АЛТЫНОРДА
Новости

ҚАЗАҚСТАНДА ҚЫМЫЗ ӨНДІРУШІЛЕР ПАЛАТАСЫН ҚҰРУ ҚАЖЕТ ПЕ?

загруженное (13)Қазақстанда қымыз өндірушілер палатасын құру қажет пе? 

Серік ҮМБЕТОВ, Мәжіліс депутаты:

– 2000 жылы Жамбыл облысын басқарғанда Тараз қаласы аумағында жаздыгүні жер-жерге қырық шақты киіз үй тіктіріп, қымызхана ашуға мұрындық болғаным бар. Осы игі істі кейіннен Алматы облысына келгенде де жалғастырдым. Күре жолдардың бойын айтпағанның өзінде, сол жылдары Талдықорған қаласының өзінде 25 қымызхана ашылды. Мұндағы басты мақсат – жергілікті тұрғындарды ұлттық сусын – қымыз бен шұбатты пайдалануға бейімдеу болатын. Өйт­кені қымыздың бауыр және қатерлі ісік ауруларына бірден-бір ем екен­дігінде. Десек те, біздің кең-байтақ еліміздің қайсыбір аймақтарында осы­нау шипалы сусынды өндіру әлі күнге қолға алынбай отыр. Меніңше, мұн­дағы басты кілтипан – жылқы өсірумен, оның ішінде қымыз өндірумен айналысып жүрген жергілікті кәсіпкерлерге Үкімет тарапынан қажетті қолдаудың болмай отырғандығында. Сондықтан қымыз өндірумен айналысатын адамдардың басын біріктіріп, оларға тән ортақ проблема­ларды мемлекеттік деңгейде шеше алатындай қауқары бар қауымдастық немесе палата тәрізді бір ұйым ауадай қажет. Олардың басты міндеті мен парызы қымыз өндірушілердің құқығын қорғау болуы тиіс. Сондай-ақ мұндай қауқарлы қауымдастықты мүмкін болған жағдайда Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің жанынан құрып, оған мемлекеттік мәртебе берген жөн. Міне, сонда ғана елімізде жылқы шаруашылығын барынша дамытып, қымыз өндіруді талапқа сай жолға қоюға болады.

 

Болат ДАНИЯРОВ, қымыз өндіру саласының маманы:
– «Батыс елдері халқымыздың ұлт­тық тағамы – қазы мен қартаны патент­теп алды» дегенді газеттен оқығаным бар. Егер дәл осылай бейқам жүре берсек, күні ертең қайсыбір елдің қымызды патенттеп алуы әбден мүмкін. Өйткені бүгінде қазақтың қымызы қыр асып, шетелдерге жетті. Мұндайға жол беруге бола ма? Әрине, жоқ! Олай болса, жылқышылардың, сондай-ақ қымыз өндірушілердің ортақ бір ұйымын құратын уақыт келді. Меніңше, мұндай ұйымның қоғамдық болғаннан гөрі, мемлекеттік ұйым болғаны дұрыс. Мұның себебі қоғамдық ұйымға қарағанда, мемлекеттік мекеменің «құрығы» ұзын болады. Біздің қымыз өндірушілерімізге де керегі міне, осы!

 

Әлихан ТОЙБАЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Қымыз өндірушілер палатасын құру туралы бастама – оңды бастама! Себебі дәл қазіргі күні елімізде қы­мыз өндірушілер өздерінің жоғын жоқ­тап, қажет болғанда заңды құ­қық­тарын қорғайтын бәтуалы орган­ға зәру. Демек, қымыз өндірушілер­дің ортақ бір ұйымын құратын мез­гіл келді. Бұл тұста Үкімет те, Ауыл шару­ашылығы министрлігі де қол қусырып қарап қалмай, маңызды мәселені бірлесіп шешуге ықпал етуі қажет. Біз қымыз бен шұбаттың емдік қасиетінің зор екенін естен шығармауымыз керек. Басқа басқа, АҚШ жылқы басын бес миллионға, ал көршілес Ресей мен Қытай 12 миллионнан астамға жеткізгенде, ежелден бие байлап, бал татыған қымызбен аты шыққан біздің елде әлі күнге қымыз өндірушілердің ортақ ұйымының болмауы ұят-ақ.  Ата-бабаларымыз «ештен кеш жақсы» дейтініндей, кеш те болса, қымыз өндірушілерге бір қауымдастық құрып бергеніміз абзал.

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

http://www.aikyn.kz/articles/view/32404