Алаштың асқақ мәртебесіндей, шыңдары аспанмен таласқан асқар Алатаудың баурайында орналасқан Талғар ауданындағы «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде Алматы облысының Жамбыл, Қарасай, Талғар аудандарының Мәдениет күні болып өтті.
Аты Мәдениет күні болғанымен, облыстың іргелі аудандарының әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін толық қамтитын ауқымды шара «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов бастаған үш ауданның әкімі, ардагерлер мен құрметті қонақтардың қазақтың аты аңызға айналған қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды.
М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің клубында облыс әкімінің орынбасары Жамбыл, Қарасай, Талғар аудандарынан келген делегация мүшелерімен кездесіп, тараптар бір-біріне естелік сыйлықтар тапсырды. Сөзге шыққан шешендер аудандарының жетістіктері, осындай шаралардың елге берері жайында айтып, ұсыныс-тілектерімен бөлісті.
– Жер жәннаты – Жетісу өлкесі – қай заманда да өнер қонып, бақ дарыған өңір. Ал өнер көзі – халық. Сондықтан әрдайым осыны ескеріп, барынша қамқорлық жасауымыз қажет. Бүгінгі Мәдениет күнін өткізіп отырған үш аудан да облыс экономикасын дамытуға өз үлестерін қосып келеді. Осы кездесуге үш ауданнан өсер ұрпаққа өнеге болатын аталарымыз бен апаларымыз, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау және басқа да салалардың озат қызметкерлері жиналып отыр. Мәдениет күні шеңберінде аудандар арасында спорт түрлерінен жолдастық жарыстар, ақын-жазушылармен кездесулер, қайырымдылық шаралары өтіп жатыр. Өйткені халықты салауаттылық пен мәдениетке баулып, рухани байлыққа кенелтетін осындай шарапатты шаралардың маңызы зор. Олай дейтініміз, бұл шаралар бірі-бірімізбен жүздесуге, елді мекендердің өзекті мәселелерін айқындауға, сонымен қатар болашаққа қызмет ететін түйінді өңірлік проблемалар жайлы пікір алысып, оларды бірлесіп шешуге мол мүмкіндіктер береді. «Бірлігі күшті ел азбайды» дегендей, атқарып жатқан игі істеріңізге сәттілік тілей отырып, ынтымағымыз мықты, өнеріміздің өресі биік, айдыны кең болып, еліміздің рухани байлығы сарқылмасын демекпін, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов.
«Алпыстан асқаннан ақыл сұра» дегендей, бұдан соң әр ауданнан бір-бір ақсақал сөз алып, өз ойлары мен ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Жамбыл ауданының құрметті азаматы, «Күрті» жеке шаруа қожалығының төрағасы Советбек Еркімбайұлы «Мәдениеті өскен ел – өркениетке көшкен ел» дегендей, осындай Мәдениет күндерін өткізу халықтың рухани өміріне, мәдениетінің дамуына ықпал ететін үлкен шара екенін айтты. «Өйткені ол өнерпаздардың шеберліктерін шыңдап, өнер ұжымдары мен жеке орындаушылардың деңгейін өсіреді» деді.
Талғар ауданының Құрметті азаматы, ақын Мұса Жанәділов: «Қазақстан – бүгінде жарқын болашаққа бой түзеген Ұлы көш. Сол Ұлы көштің қатарында біздің Алматы облысы алдыңғы сапта келе жатыр. Ал қазақтың мерейіне айналған, ән-жырына арқау болған Алатаудың етегін қатар қоныстанған Жамбыл, Қарасай, Талғар аудандарына келетін болсақ, олардың облыстың ортақ табысына қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз, тарихы тереңде жатқан аудандар. Жамбыл ауданы – ежелден ақындар мен батырлар ауылы атанса, Қарасай – Елбасымыздың туып-өскен жері. Біздің Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз десек те болады. Ал Талғар ауданына келсек, ол – ел тәуелсіздігін аңсап туған Алаштың қайсар ұлдарының бірі – Тұрар Рысқұловтың ауылы. Ата-бабаларымыздан «Тарықсаң – Талғарға бар!» деген сөз қалыпты. Демек, бұл – жері құнарлы, елі шырайлы мекен деген сөз. Міне, сол үш аудан бірігіп, Мәдениет күндерін өткізіп отыр, құтты болсын! Өнер, табыс бір-бірлеріңе жұғысты болсын!» деп, ой-тілегін кәдуілгі шешендерше төгілтті.
Қарасай ауданының атынан сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметі азаматы Сайлаубек Қасембайұлы: «Кез келген халықты, мемлекетті әлемге танытатын оның әлеуметтік-экономикалық салалардағы табыстары ғана емес, сонымен бірге өнері, әдебиеті мен мәдениеті. Бүгінгі өткізіліп жатқан Мәдениет күні – үлкен саяси, мәдени шара. Өйткені ол көпұлтты халқымыздың ынтымақ-бірлігінің, өзара сыйластығының артуына қызмет етеді. Бізде елімізде жасайтын барлық ұлттардың салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін дамытуға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Егер мәдениетіміз дамыса сыйластығымыз, ынтымағымыз артады. Ал ынтымақ артса, ырыс молаяды» деген аталы сөзін айтты.
Иә, ата-бабаларымыздан «ырыс алды – ынтымақ» деген дана тұжырым қалған. Мәдениет күні шеңберінде ұйымдастырылған «Алатау» шаңғы-биатлон кешеніндегі Жамбыл, Қарасай, Талғар аудандарының әлеуметтік-экономикалық, инновациялық жетістіктері және қолөнер, қылқалам шеберлері туындыларының көрмелерін, ұлттық мәдени орталықтар мен жеке орындаушылар, сондай-ақ өнер ұжымдарының үлкен концерттік бағдарламасын тамашалаған жұртшылық бұған тағы бір рет көз жеткізгендей
Қонысбаев Құтмағамбет
http://www.aikyn.kz/articles/view/26572