АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

РЕСЕЙ ТӘЖІКТЕРДІ ҚАРУЛАНДЫРМАҚ

таджикстанРесей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу арнайы бағдарлама бойынша Тәжікстан әскерін қайта қаруландыруға 200 млн доллар беретіндігін мәлімдеді. Ол қаржының бір бөлігі жөндеу жұмыстарына, қалғаны қару-жарақты жаңартуға жұмсалмақ.
Осы аптада Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонов Ресейге ресми сапармен барып, Владимир Путинмен кездесті. Олардың арасындағы негізгі әңгіме Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік жайында болды. Солтүстік альянс күштерінің Ауғанстаннан шығатын кезі таяп қалды. Cондықтан Ресей 2014 жылға дейін оңтүстік шекараларды күшейтіп, қымтап қоюға мүдделі. Президент Путин Қорғаныс министрлігіне коалициялық күштердің Ауғанстаннан шығуына байланысты қандай қауіптер болуы мүмкін екендігіне дұрыс баға беруді тапсырып, тәжікстандық әріптестеріне көмектесу керектігін айтты. Екі жақ терроризмге, есірткі тасымалына және трансшекаралық қылмыстарға қарсы бірлесіп күресуді белсендіру керектігіне тоқталды. Осы және қауіпсіздікке қатысты басқа да мәселелерді Ұжымдық қауіпсіздік кеңес ұйымы, ТМД және Шанхай ынтымақтастық ұйымдары арқылы үйлестіру басты рөл атқаратыны айтылды.
Шойгудың айтуынша, Путин бұған нақты тапсырма берген –  барлық қауіп-қатерлер ескеріле отырып, осы қауіп-қатерлерге қарсы тұратын тәжік қарулы күштеріне көмек беру керек. Бұл мақсатқа Ресей 2025 жылға дейін 200 млн доллар қаржы бөлмекші. Бұл қаржы тәжік әскерлерін ұстауға жұмсалады. Ал Тәжікстанда тұрған ресейлік әскери база сонда қала беретін болды. Тәжікстандағы 201 ресейлік әскери база — Ресейдің Орталық Азия аймағына әскери және геосаясилық кіру нысаны болып табылады. Ол 2004 жылы Гатчиндегі мотоатқыштар дивизиясының базасында, Тәжікстан мемлекеттік билігін, тәуелсіздікті қорғауға қолдау көрсету, Ресейдің Орталық Азиядағы ұлттық мүддесін күшейтіп, әскери-саяси жағдайды тұрақты ұстап тұруды қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Ресейлік әскери база Душанбе, Куляб, Қорған-Төбе қалаларында тұр.

 

Осы жолғы кездесулерінде Путин мен Рахмонов өткен жылғы қазанда болған Душанбе кесдесуіндегі келісімнің детальдарына үңілген сияқты. Тәжікстан аумағында орналасқан ресейлік 201 әскери базасының  сол жақта қалу мерзімі ұзартылды. Путиннің айтуынша, бұл – Ресей шекарасының сыртында тұрған ең ірі құрлықтағы әскери құрылым болып табылады. Бұрын ТМД оңтүстікшекарасын Ауғанстандағы тәліптерден қорғау үшін Қазақстаннан шекара және ішкі әскерлер жіберілетін. Артынан тек шекарашыларды ғана қалдырды, ал қазір бізден ешкім бармайтын болды. Егер 2014 жылдан кейін Ауғанстандағы саяси жағдай шиеленісетін болса, біздің шекарашылар Тәжікстандағы бұрынғы орындарына қайта баруы да мүмкін сияқты. Өйткені Ресей ТМД-ның оңтүстік шекарасына қатты алаңдап отыр. Егер тәжік-ауған шекарасының осал тұстары болатын болса, біздің елге қарай есірткі, қару-жарақ тасымалдайтын қылмыстық керуендерге жол ашылмақ. Сондықтан Ресей президенті Тәжікстандағы өз әскерлерінің сол жақта болу мерзімін ұзартып қана қоймай, Ауғанстан жақтан келеді деп күтіліп отырған террористік актілермен тәжіктердің өздерінің күресуіне жағдай жасауға ниеттеніп отыр

Қайыржан ТӨРЕЖАН

http://www.aikyn.kz