АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Семейде аяқкиім фабрикасы салынып жатыр

обубьСемей. 12 маусым. Baq.kz Семейге Түркияның аяқкиім фабрикаларының бір топ өкілдері келіп, аталмыш саланың Қазақстанда дамуына үлес қосатындықтарын тілге тиек етті. Аяқкиім фабрикасының құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде. Келер жылдың алғашқы айында монтаждау жұмыстары тәмамдалып, комбинат жұмысын бастамақ, деп хабарлайдыАltaynews.kz тілшісі.

Қаладағы «Тері-былғары комбинаты» ЖШС бас директоры Жұмағазы Рахымғалиевтің айтуынша, Семейде аяқкиім өндірісін дамытуға толық жағдай бар. Ол үшін қалада аяқкиім фабрикасының құрылысын бастап, тері-былғары комбинатын толықтай жөндеуден өткізу керек.

Кездесу барысында «Hollyctre ltd» компаниясының өкілі Селахаттин Чалик-тің мәлімдегеніндей, түрік инвесторлары бұған 100 млн. доллар инвестиция салуға әзір. Жоба 10 жылға арналған. Бұл жоба бойынша алғашқы кезеңінде тері-былғары комбинатын жаңғыртуға байланысты шаралар Қазақстанның даму және қайта құру банкімен бірге атқарылған.

2011 жылы негізгі цех толық жөндеуден өтті. Кәсіпорынның қаржы жөніндегі директоры Нұрлан Шаяхметовтің айтуынша, теріні соңғы сатыда өңдеу цехын жөндеу түрік әріптестермен бірге атқарылмақ.

– Екінші сатыда тері зауытын қайта құрып, жаңғырту шаруасы жүргізіледі, – деді Н.Шаяхметов, – жоспар бойынша жылына 2 млн. аяқкиім шығарамыз. Біз түрлі қызмет, мекемелерге арналған аяқкиімдерді ғана емес, ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған сәнді үлгідегі сапалы теріден жасалған аяқкиімдер шығармақпыз. Бағасы да шетелдікіндей емес, арзан болмақ. Сапалары орта, ортадан жоғары және жоғары деп бөлінетін болады. Ал мына келіп отырған түрік ағайындардың ниеті заманауи технологиялық жабдықпен қамтамасыз ету. Бізде еліміз бойынша ең заманауи әрі ірі аяқкиім фабрикасы жұмыс істейтін болады.

Түрік инвесторлары «Desma» деп аталатын Германия елінің компаниясымен келіссөздер жүргізді, заманауи технологияның басым бөлігін неміс ағайындар жеткізіп береді.

Келер жылы тері-былғары, тондарды илеп, қалыпқа келтіретін, сәндеп шығаратын инвесторлармен жұмыс басталмақ. Аяқкиім фабрикасының құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде. Келер жылдың алғашқы айында монтаждау жұмыстары тәмамдалып, комбинат жұмысын бастамақ. Тері-былғары комбинаты қасындағы қосалқы тері зауытының жұмысы да 2017 жылы басталмақ. Бұл қала бойынша 850 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ол үшін әрине инвесторларды тарту керек.

Раушан Нұғманбекова

 

http://www.baq.kz