тұрды. Жауынгерлік шеруге барлығы 7 мыңнан астам әскери қызметшілер, 400 бірліктен аса әскери техникалар, 86 ұшақ пен тікұшақтар қатысты. Қазақстан армиясы далалық жерлерде жыл сайын жедел және әскери дайындық бойынша 250-ден астам іс-шаралар өткізеді. Дәстүрлі әскери парад кез келген армияның дайындығының аса қажетті құрамдас бөлігі болып саналады. Осы жолғы әскери парад жаттығу полигонында жауынгерлік жаттығуға ұқсас өткізілді. Сондықтан болар, Алматы қаласынан 200 шақырым жерде орналасқан «Отар» 40-әскери базасында өтетін тұңғыш жауынгерлік парадқа көрермен қауым көп жиналды. Әскери шеруді көруге баратын ардагерлерге арнап Алматыдан арнайы пойыз шықты. Жауынгерлік парад өтетін жерге тікұшақпен келген Елбасына Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев әскерлердің шеруге дайын екендігін баяндады. Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев мінберге көтеріліп, әскери қызметшілерді, ардагерлер мен барша қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. – Құрметті отандастар! Офицерлер мен сарбаздар! Бүгін – шебі бүтін, шекарасы берік қасиетті Қазақ жерін қорғайтын Қарулы күштеріміздің құрылған күні. Биылдан бастап біз 7 мамырды мемлекеттік мереке ретінде атап өтетін боламыз. Бұл – батыр бабалардың даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мейрам. Аталарымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен осы ұлан-ғайыр жерді қорғап, бізге мұраға қалдырды. Соның арқасында бүгінде тәуелсіз мемлекет құрып, оны өркендетіп келеміз. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы: «Өз елін мақтаныш етпеу – сатқындықпен тең» деген. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Қастерлі Отанымызға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Осынау перзенттік парызымызды біз, әсіресе, әскери адамдар адал атқаруға тиістіміз! Сонда ғана біз арманымызға жетіп, Мәңгілік Ел бола аламыз. Әскери парад барлық дайындық іс-шараларының шарықтау шегі болып табылады. Бұл – Қазақстан армиясы әскери бөлімшелерінің кәсіби машығының, үйлесімділігі мен мүмкіндіктерінің іс жүзіндегі көрінісі. Бүгін армия бөлімшелері Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштері жарақтанған осы заманғы қару-жарақты қолданудағы өз шеберліктерін көрсететін болады. Бұл – біздің аса ауқымды жаттығуымыздың бірі. Сонымен қатар Каспий теңізі айлағында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің кемелері жауынгерлік атыс үлгісін көрсетеді. Бұл күні, 7 мамырда сардарлар мен сарбаздар нағыз патриоттар және өз ісінің шеберлері екендіктерін іс жүзінде дәлелдейді, олардың айбынды және өршіл ұраны: «Қуатты армия – қуатты Қазақстан!». Қазақстан өз армиясын мақтан тұтады, оны нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Қарулы күштер осы заманғы техникамен жарақтандырылуда. Басқару жүйесіне жаңа технологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелері қарқынды енгізілуде. Біздің әскерлерімізді дайындаудың интенсивтілігі мен сапасы артуда. Мемлекет Отан қорғаушыларды қамқорлығына алып келеді. Былтыр әскери қызмет және әскери қызметшілер мәртебесі туралы жаңа заң қабылданды. Әскери гарнизондарда спорт кешендері, тұрғын үйлер мен жатақханалар салынуда. Әскери қалашықтарды жоспарлы түрде көріктендіру жүргізілуде. Қазақстанның әскери қызметшілері қазір лайықты қаржылық игілікке ие болып отыр. Армияның тәртібі ауыр деседі, бірақ бұл ауыртпалық – ел қорғау бейнеті, қиыншылық бейнеті емес. Армия – біздің егемен мемлекетіміздің берік қалқаны. Оны нық ұстап тұру – тек қасиетті борыш қана емес, зор мәртебе! Сіздердің қызметтеріңіз – еліміздің Тәуелсіздігінің, Қазақстанның әр шаңырағының тыныштығы мен алаңсыздығының кепілі. Мен әскери қызметшілерді, ардагерлерді және барша қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын! Өздеріңізге денсаулық, қызметтеріңіз бен еңбектеріңізге, жауынгерлік даярлықтарыңызға табыс тілеймін! 7 мамыр – біздің мемлекетіміздің қуаты мен сенімділігін әрқашан айғақтап тұратын күн болсын! Айбынымыз әрдайым асқақ, байрағымыз қашанда биік болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! Қазақстан жасасын! – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жауынгерлік парадты бастаған сөзінде. Елбасының құттықтау сөзінен кейін салтанатты шеру басталды. Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жауынгерлік шеруді басқаруды Қазақстан Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы, «Даңқ», «Айбын» және «Отанға қызметі үшін» ордендерінің иегері, генерал-лейтенант Мұрат Майкеевке жүктепті. Партия хатшысы Ерлан Қариннің мәлімдеуінше, 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жоба партия мен баспасөздің әріптестігін арттыруды және саяси ұйымның атқарып отырған жұмысын қарапайым халыққа түсінікті тілмен жеткізген жандарды ынталандыруды мақсат тұтады. Әскери қызмет түрлеріне қарай, сымдай тартылып сапқа тұрған жауынгерлер алаңды айна-лып, салтанатты шерумен өтті. Бұдан әрі нағыз жауынгерлік операциялар басталды. Құрлық әскерлері мен Әуе қорғаныс күштері зымырандар атуды, бомбалауды, қару-жарақтың барлық түрінен жауынгерлік атысты жүзеге асырды. Әскери әуе күштері майдандық және армиялық ұшақтар мен тікұшақтардың аспандағы әуе ұрысын жүргізді. «Жетісу» және «Сұңқар» ұшқыштар тобы жоғарғы деңгейде ұшу өнерін көрсетті. Әскери парад барысында Әуе қорғанысы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғанысын С-125 зениттік-зымырандық кешені көрсетті. Ол басқарылатын зениттік зымырандармен әуеде көрсетілген нысаналарды көздеп атуды жүзеге асырды. Зымырандық әскер және артиллерия «Точка-У» тактикалық зымырандық кешені, «Град» және «Прима» дүркін отшашу зымырандық жүйесі, МСТА-Б және Д-30 зеңбіректері, «Солнцепек» ауыр отшашу зымырандық жүйесі, «Штурм-С» танкіге қарсы зымырандық кешенінен оқ атып, айналаны күндей күркіретті. Бұл кезде Каспий теңізі айлағында Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің кемелері жауынгерлік атыс өткізіп жатты. Қазақстан қарулы күштері бұл қарулардың түрлерін жаңартып отырады. Қорғаныс және шабуылдаушы әскери бөлімдер заманауи қарулармен 2011-2012 жылдары толықтай жабдықталған. Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековпен және Қарулы күштер генералитеті өкілдерімен бірге отандық кәсіпорындардағы жаңа және жаңғыртылған әскери техника үлгілерімен танысты. Қару-жарақ көрмесін «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ құрамына кіретін Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары ұйымдастырған. Қазақстан Президентіне әскери, азаматтық және қосарлы мақсаттағы арнайы техникалар, соның ішінде штабтық, жауынгерлік, медициналық, іздестіру-құтқару машиналары, радиорелелік станса, қарлы-батпақты жерлерге арналған «Тұлпар» машинасы, Қазақстанда құрастырылатын ЕС – 145 тікұшағы, ұшқышсыз ұшатын аппараттар және қару-жарақ, техника мен киім-кешектің өзге де түрлері көрсетілді. Көрмені аралап шыққаннан кейін Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев әскери парадқа қатысқан командалық құраммен және қатысушылармен әңгімелесті. «Бұл жаттығу, бұл шеру біздің жастарымызды Отан қорғауға бағыттайды, жас ұрпақ сіздер сияқты сарбаз болып елімізді қорғауға дайын болады. Оқу орындарында, осындай қалашықтарда сіздердің отбасыларыңыз барлығы көріп, осы жұмысқа қуанып отыр. Ешқандай мүлтіксіз, қатесіз бәрін орындадыңыздар. Сондықтан мен тағы да бір рет сіздерді бүгінгі мереке күнімен, Отан қорғаушы күнімен шын жүрегімнен құттықтаймын» деді жауынгерлердің дайындығына ризашылығын білдірген Елбасы. Қайыржан ТӨРЕЖАН |
Предыдущий