Белоруссия билігі ерекше заң жобасын қабылдамақ ойда. Енді жұмыс істемей отырған кез келген адам мемлекет қазынасына кіріс келтірмесе, жыл сайын салық төлейтін болады.
Әрине, бұл заң жобасы құптауға тұрарлық. Елде жұмыссыздар көбейіп барады. Мемлекеттің мойнына масыл болып отырғандар жетерлік. Мұны жоюдың жолы қайсы? Беларусь билігі олардан құтылудың жолын тапқан секілді. Енді бюджетке кіріс түсірмейтін жалқаулар жұмыссыз жүргені үшін мемлекеттік қазынаға жыл сайын 2,6 миллион рубль төлейтін болады. Бұл шамамен 280 доллардай деген сөз.
Жалпы, бұл мәселе белорус қоғамында бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Өткен жылы елдің вице-премьері Анатолий Тозик «бізде қоғамға салмағын салып отырған 400 мың адам бар, олардың ішінде төрт мыңы қаңғыбастар мен ішімдікке салынғандар. Өткен жылы біз оларды далада қатып қалмас үшін жинап, тамақтандырдық, асырадық. Бірақ мемлекеттің жақсылығын жұмыссыздар мен қаңғыбастар түсініп отырған жоқ. Сондықтан бір шара қолдану керек» деп мәлімдеме жасағаны белгілі. Енді міне, көрігі қызып тұрған мәселе шындыққа айналар түрі бар. Жаңа заңдылыққа сәйкес, енді шенеуніктер ғана емес, қарапайым адамдар да салық органдарына табыс декларациясын өткізу қажет. Жұмыссыз адамға мәжбүрлеп салық төлету адам құқын бұзу болып табылмай ма?
– «Жоқ, – дейді белорустық шенеуніктер. – Мемлекет бюджеттік шығынын қалпына келтіру үшін кез келген ел азаматы салық төлеуге міндетті».
Берік Бейсенұлы