Президенттік тақтан түскеннен кейін Саакашвилидің басына бұлт үйірілуі мүмкін. Өйткені қазіргі үкімет пен құқық қорғау органдарының өкілдері жазаға тартуға бейіл. Халық бұл туралы не дейді? Саакашвили сотталатындай не жазды?
Кейбір ақпарат құралдарында 27 қазандағы президенттік сайлаудан кейін грузиндердің құқық қорғау органдары Саакашвилидің үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екендігі айтылса, ресми мәлімдеме жасаған премьер Бидзин Иванишвили: «Саакашвили саяси қуғынға ұшырамайды, бірақ оған қойылатын сұрақтар бар. Егер бұрынғы премьер (Вано Мерабишвили) қазір түрмеде отырса, бұрынғы қорғаныс министрі (Бачо Ахалая) де абақтыға жабылса, тағы бір экс-қорғаныс министрі (Давид Кезерашвили) қашып жүрген жерінен Францияда қолға түссе, бұрынғы бас прокурор әрі әділет министрі (Зураб Адеишвили) мен қазіргі Тбилисидің қазіргі мэрінің (Гиги Угулава) үстінен бір емес, бақандай үш қылмыстық іс қозғалса, әлбетте, Саакашвилиге де қойылатын сұрақтардың туындауы — заңдылық. Алайда, саяси тұрғыда қуғынға ұшырайды деу қисынға келмейді».
Иванишвилидің айтуынша, 2006 жылы қаза тапқан премьер-министр Зураб Жванияның қазасына байланысты Михаил Саакашвилидің үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. «Саакашвилиге қатысты қылмыстық іс қозғалуы әбден мүмкін. Тым құрығанда Зураб Жванияның өліміне қатысты және басқа да көптеген жағдайларға байланысты. Мәселен, 2001 жылдың 26 мамыры күні болған оқиғаны алыңыздар. Шеруді тарқату кезінде бірнеше жазықсыз жан ажал құшты. Президент бұл туралы білмеді дейсіздер ме? Әрине, білді. Мен Грузия азаматы ретінде президентімді жауапқа тартқанын және оның түрмеге түскенін қаламаймын. Бұл елдің беделіне нұқсан келтіреді. Алайда, сот пен прокуратура бар, олардың ісіне мен араласпаймын», — деген Иванишвилидің емеурнінің астарында Саакашвилиге қиын тиетінін айтқан ескерту жатқан сияқты.
Гүржілер сайлауалды науқанға дайындықты қалай жүргізуде? деген сауалдың жетегімен көшелерде әлеуметтік сауалнама жүргізу барысында тбилисиліктерден «Саакашвилидің үстінен қылмыстық іс қозғалуына қалай қарайсыз?» деп сұраған едік.
Зураб, таксист:
— Саакашвили елге көп жақсылық жасады. Әділет министрлігі сияқты алып да әдемі ғимараттарды, қала ортасындағы керемет көпірді салды. Елдегі коррупциямен күресті. Меніңше, оны жазаға тарту, түрмеге отырғызу әділетсіздік болмақ.
Нино, студент:
— Білмеймін, тіпті, не айтарымды да білмеймін…
Николай, зейнеткер:
— Саакашвили — ауру. Есі дұрыс емес. Елді ірітіп-шірітті, алдады. Грузияны кері кетірді. Бұрын көшеде ұялы телефонмен де ашық сөйлесе алмайтыныз. Өйткені қасыңда тың тыңдап, Саакашвилидің жансызы отыратын. Айттым ғой саған ауру деп! Оңбаған адам! Қанша адамның қанын мойнына жүктеді. Сотталғаны дұрыс!
Тамара, мемлекеттік қызметкер:
— Бір шаруамен шығып едім далаға. Асығыспын… Жауап бере алмаймын…
Георгий, жұмыссыз:
— Саакашвили елге көп жақсылық жасағаны рас. Бірақ жамандығы одан да көп болды. мысалы, менің мектеп жасындағы екі қызым бар. Иванишвилиге келгенге дейін екеуіне жыл сайын 500 лар шығын шығаратынмын кітап сатып алуға. Қазір үкімет бәрін тегін беріп отыр. Бюджеттен шығарып. Мен неге Саакашвилиге араша түсуім керек?! соттай берсін!
Давити, зейнеткер:
— Маған айту қиын. Бірақ Саакшвили коррупциямен күресем деп жүріп, өзінің қасына жемқорларды жинап алды. Елді салықпен қинады. «Анаған төл», «мынаған төле», бітпейтін «төле»! Тіпті, бақшадан мандарин жұлып әкеліп сатсаң да, төлетеді. Сонда нанға ақшаны қайдан табады жұмыссыз жұрт? Жазаға тартсын Саакашвилиді!
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ