Шортанды–Бурабай шипажай аймағында Лондон олимпиадасының чемпионы Александр Винокуровтың қатысуымен «Rixos Borovoe – 2013» қайырымдылық веложарысы өтті. Бұл күні құрамында отандық және шетелдік компаниялардың топ-менеджерлері мен шенеуніктер, сондай-ақ веложарысты жаны сүйетін кез келген адамның Олимпиада чемпионымен қатар велосипед тебуіне мүмкіндік берілді
Осы мүмкіндікті мүлт жібермегендердің арасында әу баста белгіленген 30 шақырымның орнына 60 шақырымды басып өткендер де болды. Солардың арасынан Қаржы министрі Болат Жәмішев, Astana Group компаниясының президенті Нұрлан Смағұловты көзіміз шалды. Бұл жарыстың ең жас қатысушысы 13 жаста, «қариясы» 70 жаста екен. Барлығы да Олимпиада чемпионымен бірге велосипед тепкендерін тарихи оқиғаға балап жатты. Ал жеңімпазы жоқ жарыстың мәресіне А.Винокуровтан бұрын жеткен Нұрлан Смағұловтың көңіл күйі тіптен алабөтен болды. Сыртынан салқынқанды санайтын Нұрлан ағамыз мәреге алақайлап жеткенде танымай да қалдық.
«Бүгін тамаша күн болды. Жігіттерге рақмет. Барлығы да ешқандай дайындықсыз шықса да, жақсы жүрді» деді веложарыстан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Александр Винокуров. – Мені осы велошеруге шақырғанда, көп ойланбай-ақ, қатысамын деп, келісім бердім. Өздеріңіз білесіздер, бүгін Испанияда «Вуэльта» көпкүндігі басталады. Бірақ кішкентай сәбилерге көмек көрсетуді өзімнің азаматтық міндетім деп санаймын» деген Александар Винокуров келесі жылы веложарыстан Қазақстан чемпионатын осында өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Айта кетейік, бұл веложарысты Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Rixos Lake Borovoe» қонақүйі «Аяла» қайырымдылық қорымен бірге ұйымдастырған. Мақсат – «Қазақстанның Швейцариясы» аталып кеткен Шортанды-Бурабай шипажай аймағындағы экологиялық туризмді дәріптеу, сондай-ақ Көкшетау қаласындағы Облыстық перинатальдық орталықтың балалар жансақтау бөліміне арналған жабдыққа қаржы жинау.
Себебі Көкшетаудағы облыстық перинатальдық орталық және оның жансақтау бөлімі көптен бері заманауи жабдықтарға зәру. «Осында жыл 4000-нан аса әйел босанады екен. Шала туған сәбилер шетінеген нәрестелердің 80 пайызын құрайды. Нәрестелердің өлім-жітім көрсеткіші 1,5 пайызды құрайды, осы ретте өлім-жітім себебінің ішінде тыныс алудың бұзылу синдромы басым. Ал жансақтау бөлімінде орнатылатын жаңа медициналық жабдық шала туған және әлсіз сәбилерді күтуге көмектесіп, салмағы 1000 грамға жетпейтін нәрестелердің өмір сүруге қабілеттілігін 5 пайыздан 24 пайызға дейін, яғни 5 есе арттырады, – дейді «Аяла» қорының вице-президенті Жангелді Сәрсенов. Ол облыстық перинатальдық орталығының балалар жансақтау бөліміне қажетті медициналық құралдарды сатып алу үшін 11,5 млн теңгеге жуық қаржы қажет деген еді. Ал күні кеше ғана қайырымдылық шарасынан дәл осы көлемдегі қаржы жиналғаны белгілі болды. Әрине, қайырымдылық веложарысына үлес қосқан жеке адамдармен қатар, ірі көлемде қаржы құйған компаниялар да бар. Олардың қатарына Beeline Kazakhstan, Altyntau Resources, «Верный Капитал», Forte Bank, Kassa Nova банкі сынды компанияларды атай кету керек. Ал «Rixos Lake Borovoe» қонақүйі мен Александр Винокуров қайырымдылық мақсатында өз лоттарын бәссаудаға шығарды. Бұл күні Rixos отелінің бірнеше сертификаты 70 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін саудаланды. Құны бірнеше есе жоғары тұратын отбасылық демалысты небәрі 70 мың теңгеге сатып алғандар болды. Ал Александрдың 4 майкасының әрқайсысы «мәртебелеріне» қарай сатылды. Мәселен, спортшының Вуельтада киген сары жейдесі 600 мың теңге. Биыл ғана Джиро до Италия велододасында киген қызғылт жейдесі 750 мың теңгеге өтсе, «Астана» командасының жейдесі 45 мың теңгеге бағаланды. Чемпионның 2005 жылғы «Тур де Франстың» бір кезеңінде жеңімпаз болғанда киген жейдесін аукционға қатысушылар 100 мың теңгеге бағалады. Бір қызығы, бұл жейдесі сол додадан бері кір машинасына салынбапты, спортшының терісі сіңген күйінде тұр. Ал Лондон Олимпиадасында мінген велосипедінің алтын жалатқан тегершігі 90 мың теңгеге, бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінген спортшының велосипеді 3,5 миллион теңгеге сатылды. Велосипед үшін өткен бәссауда Rixos халықаралық қонақүйлер желісін дамыту жөніндегі вице-президенті Волкан Шимшек пен миллиардер Болат Өтемұратов және тағы бір қалталы азамат, кезінде «Екі жұлдыз» жобасына қатысқан, бірер жыл бұрын Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті болған Ерлан Қожасбайдың арасында өтті. 700 мың теңгеден басталған бәссауда қыза келе 3 жарым миллион теңгеге дейін көтерілді. Сөйтіп, осыдан үш жыл бұрын «Тур де Франста» спортшыны сүріндіріп жіберген велосипедтің иесі Ерлан Қожасбай атанды.
Бізге қайырымдылық веложарысының нағыз жеңімпазы Ерлан Қожасбай секілді көрініп кетті. Енді ше, Олимпиада чемпионының велосипедін сатып алудан, балалар үшін өткізіліп жатқан қайырымдылық шарасынан ақшасын аяған жоқ қой. Сөйтіп, қалталы қазақты құнды велосипедімен құттықтауға асықтық. Алайда ол велосипедті сатып алған адамның, яғни өзінің белгісіз болып қалғанын қалайтынын айтты. Неге екенін білмедік. Ал біз Атымтай жомарттардың атын ел білуі керек деп ойлаймыз… Сол себепті де атын жаздық.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ