Жыл сайын елімізде анимациялық фильмдер түсіруге 100 миллион теңге бөлінеді. Бұл жөнінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева мәлімдеді. Қазақ баласының Шрэк пен Мадагаскарға телмірмей, таза қазақы өнімге бет бұратын кезі жетті. Бұл күнде жас ұрпақтың санасына оңтайлы әсер етіп, тәрбие беруде анимациялық фильмдердің алар орны ерекше. Жуырда ғана елімізде тұңғыш рет «Ертөстік пен айдаһар» атты толықметражды анимациялық фильм түсіріліп, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Айта кету керек, аталмыш картинаны түсіруге 1,2 миллион доллар көлемінде қаржы жұмсалған. Бұдан былай жыл сайын анимациялық фильмдердің саны арта түспек.
Әр жыл сайын еліміздегі анимациялық фильмдердің қатарын толықтыруға 100 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінеді екен. Депутат Алдан Смайыл өткен Парламент отырысында анимациялық фильмдерге жұмсалар қаржының көлемін арттыру керекті-гін тілге тиек етті. Депутаттың айтуынша, анимациялық фильм – бүгінде идеологиялық тұрғыда аса маңызды мәселе. Сондықтан мұндай мәселеге тиісінше деңгейде көңіл бөлінуі тиіс. Ресейде анимациялық студияларға жылына 300 миллион доллар бөлінеді екен. Бүгінде тілі былдырлап шыққан балғындардың көңілін баураған «Маша и медведь» атты анимациялық топтама бөлінген қаражаттың жарқын жемісі болса керек. «Маша и медведь» секілді туындыны отандық аниматорлар да жарыққа шығара алады. Бастысы, биліктен көңіл бөлінді, енді қазақ баласы өзгенің өнімінен отандық өнімді биік қояды деген сенім мол.