АЛТЫНОРДА
Новости

 Ғарыш апаты

Өмірде әртүрлі апатты жағдайлар орын алады. Бірақ тосын оқиғалардың бәрі сәтті болады деу қиын. Ажал құштыратын апаттан сақтасын! Бірақ адам бәрін біліп тумайды. Алдағысын болжауы бек мүмкін. Бірақ апаттың жақсысы жоқ. Биылғы жылдың басында Ресей­дің Красноярск маңына құлаған ме­теориттің жер-жаһанды алаңдат­қа­ны мәлім. Адам шығыны болмаса да, бірталай ғимараттар мен үйлер за­қым­данды. Тіпті метеориттің сы­ны­ғын сатып, аяқастынан пайдаға ке­нелмек болғандар да кездесті. Он­­­дай­­ларға Ресейдің құқық қорғау ор­гандары тосқауыл қойды. Бірақ ға­рыштық апаттың жөні басқа. Жер дүниені өзіне қаратып, көк аспанды тіліп ұшқан жер серігінің ұшу са­па­ры­ның барлығы сәтті аяқтала қой­ған жоқ. Оған мысалдар да жеткі­лік­ті. 


1967 жылдың 27 қаңтарында Кеннеди атындағы ғарыштық ұшу орталығында «Аполлонның» Айға ұшу бағдарламасы бойынша жат­тығу жұмыстары болып жатқан сәт­те ғарышкерлер Вирджил Грисс, Эдвард Уайт және Роджер Чаффи­дің экипажы отқа оранды. Ракета та­сымалдаушы «Сатурнның» басқа бөлігінде арнайы жаттығу бағдар­ла­масымен жұмыс істеп жатқан үш ға­рышкердің кабинасының іші кең, еркін қозғала алады. Біреуі жұмыс істесе, екінші өз ісімен шұғылданып, үшіншісі көз шырымын алады. Сы­нақ жұмыстары жаттығуға ар­нал­ған­дықтан жер серігі жанар-жағар­маймен жабдықталмады. Сондықтан алаңдауға да еш негіз жоқ еді. Алай­да «ажал аяқастынан». Ғарышкер­лер­дің жұмыс істеп жат­қан кабина­ның ортаңғы бөлігінде кенеттен от жалын лап етіп, оны сөн­­діру мүмкін болмай қалды. Қас-қағым сәт. 90 се­кундқа ғана созыл­ған өртте үш ға­рышкерді аман алып қалу мүмкін болмай қалды. Оларды құтқаруға бірнеше секунд қана жетпеді. Лап ете қалған, көз ілеспес жылдамдық­пен болған өртте қо­сым­ша есікті ашуға да қол жетпей қал­ған. Сөйтіп қысқа, бірақ трагедия­мен аяқталған от-жалын ешқандай нәтиже бермеді. Өрттің шығу себебі неде? Оны анықтау да мүмкін бол­мады. Арнайы құрылған комиссияға да шешім шы­ғару қиынға соқты. Тек алдын ала бол­жам айтылды. Өрт электр сым­да­ры­ның тұйықталуынан орын алған. Осы оқиғадан кейін америка­лық басшылар өздерінің ғарыш саласына қатысты тұжырымдамаларын қайта қарауға мәжбүр болды. Отқа төзім-д­і, өртке берік жер серігі «Аполлон­ды» қайта жабдықтауды қолға алды. Айға арналған арнайы бағдарла­маны жүзеге асыру да уақытша тоқ­татылды. Тек бірнеше жыл өткен соң ғана, 1968 жылдың 11 қазанында «Аполлон» ғарыш кемесі көкті тіліп, жоғары қарай ұшты.

Бірақ америкалық емес, КСРО ғарышкерлерінің де ұшу сапарының барлығы сәтті аяқтала қойған жоқ. 1967 жылы кеңестік космонавтика үшін ауыр жыл болды. Осы жылдың 23 сәуірі ұмытылмастай болып қал­ды. «Байқоңыр» айлағынан «Союз-1» ғарыш кемесі ұшқаны белгілі. Сынақ мерзімі іспетті ұшырылған жер се­рігі кеңестік өте тәжірибелі ғарыш­кер полковник Владимир Комаровқа сеніп тапсырылды. Қалай айтқанда да, америкалық «Аполлон» секілді бұл жерде бәрі сәтті болады» деген сенім бола қойған жоқ. Бұл сынақ түрінде болғандықтан күмән қоюлау болғаны рас. Алайда ұшу барысы ойдағыдай өтті, барлығы бағдарлама бойынша өтіп жатты. Полковник Комаров барлығының сәтті жүзеге асып бара жатқаны жөнінде «Жер­ге» хабарлап жатты. Ғарыш кемесі «басқаруға» көніп, атмосфераның қалың қабатына шықты. Тежегіш құралдары да іске қосылды. Барлық операция ойдағыдай орындалды. Тек соңғы кезеңде ғана ешкім күт­пеген жағдай орын алды. Жер серігі атмосфераға шыққан сәтте, пара­шют ашылуы тиіс еді. Бірақ пара­шюттік жүйе істен шықты. Мұнан соң «Союз-1» ғарыш кемесі снаряд­тың жылдамдығымен жерге қарай 644 шақырым жылдамдықпен құл­дилап келе жатты. Соңында от жалын қалдырып, зымыраған жер серігі мен ғарышкерді аман сақтап қалуға еш мүмкіндік болмады. Құл­дилаған күйі келіп, ғарыштық ап­парат жерге соғылды. Полковник Комаров бірден қайтыс болды. Ен далаға түсіп, жермен-жексен болған жер серігі құлаған жерге кейіннен ескерткіш белгі орнатылды.

1967 жылы орын алған екі-үш апаттан кейін АҚШ-тың да, КСРО-ның да ғарыштық ұшу бағдарла­-масы кейінге қалдырылды. Бірақ бағдарлама жалғасын тауып жатты. Әсіресе, америкалық ұлттық ғарыш агенттігі айды бағындыру саясатын одан ары табысты жалғастыра берді. Америкалық ғарыш агенттігінің хабарлауынша, мұнан кейін бірде- бір апат орын алған жоқ. Бірінен соң бірі 12 ғарыш кемесі ұшырылды. Алайда аяқастынан пайда бола­тын оқиғаның кейбір құпия сыр­лары әлі күнге дейін толыққанды ашылмай келеді. «Аполлон» жер се­рігінің кис­лородтық атмосфера­­да­ғы жарылы­сының себебі әлі бел­гісіз күйінде қалып отыр. «Союз-1» ға­рыш кеме­сінің парашюттік жүйе­сінің ашыл­май қалуы да бүгінге дейін түсінік­сіз күйінде қалды. Тіпті «Союз-1» жер серігінің орбитада болу уақытын да мамандар әртүрлі көрсетеді: амери­калық ғалымдар «Союз-1» кемесі атмосферада 25 са­ғат 12 минут ұшты десе, халықаралық ғарыштық эн­циклопедияның ав­торы К.Гэтланд 26 сағат 45 минут деп көр­сетеді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас. 1971 жыл­дың 6 маусымында «Союз-11» ға­рыш кемесінің бортында болған ғарышкерлер Георгий Доброволь­ский, Владислав Волков және Вик­тор Пацаевтың тағдыры өліммен аяқ­талды. Барлық бағдарламаны орындап, жерге оралып келе жатқан сәтте олар бақилық болды. Іздеуші­лер құлдилау аппаратын тапқан сәт­те ғарышкерлердің жүзінде тірші­ліктің ізі де жоқ еді. Ал мұның себебі неде?

Мұны тәжірибелі ғарышкер Алексей Леонов анықтап бергендей болды: «Қателік құлдилау аппараты­ның құрылымдық бөлігінде болған. Құрастыру кезінде арнайы маман­дар аппараттың ауа кіретін бөлі­гін­дегі клапанды қатты бұрамаған. Жерге құлдилап келе жатқан шар тә­різді домалақ пішінді аппараттың клапандық бөлігі қысымға шыдамай жыртылып кеткен. Жоғары қысым­ды ауада аяқастынан орын алған осындай оқиғадан кейін 20 мм-тік жыртықтан кейін ғарышкерлер естерінен айырыла бастаған. Негізі штаттық кесте бойынша жерге 4 ша­қырым ғана қалғанда ашылуы тиіс болатын клапан сөйтіп өте жоғары­да, мерзімінен бұрын вакуумда жыр­­тылып кеткен. Аппараттағы ауа сөйтіп бірер минуттың ішінде ва­куумдық кеңістікте сыртқа шығып кеткен. Мамандар «22 мм-лік жыр­тықты саусақпен немесе алақанмен болса да жабуға болатын еді» деген дә­лелді алға тартады. Айтуға ғана оңай ғой. Жыртылған клапанға жету үшін кем дегенде 52 секунд керек. Бірақ оған уақыт жетпеді, 80 секунд­тан кейін ғарышкер Волковтың, 100 секундтан соң Пацаевтың, 120 се­кунд­тан кейін Добровольскидің жү­регі тоқтап қалған.

Сол бір кезеңде ғарыштық апат бірінен соң бірі орын алып жатса да, АҚШ пен КСРО арасындағы ға­рыштық тайталас одан ары жалға­са берді. 1969 жылдың 21 шілдесінде ғарышкер Нейл Армстронг Айдың бетіне қонып, бүкіл америкалықтар шат-шадыман көңілмен қуанышын тойлап жатқан тұста, кеңестік ғарыш саласында бірінен соң бірі апаттар қайталанып жатты. Ресми Мәскеу-дің Айға арналған бағдарламасының жолы болмады. Кеңестің Н-1 раке­та­сы ұшу алаңында немесе көкке кө­терілген сәтте жарылып, отқа ора­нып жатты. Н-1 70 секундтан соң ауа­да жарылды. Екінші ракета да соның жолын құшты. Арада шамалы уақыт өткен соң Н-3 ракетасының да құйрық жақ тұсы отқа оранып, істен шықты. Н-4-тің де двигателі 70 секндтан соң өртеніп кетті. Айда Армстронгтің табанының ізі қалған сәтте, орыстың ғарыш саласы осы­лай апатқа ұрынып жатты. Ақыры болмаған соң ресми Мәскеу Айға ар­налған бағдарламаны уақытша тоқ­татты. Ал бұл уақытта Америка ғарышқа 12 жер серігін ұшырып, бәрі де сәтті аяқталды. Алайда ғарышқа ұшу барысын­да әртүрлі қызықты оқиғалар орын алатынын да жасыруға болмайды. Мамандардың бағалауы бойынша, істен шыққан жер серігінің сынған қалдықтарымен қатар, әртүрлі құ­ралдар әуеде жерді айналып жүр. Олардың 20 мыңнан астамы қазір арнайы радармен қадағаланып отыр. Америкалық ғарышкер Суни Уильямс 2007 жылы ашық ғарышқа шыққан сәтте қолындағы бейне­ка­мерасын түсіріп алған. Ашық кеңіс­тік­ке шыққан сәтте тағы АҚШ ға­рышкері Скоп Паразински күн қуаты бар батерейкасынан айыры­-лып қалған. 1965 жылы алғаш рет ашық кеңістікке шыққан Эдда Уайт өзінің қолғабын түсіріп алған. Ға­рышта бір айға жуық уақыт бойы қалқып жүрген қолғап ақыры атмо­с­ферада жанып кеткен. Жалпы, мұндай жағдайлар АҚШ ғарыш­кер­лерінде жиі орын алатын көрінеді. 2008 жылдың қараша айында аме­рикалық Хайдемари Стефанишин-Пайпер құны 100 мың доллар тұра­тын құрал-саймандарын ашық ға­рышқа шыққан кезде қолынан тү­сіріп алған. Деректерге жүгінер болсақ, апатты жағдай орын алса да, орын алған жайтты дереу түзеп, ары қа­рай ұшуын жалғастырып кеткен оқи­ғалар да бар. 1969 жылдың 14 қа­рашасында АҚШ-тың жерден көте­рілген «Аполлон-12» ғарыш кемесі­нің жылу, қуат элементтері істен шыққан. Ғарышкерлер мен ұшуды басқару орталығы дереу бұл апатты жағдайды түзеп үлгерген. Кейіннен орын алған оқиғаны тексере келген­де, «Аполлон-12» ғарыш кемесін екі рет, яғни 36 секундта және 52 се­кунд­та найзағай ұрғаны белгілі бол­ған. Ең қуаныштысы сол, мамандар мен ғарышкерлер апатты оқиғаны тез арада қалпына келтірді. Ғарыш саласына қатысты ең соң­ғы апат 2003 жылдың 1 ақпанында тіркелгені белгілі. 15 күндік ұшудан кейін құрамы 7 адамнан тұратын «Columbia» ғарыш кемесі атмо­сфе­раның қалың қабатына кіргеннен кейін жоғалып кетті.
… Адамның қайда жүрсе де аман жүргеніне не жетсін!

Берік Бейсенұлы

http://www.aikyn.kz