АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Жезқазған зауытының жұмысшылары жұмыссыз қалмайды

заводҚарағанды облысының Жезқазған қаласындағы зауыттың жұмысы уақытша тоқтатылғанымен, ұжым мүшелері жұмыссыз қалмайды. Олардың бір бөлігі зауытты қайта құрылымдау жұмысымен шұғылданса, бір бөлігі Балқаштағы зауытқа ауыстырылады. Олардың жалақысы да қысқартылмайды. Бүгін бұл мәселе Үкімет басшысының тапсырмасымен құрылған арнайы жұмыс тобының Жезқазған өңіріне сапары кезінде талқыланып, жоғарыдағыдай шешімдер жасалды.

Бұған дейін хабарланғанындай, Жезқазған мыс қорыту зауыты биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап қайта құрылымдау, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін өндірісті тоқтатады. Осы хабар шыққалы зауыт жұмысшыларының ұйқысы қашқан. Әрине зауытқа иелік етіп отырған «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның «ешкім де далада қалмайды» деген мәлімдемесін естігенімен, көпшіліктің көкейіндегі күдік сейіле қоймаған.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған арнайы жұмыс тобы бүгін Жезқазған қаласына жұмыс сапарымен барып, Жезқазған мыс қорыту зауыты өндірістік цехының жұмысшыларымен, сондай-ақ өңір белсенділерімен кездесті.

Кездесу барысында Жезқазған аймағын дамыту мәселелері, оның ішінде Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтпаев және Ұлытау қалаларын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2017 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Кешенді жоспар шеңберінде өңірде минералдық-шикізаттық базаны кеңейту, индустриалды-инновациялық дамыту, тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту және т.б. бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі.

Оның үстіне, бірінші вице-премьердің басшылығымен ҚР Премьер-министрінің жарлығы бойынша құрылған өңірдің проблемалық мәселелерін шешу жөнінде жұмыс тобының отырысы болып өтті. Отырыста, атап айтқанда, «Қазақмыс» компаниясының қызметіне байланысты мәселелер қарастырылды. Бақытжан Сағынтаев кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының кепілі болып табылатынына тоқталды.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Эдуард Огай, өз кезегінде, зауытты қайта құруда «Қазақмыста» жұмысшыларды қысқарту жоспарланбайтынын атап көрсетті. Барлық негізгі және қосалқы жұмысшылар зауытты қайта кұрастыру жұмысына тартылатын болады. Сонымен қатар, «Қазақмыс» қайта құрылымдау кезеңінде әрбір қызметкердің жалақысын 100% көлемінде сақтап қалуды және төлеуді өзіне міндет етіп алады.

Аталған жиында анықталған тағы бір мәселе — құрамына орталық мемлекеттік органдардың, облыс әкімдігінің өкілдері, сонымен қатар тау-кен металлургия саласының мамандары енген жұмыс тобы өз жұмысының қорытындысы бойынша ҚР Үкіметіне тиісті ұсыныстарды енгізетін болды.

Сонымен, Жезқазған зауыты жұмысшыларының алаңдауына еш негіз жоқ. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, зауыт қайта құрылымдауға тоқтатылған мезгілде ешқандай қысқарту болмайды. Барлық жұмыс орындары сақталып, жұмысшылар бүгінгі алып отырған жалақыларын келешекте де 100 пайыз көлемінде алатын болады.

Компания баспасөз қызметінің мәліметтерінше, «Қазақмыс» ЖМБЗ шамамен 1 қыркүйектен бастап, қажет техникалық процедуралар аяқталған соң, қайта құрылымдау жұмыстарына кіріседі.

Компания мыс балқыту қуатының келешегіне жүргізген зерттеулер нәтижесіне қарағанда зауытта қазіргі қолданылып жүрген электрмен балқыту технологиясы (кенді-термикалық пеш) Жезқазған кеніштерінің концентратына есептелген. Ол 2015 жылдан бастап пайдалануға тапсырылатын Бозшакөл мен өндірісті кеңейту жөніндегі басқа кеніштердің концентратына есептелмеген көрінеді.

Қайта құрылымдау жұмысында Жезқазған кенішінің баланстан тыс қорлары мен Бозшакөл концентратын өндіріске енгізу үшін жаңа технология пысықталмақшы. Бозшакөл кенішінен жылына 100 мың тонна мыс концентраты өндірілмекші. Зауыт жұмысының тоқтатылуы зауыт өнімін тұтынушыларға зиян келтірмейді. «Қазақмыс» ағымдағы жылы барлық келісімшарт міндеттерін орындайды, деп сендіруде компания басшылығы.

Қ.Жұмағалиұлы

Қарағанды