АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қарағандыда полипропилен құбыр шығаратын жаңа желі іске қосылды

КараганАстананың 15 жылдығы қарсаңында жарияланған Индустриалияландыру апталығы аясында Қарағанды облысында кезекті жоба бастау алды. Ол — «ҚазПласт» ЖШС-ның жаңа желісі.

 — Компания кәсіпорынды дамытып, жаңғырту жұмыстарын қолға алуда. Осының арқасында бүгін міне гофрлық полипропилен құбырдың бірнеше түрін шығаратын жаңа желі іске қосылып отыр, — деді Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев тұсаукесер рәсімінде.

Жаңа желінің елорданың 15 жылдық тойына тарту іспетті болғанына тоқталған аймақ басшысы:

— Астанадағы құрылыс бүгінгі күні де қарқынын азайтқан жоқ. Осы орайда біздің кәсіпорынның өніміне сұраныс боларына сенімдімін,-деді.

Кәсіпорынның гофрлық полипропилен құбыр шығаратын жаңа желісінің құрлысы 2012 жылы басталған болатын. Жоба құны — 1,5 млрд теңге. Өндіріс орны жобаланған қуаттылығына ие болған кезде жылына 5200 тонна өнім өндірмекші.
Желі Еуропаның «Unicor», «Krauss Maffei», «IPM», «LRS Planung & Technologie» және басқа да құралдарымен жабдықталған. Жоғары сапалы жаңа генерацияланған полипропиленнен жасалған және еуропалық стандарттарға сай құбыр қос қабаттан тұрады. Қолдануға аса ыңғайлы, иілгіш болып келеді. ТМД елдерінде әзірше оның баламасы жоқ көрінеді.  Сумен жабдықтау, кәріз жүйелеріне қажетті таптырмас бұндай құбырлар 50 жылға дейін сыр бермейді, деп отыр мамандар.

Айтпақшы, жаңа өндіріс орнының ашылуы 36 адамға жұмыс тауып беріп отыр.

Қ.Жұмағалиұлы

Қарағанды