Астана. 18 шілде. Baq.kz – 2013 жылдың күзінде «Қазақстан» телеарнасының эфиріне жаңа «Олимпиадашылар» сериалы шығады. Фильмде үш спортшы жігіт – Илья, Саша және Серіктің өмірі жайлы айтылады. Бұл туралы жобаның бас продюсері Питер Берман мәлімдеді.
Басты кейіпкерлердің прототиптері олимпиада чемпиондары Илья Ильин, Александр Винокуров және Серік Сәпиев. Алайда фильмде спортсмендердің тектері басқаша айтылып, аттары ғана өзгермейді. Сюжет бойынша, барлық кейіпкерлер спорт интернатының шәкірттері болады.
Фильмде Винокуровтың (фильмдегі тегі Виноградов) бала күніндегі ең алғашқы веложарыста қалай жеңіске жеткені көрсетіледі. Серік Сәпиевтің ойдан шығарылған тарихында болашақ чемпион көшеде балалармен төбелесіп жүріп, жарақат алады. Сол жарақаттан мүгедек болып қалады. Аяққа тұруына әжесі көмектеседі. Продюсердің айтуынша, көп сериялы фильмнің 70 пайызы спортшының өмірінен алынған. Фильмнің сценариін Питер Берман, Оксана Бондаренко және Мария Шеремет жазған.
Боксшыны «Жаужүрек мың бала» тарихи драмасында Таймастың рөлінде ойнаған жас актер Аян Өтепберген сомдайды. Ауыр атлет Илья Ильиннің рөлінде ауыр атлетикадан Азия жүлдегері Сергей Селишев, ал Александр Винокуровтың рөлін неміс театрының актері Филипп Волошин сомдаған.
«Барлық актерлеріміз өз рөлдерін жоғары деңгейде ойнады. Олардың әртістігін айтпағанда, спортқа да өте бейім болып шықты», — дейді продюсер.
Жобаны бастардың алдында команда Джеки Чанмен келіссөздер жүргізген. Алайда, бюджет шектеулі болғандықтан, Қытай спортшысы фильмге қатыспайтын болды.