Жаһандық дағдарысқа қарсы күрес декларациясы түзелмек
Бас қаламызда VI Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция өз жұмысын тамамдады. Енді АЭФ аясында айтылған ұсынымдар мен тұжырымдар қорытылып, оның негізінде Жаһандық дағдарысқа қарсы күрес декларациясы түзілмек. Ол «G20» елдері басшыларының жиынында қарауға жолданады деп күтілуде. Үш күн бойы жүрген Астана форумына әлемнің жүзге тарта елінен 10 мың делегат, соның ішінде 200-дей биік лауазымды тұлға, Нобель сыйлығының 10 лауреаты қатысты.
АЭФ-тің соңғы үшінші күні «Astana Invest» IV халықаралық инвестициялық форум жұмысымен басталды. Оған Үкімет басшысы Серік Ахметов қатысып, сөз сөйледі. Ол әп дегеннен-ақ бір елең еткізерлік жаңалықты жариялады: болашақта еліміздің бас қаласы құлашын кеңге сермеп, Қарағанды мен Бурабайға дейін қанат жаюы мүмкін екен. «Астананы дамыту – оған келешекте өнеркәсіптік Қарағандыны және Щучинск-Бурабай курорттық аймағын тарта отырып, агломеративтік дамудың перспективті аймағы ретінде қарастырылуда, – деді Премьер. – Тұтастай алғанда, Астана агломерациясы – білім беру, медициналық, туристік, инновациялық және басқа да бәсекеге қабілетті өнімдер мен қызметтердің халықаралық орталығы ретінде қалыптасудың елеулі әлеуетіне ие. Осыған байланысты елордаға заманауи технологиялар керек». Үкімет басшысының айтуынша, ол технологиялар бірінші кезекте, қуат үнемдеуге, «жасыл экономиканы» дамытуға бағытталуға тиістігін атап көрсетті. Оның байламынша, тұтастай алғанда, Астана «экономикалық жаңғырудың локомотивіне» айналу үшін барлық алғышарттарға ие. Ол ең озық технологияларды ендіруде еліміздің өзге өңірлеріне үлгі көрсетуге тиісті. Серік Нығметұлы Астананың «ақылды шешімдер мен смарт-технологияларға негізделген» «Болашақтың қаласы тұжырымдамасы» бойынша қалыптастырылып жатқандығына сендірді.
«Біз бизнес-қоғамдастықтың кез келген іскерлік бастамалары мен ұсыныстарын қарауға ашықпыз және дайынбыз!» деп мәлімдеген Үкімет жетекшісі инвесторларды Үдемелі индустрияландыру бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыруға қатысуға шақырды. Қа-зіргі қолданыстағы ҮИИД мембағдарламасы 2014 жылы аяқталады.
Ал Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов елордадағы инвесторларға берілетін жеңілдіктер мен преференциялар туралы айтып берді. Астана басшысы бас қала жанынан жаңа, екінші Индустриалдық парк құрылатындығын хабарлады. Жалпы ауданы 450 гектар болатын ол паркті құруға қала басшылығы ендігі кірісіпті. «Бұл жерде біздің бизнес-әріптестерімізді ең тиімді преференциялар – жер телімдері, банктерден алған кредит-тің ставкаларын субсидиялау және банктерге кепілдік қамтамасыз етуді 50 пайызға дейін кепілдендіру, шетел жұмыс күшін тартудың оңайлатылған тәртібі, әкімшіліктік процедуралардың екі есе қысқаруы күтеді.
Нысан іске қосылғаннан кейін жер және мүлік салығы, сондай-ақ корпоративтік табыс салығы толығымен жойылады. Қосымша құн салығының сомасы қайтарылады, бұл инвесторлардың шығынын 12 пайызға дейін қысқартады» деді И.Тасмағамбетов. АЭФ аясында саясаткерлер мен мемлекеттік қайраткерлер, белді жаһандық ұйымдар жетекшілері, Нобель сыйлығының лауреаттары сынды әлемдік ақылшылар мен данышпандар, сарабдал сарапшылар мен майталман мамандар экономикалық өрлеу жолынан жаңылмау және өсім қарқынына қарқын қосу жайын қарады. Осы орайда ел Үкіметіне «Үштік одақ» елдерімен ортақ валюта құрмауға кеңес берілді. Форумның үшінші күнінде «Өңірлік ықпалдастық. Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру жағдайлары мен перспективалары» атты халықаралық конференция өткен болатын. Соның барысында арнайы баяндама жасаған Аргентинаның 1991-96 және 2001 жылдардағы экономика министрі, 80 жылдарда осы елдің Орталық банкінің президенті болған, қазір Йель университетінің Жаһандық мәселелер бойынша аға ғылыми қызметкері Доминго Кавалло Қазақстанды төл теңгесінен бас тартып, басқа елдерінің қателігін қайталамауға шақырды. Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко түптің-түбінде Еуразиялық одақ мүшелері ортақ валютаға келуі мүмкіндігін жоққа шығармады. Оның бағалауынша, ортақ валютаны біздің кеңістікте 10 жылда ендіруге болады. «Бірақ біз әзірге ол бағытта жылжыған жоқпыз» деді ол.
Г.Марченко Бірыңғай экономикалық кеңістіктің (БЭК) Қаржылық қадағалаушы-бақылау органы Қазақстанда орналасатындығын жария етті. «Біз тиімді қызмет жасауға қабілетті ортақ қаржылық институт құрылымын түзуіміз қажет, – деді ҰБ төрағасы. – Ол дағдарыстар кезеңінде туындайтын қаржылық нарықтардағы проблемаларға қарсы тұра алуға тиісті» деген ол Қазақстан, Ресей, Беларусь президенттері қол қойған келісімде бұл құрылымның «Бірыңғай қаржылық бақылаушы орган» болуға және Қазақстанда орналасуға тиістігі нақты жазылғандығын жеткізді. Осы жиында еліміздің Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова БЭК-ке мүше болғысы келетін елдерге қандай талаптар қойылатындығын айтып берді. Осыған құштарланған мемлекеттердің көрсеткіштері, параметрлері мынадай болуы керек: «Бюджетінің жылдық тапшылығы елдің жалпы ішкі өнімінің 3%-ынан аспауға тиісті. Мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 50%-ынан жоғары болмауға тиіс. Орташа жылдық шамадағы инфляция деңгейі БЭК-тің ең төмен көрсеткішке ие қатысушысының инфляция деңгейінен 5%-дан артыққа аспауға тиіс». М.Әбілқасымова БЭК-ке қазірден мүше, яғни оның негізін қалаушы мемлекеттер бұл талаптарды сақтап отыр деп айтуға болатындығын қосты. Рас, Белоруссияда инфляция асып кетіпті.
Бүгінгі таңда «Үштік одаққа» сыналап кіруге қызығушылық танытып отырған елдер бұл талаптар үдесінен шығуға тырысуда. Мысалға, Қырғызстан сыртқы мемлекеттік қарыздың ең жоғарғы шегін белгілеп, оны ЖІӨ-нің 50 пайызымен шектеуде. Әзірге мемқарыздың ЖІӨ-ге шаққандағы арақатысы «айырқалпақты» ағайындарда – 52,4%, ал Тәжікстанда – 35,3% көрінеді. АЭФ биыл тек экономикалық тақырыптардың тар шеңберінде шектеліп қалмауға тырысыпты. Осы орайда оның аясында «Зияткерлік меншік құқықтарын интернет желісінде қорғау: мәселелері мен келешегі» атты панелдік сессия өтті. Осы жиында жиналғандарды қайран қалдырған қызықты бір мәлімет жария етілді.
Әлемдік алпауыт eBay интернет-дүкені арқылы қазақстандық жазушы Әкім Таразидың 1 миллионнан астам кітабы сатылыпты. Әрине, бұл жерде ойы орамды, қаламы қарымды жазушымызды үлкен жетістігімен құттықтап қоюға болар еді. Алайда ол табысы турасынан Әкім ағамыздың өзі беймәлім қалыпты: жиын барысында ол кітаптардың электронды күйде автордың келісім-ырзалығынсыз, сырттай сатылғандығы хабарланды.
– Дәл осы интернет-дүкендер арқылы контрафактілік өнімдер өткізіледі, – деді Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина. – Оның барысында авторлардың және басқа да құқықиеленушілердің құқықтары бұзылады. Атап айтқанда, «electronic Bay» арқылы қазақ әдебиетінің белгілі классигі, 2011 жылғы Франц Кафка медалінің лауреаты Әкім Таразидың шығармалары таралуда. Тек аталған интернет-дүкен арқылы оның 1 миллионнан астам кітабы өткізілген. Оның кітабы екі жылдан астам уақыт бойы Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Австралия, сондай-ақ африкалық елдерде сатылуда. Соған қарамастан, автор өзіне тиісті сыйақыны ала алмады. Өйткені ол өзінің кітабын сатушы аккаунттың иесі кім болып табылатындығын анықтай алмады». Егер содан түскен қаржының барлығы жазушының қалтасына құйылғанда, Әкім ағамыз миллиондаған доллар табыс табатын еді. Мысал үшін: ресейлік әнші Земфира өз еліндегі электронды саудадан ең көп пайда тапқан өнерпаз саналады, биылғы 14 ақпанда ғаламторға ақылы жүктеуге өзінің «Жить в твоей голове» атты соңғы туындысын шығарған, ақы соңында ол алғашқы он күнде-ақ екі миллион рубль кіріс тауыпты. Әйткенмен Ә.Тарази де біраз ақшаны өндіріп алуы мүмкін екен. Вице-министр «Ұлыбритания баспагері кітабын басқандығы үшін авторға шамалы сома төлеуге міндеттеме алғандығын» айтты.
Қазақстанда да мәселен, әншілердің жаңа әндерін іздеп, дискілер сатылатын музыкалық дүкендерге бас сұғатындар шамалы. Қазақстандық тұтынушылар не ғаламторды шарлап, тегін жүктеп алады, не көшеде заңсыз диск сатушылардың алдындағы «тауарын» қопарады. Бұл ретте кеше АЭФ аясында еліміздің Әділет министрі Берік Имашевтің өзі Қазақстанда интернет-қарақшылармен күресті күшейтетіндігін білдіріп, тіпті шетелдегі қатал шараларды елде ендіруге дайындық танытты: «Бүгінде интернет-пираттықпен күрестегі табысты тәжірибені білу және белсенді игеру маңызды, – деді министр Берік Имашев. – Осы тұрғыдан алғанда, біз тығыз ықпалдастыққа және ынтымақтастыққа дайынбыз. Өзіміз де үйреніп, өз тәжірибемізбен бөлісуге де әзірміз» деген ол бағдарламалық өнімдер, музыкалық және киноиндустрия туындыларының, сондай-ақ өнеркәсіптік меншік нысандары секілді зияткерлік меншік объектілерінің ғаламторда қоғамға кең сатылатындығын білетіндігін білдірді.
VI АЭФ аясында денсаулық сақтау мәселелері де кең қамтылды. «Ұлттық саясат. Денсаулық сақтаудағы әлеуметтік жаңғырту» атты сессияға Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова шақырылды. Осы орайда мемлекеттің дәрі-дәрмек бағасын биылғы жылдан бастап-ақ реттеуге кірісетіндігі мәлім болды. Айтқандай, қымбаттауын болдырмау үшін дәрілік препараттар бағасына мемлекеттік реттеу қажеттігін Бәсекелестікті қорғау агенттігі айтып, бастама көтеріпті. Осыған түсініктеме берген Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов Денсаулық сақтау министрлігінің мұны толығымен мақұлдайтындығын мәлімдеді. Ол бұл реттеудің «әсіресе, зейнеткерлер мен балаларда күн сайынғы сұранысқа ие өмірлік маңызды дәрі-дәрмектерге» қатысты керектігін нықтады. Кейбір дәріханалардың дәрі-дәрмектерге тіпті 400 пайыздық үстеме қосатындығын кезінде Елбасы сынға алғаны бар.
– Бұл факторды зерттеген кезде, әрдайым кез келген фармкомпанияның, дәріхананың дәріні өз құнынан әлденеше есе қымбатқа сататындығы анықталады, – дей келе, вице-министр әлгі Агенттікпен бірлесіп, өздерінің нормативтік-құқықтық актіні әзірлегендерін қосты. Бүкіл Қазақстан бойынша кейбір дәрілерге шекті баға белгіленбек. Ерік Байжүнісов әу баста бұл ұсынысты министрліктің бұйырығы және Үкіметтің қаулысы арқылы өткізуді жоспарлап отырғандарын, ал болашақта бұл норма «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске түзету түрінде бекітілетіндігін мәлім етті. Кодекске өзгеріс маусым айында-ақ Мәжілісте қарала бастайтын көрінеді. Яғни вице-министрдің мәлімдеуінше, дәрі бағасын мемлекеттік реттеу биылғы жылдан бастау алады. VI Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция, Премьер С.Ахметовтың, сондай-ақ форумның кілең аты мен атағы әлемге танымал, мәртебелі қонақтарының қатысуымен өткен «Көшбасшылар диалогы: G-global форматында теңгерілген экономикалық өсімді қамтамасыз ету» атты бірлескен жиынмен тамамдалды.