Қарағанды облысының Балқаш қаласында кеше граниттен жасалатын қаптама плиталар мен өзге де бұйымдар өндіретін «Недра-Балқаш» ЖШС-ы іске қосылды. Бұл туралы облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы хабарлап отыр.
Астананың 15 жылдығы қарсаңында Қазақстанның барлық облыстарында Еліміздің индустриялдық апталығы өткізіліп жатқаны белгілі. Балқаштағы жаңа кәсіпорынның тұсауы осы шара аясында кесіліп отыр.
«Балқашта граниттен жасалатын қаптама плиталар мен өзге де бұйымдар өндіретін «Недра-Балқаш» ЖШС-і іске қосылды. Жобаның құны – 80 млн теңге. Кәсіпорын қырлы тастар мен жиектастарды өндіретін болады», — деді облыстық Кәсіпкерлік пен өнеркәсіп басқармасы өкілі.
Жоба бойынша кәсіпорында жылына 3 мың текше метр бұйым шығарылмақшы. Мұндай деңгейге кәсіпорын келесі жылдың өзінде жетуді көздеп отыр.
Онда Тектұрмас гранит кенінің табиғи шикізаты қолданылады. «Кәсіпорын бұйымдарды шығару үшін гранит өңдеудің жаңа технологияларын енгізді. Бұл импортты алмастыратын өндіріс, өйткені мұндай өнім қазір негізінен Қытай мен ТМД елдерінен әкелінеді», — деп жалғастырды облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасындағылар.
Кәсіпорынның өнімдері моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша құрылыс нысандарын абаттандыруға қолданылады деп жоспарлануда.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, жаңа өндіріс орны 40 адамға жұмыс ұсынбақшы.
Қ.Жұмағалиұлы