АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

САНАСЫН СЕКТА УЛАҒАН АУЫЛ НЕМЕСЕ АДАСҚАН «АНАСТАСИЯЛЫҚТАР»

волкМамыр мейрамы қарсаңында сапарға шықтық. Бағытымыз – «Сектанттар ауылы» атанып кеткен Зеленов ауданының М­акаров ауылы аумағындағы «Ведрух» экоауылы. Экоауылдың басшысы Зинаида Мұқановамен алдын ала келісіп алғанбыз. Қасымда Зеленов аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Талшынай Орынғалиқызы, Макаров ауылының әкімі Нәсіпқали Қуанышев бар. Өздерін Руслан және Тимур деп таныстырған екі орыс жігіті қарсы алды.

«Ведрухтың» дүбірі

Одан ары олар «Ведрух» ауылының кеңсесіне бас­тап барды. Мына қызықты қараңыз, біз тойдың үстінен түсіппіз.
– Осы ауылда дүниеге келген Любамира есімді қызымыз 7 жасқа толып жатыр. Бұл күн сіз бен бізге қуат алмасу күні болды, – деді құттықтау лебіз айтқан Зинаида Төлеуқызы  — Бұл бала бізге өте қымбат, себебі ол – біздің жаңа ұрпақтың өкілі.
Любамираны бәрі жаппай құттықтады және әркім өз лебізінен соң би билеп берді… Сырт көзге «қағанағы қарық, сағанағы сарық» көрінетін бұл ауыл тұрғындары шынында да, ресейлік жазушы әрі кәсіпкер Владимир Мегренің «Ресейдің сыңғырлаған балқарағайы» (Звенящие кедры России) атты кітабының кейіпкері Анастасияның жолын ұстанушылар екен. Бүгінде 33 үй салынып, жарық, су тартылған, арасы екі-ақ шақырым Мирный ауылына төбесі көрініп тұрған елді мекеннің бой көтергеніне 11 жыл болған.
Біз Зеленов ауданы әкімінің шешімімен берілген қаулының көшірмесі қолымызға тигенше «Жерді егін егеміз деген сылтаумен алған болар» деп үміттеніп едік. Олай болмай шықты. Зеленов ауданы жер қатынастары бөлімінің берген анықтамасында «Зеленов ауданы әкімдігінің 2001 жылғы 12 қазандағы №172 қаулысы негізінде «САЙ-ЦЕНТР» қоғамдық қорына Макаров ауылдық округі аумағынан уақытша, ұзақ мерзімге, 49 жылға 150 гектар тыңайған жерлерден экоауыл құру үшін берілді»  деп көрсетілген. Және ол мақсат орындалған да. Бүгінде «Ведрух» ауылында 33 үй салынған. Жалпы саны 65 отбасының 23-і аталмыш ауылда тұрып жатыр. Соның 6-уынан басқасы өзіміздің қандастарымыз… «Ауылда 7 баламыз бар, оның үлкені тоғыз жаста, Макаров ауылының мектебінде оқиды. (Бірақ соңынан білдік, ол бала көлік, жол қатынасына байланысты сабаққа көбіне бармайды екен – Ұ.С.) Өзіміздің мектеп салынулы тұр, арамызда мұғалімдер көп. Қалада тұратын мүшелеріміздің дені – мұғалімдер мен дәрігерлер, есепші, экономистер. Олар әр сенбі күндері осында жиналады», – дейді Зинаида апамыз. Көкөніс өсіретін жылыжайлары, есік-терезе жасайтын цехтары, әр үйдің өз бақшасы бар. Адамдары арақ ішпейді, темекі тартпайды, былапыт сөз айтпайды. Мұнда тұратындардың дені – әйелдер. «Олардың кейбірі ажырасқан, ал көбінің күйеулері Оралда тұрады», – дейді басшы. Күйеулерін тастап кетіп қалған ба, бұл жағы бізге жұмбақ… Олар осы ауылдан ұзап ешқайда шықпайды, жұмыс істемейді, көбі зейнет жасына жеткен жоқ. 2001 жылы жерді аларда «Бізге жерді берсеңіз болды, су да, жарық та қажет емес» деген «ведрухтықтар» бүгінде құдық қазып, мұнара тұрғызған, Мирный ауылынан жерасты кабелімен жарық тартып алған. Енді көгілдір отын жеткізу үшін еңбектенуде.
Қатарымызға алғаш қосылғандар 20 мың теңге жарна төлейді. Сосын ортақ мақсатқа жыл сайын 10 мың теңгеден жинаймыз. Ал Ресейде ұйымға кіргенде 1,5 мың, жыл сайын 1 мың доллардан жинайды. Біздің ауылымызды көруге Мәскеуден адамдар келгісі келеді, – дейді Зинаида Төлеуқызы.
Олар Мирный ауылы арқылы көгілдір отын тартуға дайындалуда. Оған Макаро­в ауылдық округінің әкімі Нәсіпқали Қуанышев көмектесуде. Газ тарту үшін «Ведрухтағы» 33 үй басын Мирный ауылының тізіміне қосып жазған әкім олар туралы: «Қанша барсаң да, бәйек болып, дастарқан жайып, қарсы алады», – дейді…  Ауыл неге «Ведрух» деп аталған десек, экоауыл тұрғындарының түсінігінше, В.Мегренің кейіпкері Анастасия ведрухтар әулетінен екен.

«Анастасия­лықтар». Бұлар кімдер?

«Анастасия» қозғалысы Қазақстанға Ресейден келген. Ол «Нью эйдж» қозғалысымен тең дәрежеде екен. Енді бұл туралы мамандар не дейді? Ғаламтордағы «Жалған ілімнің құпиясы» (Тайна ложных учений) фильмінде Ресейдің сектаға қарсы қозғалыс басшыларының бірі, Свято-Тихонов гуманитарлық университетінің сектатану кафедрасының меңгерушісі Александр Дворкин былай дейді: «Мен бүгін Анастасия сектасы туралы айтпақпын. Оны «Ресейдің сыңғырлаған балқарағайы» (Звенящие кедры России) – деп те атайды. «Анастасия» – сібірлік кәсіпкер Владимир Пузаковтың ойлап тапқан бизнес бағдар­ламасы. Новосібір қаласында суретке түсірумен айналысқан ол қайта құру кезінде қолға алған ісі оңбай, қарызға белшесінен батқан. Мәскеуге қашып келген Пузаков әйелінің Мегре деген тегіне көшіп, «Ресейдің сыңғыр­лаған балқара­ғайы» (Звенящие кедры России) атты сериялы кітаптар жазды. Оның ойлап тапқан қасиетті Анастасиясы – тайганың түкпірінде табиғат аясында қысы-жазы іш көйлекпен жүретін, ақтиін оған тамақ тасып, құстар сайрап, көңілін көтерген, қысқасы, бойындағы сәулемен адамдарды алыстан-ақ емдей беретін қасиеттің иесі. Кітапта Анастасия екеуі тайгада кездесіп, бір-біріне ғашық болып, Анастасия одан бала туады. Шындығында, Мегре өмірінде тайгаға бармаған және онда ол айтқандай, 35 метрлік балқарағай ағашы жоқ, құлауға әзір тұрған тундраның ержегейлі ағаштары бар. Осындай өтірікке адамдардың қалай сенетініне түсінбеймін.«Анастасиялықтар» балқарағайға табынып, мойнына тағып жүреді. Пузаков-Мегреге кедрден жасалған тауарлардан түскен ақша аздық етті. Ол енді адамдарға қаладағы үйлерін сатып, Анастасия сияқты қоғамнан бөлініп, табиғат аясында өмір сүруді ұсынды. Міне, сөйтіп, оның бизнес бағдарламасы өтірікке сеніп, адасқан адамдар есебінен гүлденіп шыға келді».
Біз мақала дайындалып жатқанда Орал және  Ақтөбе архиепископы Антонийге хабарласып, «Ведрух» ауылы тұрғын­дарына деген көзқарасын сұраған едік. Жоғары дәрежелі діндар: «Бұлар – сектанттар. Біз шіркеуге келушілерге «Секталарға бармаңдар, Құдайдың үйіне келіңдер» деп уағыз айтамыз. Президент Н.Назарбаев әр ұлттың діни ұстанымына зор сыйластықпен қарайды. Астанада, басқа да қалаларда шіркеулер салынуда. Біз Қазақстанда тұратын қандастары­мыздың діни наным-сенімінің заң шеңберінен шықпауын қалаймыз. Ар азаттығын кім қалай пайдаланады, ол өзінің ішкі дүниесі. Біз олардың сектанттар екенін ғана білеміз және халайықты олардан аулақ жүруге үндейміз», – дейді.
«Анастасия» қозғалысы туралы ғалымдар, жат ағымды зерттеуші мамандар, дін иелері көп айтпайды. Новосібір, Нижний Новгород, Екатеринбург қалаларында өткен Православ шіркеулерінің діни конференцияларына қатысушылар «Анастасия» қозғалысын «аса қауіпті және жаңа көне (неоязычная)  тоталитарлық секта» деп бірауыздан баға берген (torontovka  com).

Мегремен кездесу

– Мегремен Ресейде өткен конференцияда танысуға мүмкіндік болды. Оны көріп шаттандық. Кездесудің бәрі Мәскеуде, Ресей қалаларында өтеді. Ресейде 2 мыңға жуық, Англияда 1800 экоауыл бар, – дейді Зинаида Төлеуқызы.
Мына қызықты қараңыз, Мегренің кітаптарындағы Анастасияның суреті 1980 жылдардағы Голливуд жұлдызы Кэтлин Тернердің суреті екен. (Сайт «Анастасия – это Я…»)  Өзінің айтуынша, ғарыштан келген поэзияның иесі, экстрасенс Ольга Гузь «Мегренің кітабындағы Анастасия – менмін» деп жариялады. (http://iriney.ru). Сонда отбасын тастап адасып жүргендер кімге табынып жүр? Жалпы, айналып келгенде, затқа не адамға табыну Аллаға серік қосу саналады. Бұл кешірілмес зор күнә емес пе?
Зинаида Төлеуқызының жасы 75-те. Кеңес Одағы кезінде лауазымды қызметтерде болған. Біз апамызбен оңаша әңгімелеспек болып, кеңсенің бос бөлмесіне келгенбіз. Онда үнділік Сатия Саи Бабаның суреті ілулі тұр екен. «Саи Бабаның Анастасияға қандай қатысы бар?» – деп сұрадым апамыздан. «Өткен өмірінде мұсылманның бір әулиесі болған Саи Баба да әулие. Мен Үнді еліне әдейі барып, ол кісіні көрдім», – дейді ол. Зинаида Төлеуқызы мұсылманның бес парызының бірі – қажыға барған. Бірақ Алланың үйі – мешітке бармайды. Оған айтар өз уәжі бар.

Сатия Саи Баба кім?

Саи Баба (шын есімі – Сатия Нараяна Раджу) өмірге 1926 жылы Үндістанда келген. 1940 жылдары ол өзін «тірі Құдаймын» деп жариялаған.  Ол аузынан алтын бұйымдарын, сағат (зауыт нөмірі бар…), әшекейлер шығарып, суды мұнайға айналдырған, адамның ойын оқып, табиғат апатын тоқтатып, өлгенді тірілткен дейді-мыс. Оның артынан 115 елден 500 миллион адам еріп, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары оған сенген нөпір халық Солтүстік Америка мен Батыс Еуропаны жауып кеткен.  Әулие өзін 2022 жылы өлемін деп жариялаған. Бірақ ол шатасып кетіп, 2011 жылы 24 сәуірде 85 жасында өмірден озды. Оның есімі әулие деген атқа лайықсыз дау-дамайға толы. Соңғы жылдары оның жолын ұстанушы отбасылар ритуалды өлімге бой ұруда. 2010 жылы Ұлыбританияның Глазго қаласындағы бір отбасы мүшелері түгелдей 15 қабат үйден секіріп өлген… (www.k-istine.ru). Әйгілі пианист Дэвид Бейли: «Бұл сектаның адамдарға әкелер зияны орасан» деп, олардан қол үзген. Әлем бойынша Саи Бабадан көңілі қалған халықтың есебі жоқ және олардың көбі – атақты адамдар. Саи Бабаның пайдасына шешілген талай атышулы сот отырыстары да өткен.  «Үнді үкіметі Саи Бабаны түрмеге қамаса, туристер арқылы ел экономикасына орасан пайда әкеліп отырған қаржыдан айырылар еді», – дейді мамандар. Қысқасы, талайды көрсоқыр етіп, өзіне табындарған әулие туралы білгіңіз келсе, ғаламтордан «Саи Баба», «Обвинения в сексуальных домогательствах» деп іздесеңіз, төбе шашыңыздың тік тұрары анық…

Қағынан безінген

Зинаида апамыздан: – Үй салуға рұқсатыңыз жоқ болса да, ауылда құрылыс қарқын алыпты. Жалға алған уақыт біткен соң Үкімет жерді босат десе, не істейсіз? – деп сұрадым.
– Не істейміз, кетеміз-дағы, – деп күлімсірейді ол.
– Адамдар мұнда қандай жолмен, кім арқылы келеді? – деп сұрадым
– Біреуден біреуі естіп келеді. Көбінің үй-жайы жоқ, жағдайлары нашар, – дейді Зинаида Төлеуқызы. Бірақ ұйымға тартылып, отбасынан безіп кеткен мына қыздың жағдайы, тіпті жақсы болған. Себебі ол не ішем, не кием демеген, ата-анасының жалғыз қызы.
«Жайық» деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығы былай дейді: ««САЙ-ЦЕНТР» қоғамдық қорынан зардап шеккен Орал қаласының С. есімді азаматшасы (ол кезде студент болған) аталмыш орталықтан психологиялық көмек алып жүрген. Арада 6 ай өткенде әке-шешесімен ортақ келісімге келуден қалған. Ұрыс-керіс салдарынан Ақтөбе қаласына қоныс аударып кеткен. Ата-анасының айтуынша, Ақтөбеде экоауылда бірге болған танысы бар. Ата-анасы қызды бірнеше рет психологқа апарса да, түсінісе алмаған. Қыз барлық байланыс және ақпарат беретін құралдарынан алшақтап, өз ортасынан безінген. Оның түсінігінше, біз өмір сүріп отырған қоғам – дұрыс қоғам емес. «Бәрі де алдамшы дүниелер. Ал кейбір біздің бауырларымыз сол алдамшы, бұрыс қоғамның әрі қарай дамуына қызмет жасап отыр», – дейді әлгі қызымыз.

Психологтың сараптамасы

«Ведрух» экоауылы туралы «Жайық» деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығының психологы былай деп сараптама жасаған: «Ведрух» ауылының тұрғындары – Анастасияның жер бетінде жұмақ орнату ұстанымын және Сатия Саи Бабаның жолын ұстанушылар. Олар өздерін секта емес, дүние жүзіндегі ең дұрыс жолды таңдадық деп есептейді.  Олар өз басшысына бағынады және оның бірде-бір сөзі мен ісіне күдік келтірмейді. Ішкі ақпарат сыртқа шығарылмайды. Бәріне жалпы гипноз қолданылмайды, санаға әсер ететін басқа психологиялық тәсілдер, сананы теріс бағыттау орын алған. Сананы жаңылыстыру арқылы олардың өмірін қатал бақылау, басқа да әдістер арқылы олардың құқықтарын бұзу орын алған. Олардың ұсақ-түйекке дейін қалыптасқан өз менталитеті бар. Басшы олардың бірге өмір сүруі мен тек қана бір-бірімен қарым-қатынас жасауын бағалап, сый жасап отырады. Топ және оның басшысына деген күдікті тұншықтыру мақсатында сананы көмескілендіретін әдістер қолданылады. Олар – мантр жасау, медитация, тиісті ырғақ пен мінезге бағынған әндер орындау. Топтың мақсатына жатпайтын кітапты оқуға, теледидар қарауға, радио тыңдауға, жалпыға ортақ әндерді салуға, қонаққа баруға тыйым салынған. Топ мүшелері отбасынан, туыстары мен достарынан қол үзіп, өмірдің, жеке басының мақсатынан бас тартқан. Балалар балабақша, мектепте тәрбиеленіп, ауруханада ем алу құқығынан айырылған. Олар далалық қиын жағдайда өмір сүруде».

Бір ауыз сөз

Жақын­да «Ведрух» ауылы тұрғын­дары «экоауыл құрамын» деп жүрген Әлия Нұрсұлтан­қызына  хат жазыпты. Аталмыш хатта олар өздері­нің жат ағымдық өмірлерін тұмша­лап, көрсет­пеген.  Ауыл басшысы «қатарымыз­да мұғалімдер мен балабақша тәрбиешілері, дәрігерлер көп, олар мұнда демалыс күндері келеді» дейді. Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы­ның құлағына алтын сырға… Ұйымның қатарын көбейтуге кімдердің көмектесіп жүргені осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па?

Ұлдай САРИЕВА, журналист,
Батыс Қазақстан облысы
(арнайы «Жас қазақ» үшін)

Жамал  ИХСАНОВА,  
БҚО Ішкі саясат басқармасының үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялармен жұмыс бөлімінің бастығы: 

– Облыста ресми түрде «САЙ-ЦЕНТР» қоғамдық қоры, оның ішінде «Ведрух» қоғамдық бірлестігі тіркеліп отыр. Олар – В.Мегренің «Ресейдің сыңғырлаған балқарағайы» (Звенящие кедры России) кітабының кейіпкері Анастасияның ұстанынымен өмір сүрушілер. Бұлар – бүгінгі қоғамға риза емес адамдар.
Емші ретінде лицензиясы бар Зинаида Мұқанова алдына келген адамдарды емдеу арқылы сол қоғамдық ұйымға тартып отыр. Емшінің өзі қалада тұрады, далаға анда-санда барып қайтады. Ал өмір сүру үшін ешқандай жағдай жоқ «Ведрух» ауылында тұрып жатқан адамдар соған беріліп, қара жұмысын істеуде.
Сара Назарбаеваның суға шомылып, денсаулықты нығайтуға халықты үндегені белгілі. Сол жылдарда З.Мұқанова Сара апамыз өткізген бір жиналысқа өзі ізденіп барып қатысқан. Кез келген конференцияда қатысушылардың бәріне кітап береді. Сол кітапты әкеліп, «Міне, мынаны маған Сара Назарбаева берді» деп, сол суға түсуді ұстап алып, өздеріне әкеліп қосып, Сара Назарбаеаваның атын жамылып, өздерінің көлеңкелі істерін бүркемелеп жүр.

http://jasqazaq.kz