АЛТЫНОРДА
Новости

ДСҰ-ҒА ҚАШАН ӨТЕМІЗ?

еееҚазақстанның ДСҰ-ға кіруіне қатысты келіссөздер «өте күрделі» жүруде. Бұл туралы кеше Сенатта өткен «Парламенттік тыңдауда» ашық айтылды. Сондықтан енді еліміздің бұл ұйымға мүше болуының нақты уақытын айтудан келіссөзшілер де бойын аулақ салуда.
Бірақ бұл оқиға алысқа ұзамай, жақын уақытта болады деп болжануда. Бұл ретте «бас келіссөзші» – Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова елді алаңдатқан «ауыл шаруашылығы саласы бойынша келіссөздерге» қатысты қандайда бір толымды ақпаратты тек келесі жылы ғана бере алатындарын нақтылады. Яғни Қазақстан ДСҰ-ға кем дегенде алдағы жылдың ортасына дейін кірмейді деген сөз.
– Бұл – бүгінгі таңда ең өзекті және маңызды тақырыптың бірі, – деді «Парламенттік тыңдауды» ашқан Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Елбасы Н.Назарбаев 11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап көрсеткеніндей, ықпалдастық – біз үшін өмір талабы, сол себепті біз қазір Еура­зиялық экономикалық одақты құру және Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы айтудамыз. Бұл ретте жалпы ықпалдастық картинасын жасау, іс-әрекеттердің мүмкін болатын барлық балама нұсқаларын әзірлеу, Қазақ­станның ықтимал шығындары мен пай­дасына бағалау жүргізу қажет. Ал әлемдік осы ұйымға кіру нәтиже­сінде ел бюд­жетінің ортаятындығы не толатындығы, экономиканың шығын шегетіндігі, әлде пайда көретіндігі келіс­сөзшілердің қол жеткізген нәтижелеріне тәуелді болмақ. Күні бүгінге дейін олардың қандай қа­рым мен қарқын, тегеурін мен табанды­лық таныта алған­дығы жайында Эко­номикалық инте­грация істері министрі Жанар Айтжанова айтып берді.
Біразының біліп, ал білмейтіндерінің іші сезіп отырған даусыз жайт – Дүние­жүзілік сауда ұйымына кірген соң, импорттық тауарлар тасқыны үдейді. ДСҰ талабымен Қазақстан қазірдің өзінде сол тасқынға жағдай жасап, «арна» әзірлеуде. Мәселен, заңды тұл­ғаларды мемлекеттік тіркеу рәсімдерін жеңілдетті. Сауда саласындағы әкімшілік кедергілерді азайту жұмыстары жасалып жатыр. «Мысалы, тауарларды импорттау үшін лицензиялар беру мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылды. 2011 жыл­дан бастап, дәрі-дәрмектерді және фар­мацевтикалық тауарларды импорттау үшін мемлекет тарапынан лицензия талап етілмейді. Ал 2012 жылдан бастап, этилді спиртті және алкогольді ішім­діктерді импорттау үшін мемлекет тарапынан лицензия сұралмайтын болды» деді министр ханым.
Бірақ ел Үкіметі бұл ұйымға «жем» болу үшін бара жатқан жоқ, сондықтан ДСҰ-ның Қазақстанның тауар өнді­ру­шілері үшін жағымсыз ықпал етуі мүмкін талаптарын кейінге шегеретін «өтпелі кезеңдерге» қол жеткізу бағытында ке­ліссөз жүргізуде.
– Мысалы, 2013 жылы Қазақстан Үкіметі 4 отандық кәсіпорынмен транс­порт машиналарын жасау туралы инвес­тициялық келісімдерге қол қойған бо­латын, – деді Жанар Айтжанова. – Бұл кәсіпорындарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек, атап айтқанда, импортталған компоненттері үшін кеден­дік бажды төлемеуге рұқсат ету «дү­ниежүзілік сауда қағидаларына» сәйкес келмейді. Сол себепті Қазақстан ол бойынша 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін «өтпелі кезең» алу туралы уағ­даластыққа қол жеткізді.

ДСҰ-ға аттап аяқ басқан күні-ақ, елі­міздегі «АЭА» дегендердің барлығы жойылатын еді. Келіссөзшілер ол күнді де алыстата алыпты: «Еркін сауда аймағы шеңберінде және «еркін қойма» механизмі арқылы мемлекет тарапынан қазақ­стан­дық тауар өндірушілеріне қолданылып отырған шаралар 2017 жылдың 1 қаң­тарына дейін жалғастырылатын болады. Бүгінгі күні Қазақстанда 10 «еркін сауда аймағы» жұмыс істеп отыр, бұлар – «Ас­тана – жаңа қала», «Ақтау теңіз айлағы», «Алатау инновациялық технологиялар паркі» және басқа өндіріс аймақтары» деді «бас келіссөзші».
ДСҰ-ға кіру «қазақстандық қамту» («қа­зақстандық үлес») деген қолдау түрін де келмеске кетіреді. Ал бұл тетік отандық өнім өндірушілерге тендерлерде басымдық әперіп келген еді. «Тағы бір атап өтетін маңызды келіссөз – мұнай, газ және тау-кен саласында жұмыс істеуші инвес­тор­лармен қол қойылған келісімдердегі қа­зақстандық тауарларды сатып алу талабы бойынша жүріп жатыр, – деді Жанар Айтжанова. – Бүгінде Қазақстан Үкіметі мен шетелдік-отандық инвесторлар ара­сында мұнай, газ және тау-кен сала­ларында 564 инвестициялық контрактіге қол қойылған. Бұл контрактілер бойынша сатып алынатын қазақстандық тауар­лардың көлемі орташа 13 пайыздың шамасында болып отыр. Бұл – тауарлар ғана. Ал егер қазақстандық қызмет көрсету түрлерін сатып алуды қоссақ, ол орташа алғанда, 50 пайыз шамасында».
Сол контрактілер шеңберінде қазақ­стандық өндірушілер қазір жеңілдіктерді пайдаланып отыр. «Өтіп жатқан келіс­сөздер осы жеңілдіктерді сақтап қалуға бағытталған. Біз оларды 2020 жылдың соңына дейін сақтап қалуды келіссөздер барысында өз алдымызға мақсат етіп қоюдамыз. Осы «өтпелі кезеңдер» мерзімі отандық тауар өндірушілер үшін мемле­кет тарапынан қолданылатын халық­аралық ережелерге сәйкес баламалы шаралар әзірлеу үшін жеткілікті уақыт» деді министр.
Үкімет «Қазақтелекомды» да шетел­діктердің «ханталапайына» түсуінен қорғап қалыпты. «Қазақстан ДСҰ-ға кіргеннен кейін, 2 жарым жылдан соң, халықаралық және қалааралық қызмет көрсететін телекоммуникациялық ком­паниялардағы шетелдік капиталдың үлесіне қойылған 49 пайыз мөлшеріндегі қазіргі шектеу жойылады. Осылайша бұл салаларда шетелдік телекоммуника­циялық компаниялар тарапынан жаса­лынатын инвестицияларға жол ашылады. Сонымен бірге «Қазақтелеком» ком­па­ниясындағы шетел капиталының кө­лемі 49 пайыз мөлшерінен аспау туралы шектеу ДСҰ-ға мүшелікке өткеннен кейін де ары қарай сақталып қалатын болады» деді Жанар Сейдахметқызы.
Жаһандық еркін сауда кеңістігіне ендігі еніп алған елдер әдетте, есік қағып тұрған мемлекеттерден «тауарларыңа көп салық салмаймын» деген шартты қа­был­датуға тырысады. Бұл ретте Қазақстан ДСҰ-ға кіргеннен кейін импорттық та­уарлардан жап-жақсы алым жинау мүмкіндігіне қол жеткізіпті. «Еліміз ДСҰ-ға мүше болған соң, импорттық тауарлар­ға қолданатын кедендік баждар деңгейлері бойынша біз бүгінгі таңда екіжақты ке­ліссөздерді ұйымға мүше 30 мемлекетпен аяқтадық. Бұл келіссөздер нәтижесінде, қол жеткізілген орташа импорттық ке­дендік тарифтердің деңгейі 7,9 пайыз мөлшерін құрап отыр. Оның ішінде өндірістік тауарларға 6,5 пайыз, ауыл шаруашылығы тауарларына 13,2 пайыз орташа импорттық баж енгізіледі. Бұл отандық тауарларды импорттық тауарлар тарапынан болатын бәсекелестіктен қорғауға және шикізаттан тыс жаңа өндіруші салаларды дамытуға мүмкіндік береді» деді Жанар Айтжанова.
Министр ауыл шаруашылығы сала­сында Қазақстанның ДСҰ-ға кіргеннен кейін қолданатын мемлекеттік субси­дияларының көлемі бойынша «өте күрде­лі келіссөздер әлі жалғасып жатқанын» қадап айтты: «Бұл келіссөздер Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды болып табылады, өйткені біздің халқымыздың жартысы ауылдық жерлерде жұмыс істеп, өмір сүріп жатыр. Бұл келіссөздер жақында қабылданған «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында белгіленетін субсидиялардың көлемі негізінде жүргізіліп отыр. Ауыл шаруашылығы саласындағы келіссөздер нәтижесі туралы сіздерге толық ақпаратты келесі жылдың І-жартысында бере аламыз деп сенемін» деп үміт етті Жанар Айтжанова.

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz/news/view/35642