АЛТЫНОРДА
Новости

Малала Юсуфзай Сахаров сыйлығына ие болды

6AF9AB78-06E8-4559-94A8-DE2A6AB033A2_w308_r1Пәкістандық 16 жастағы блогер қыз Малала Юсуфзай Еуропа парламенті тағайындаған Сахаров сыйлығымен марапатталды.

Малала Юсуфзай өзі тұратын Пәкістанның солтүстік-батысындағы Сват аймағында «Талибан» қозғалысының шариғат заңдарын орнату әрекеттерін сынап, әрі пәкістандық қыздардың білім алуы қажеттігі туралы 11 жасынан интернетте блог жаза бастаған еді.

2012 жылы қазанда Пәкістанда «Талибан» адамдары мектептен қайтып бара жатқан Малала мен оның екі сыныптасына шабуыл жасады. Мойны мен басына оқ тиіп, ауыр жараланған Малала Ұлыбританияда емделген, қазір ата-анасымен бірге сол елде тұрып жатыр.

Еуропа парламенті Сахаров сыйлығын жыл сайын адам құқықтары мен пікір еркіндігін қорғағандарға табыстап келеді. Сыйлыққа ие болғандарға 50 мың еуро көлемінде ақша табысталады.

Бұған дейін Юсуфзай 2013 жылғы балаларға арналған халықаралық бейбітшілік сыйлығына, ресейлік журналист Анна Политковская атындағы сыйлыққа ие болған еді. Шілде айында ол БҰҰ-ның жастар ассамблеясында сөйлеп, әлем елдері басшыларын әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғауға шақырған.

Малала Юсуфзай биылғы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына басты үміткерлердің бірі болып саналады.

 

http://www.azattyq.org