АЛТЫНОРДА
Новости

ЖҰМЫССЫЗДЫ «ЖҰМЫССЫЗ» ДЕМЕЙ, НЕ ДЕЙМІЗ?

Еңбек нарығының тілімен айтсақ, жұрт арасында «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» деген санатқа жататын топ бар. Табатын табысы бұлыңғыр, бірақ нәпақалық белсенділігі де жоқ емес, қолынан іс келетін осы санаттағылардың құрамы біздің нарықта әжептәуір.

Сондықтан ел билігі кейінгі кездері өзімен-өзі жұмысбасты болып жүргендер жайын да назарға алып, оларды ашық алаңдағы жұмысқа тартудың нақты тетіктерін де ойластыра бастады. Бірақ әзірге нәтиже аздау болып тұр.

Сарапшылар Қазақстан халқының үштен бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қам­тамасыз ететін топқа жататындықтан, «көлең­келі бизнестің» қатарын толық­тырып отыр» деген болжамды алға тарта бас­тады: Себебі олар мемлекеттен көмек сұрамайды һәм салық төлемейді. Күні бүгінге дейін оларды билік те, әлеумет те «көлеңкеден» –«күнгейге» алып шық­паққа талпынған жоқ. «Жарыққа» шы­ғуға өздері де ықыласты емес. Біреулер оны кез келген уақытта «жарылуға дайын тұрған әлеуметтік бомбаға теңесе, енді бірі шенеуніктердің «кормушкасына» балап отыр. Ресми статистика өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүргендердің жалпы саны 2 млн 693 мың 469 адамға жетті дейді. Сарапшылар бұл дерекке де күдік келтіреді. Олардың жалпы саны бізге белгілісінен әлденеше есе көп бо­луы әбден мүмкін. Себебі қара базардағы саудагерлер мен арбакештердің, дәмха­налардағы бармен мен даяшылардың, тіпті техникалық қызмет көрсету орта­лық­тарындығы көлік жуушылардың, қалталы азаматтардың отбасында үй қызметінде жүрген бала күтушілер мен гувернаткалардың нақты есебі туралы деректер жоқ.
– Қазір жұмыссыздық деңгейі 6 – 7 пайыз. Бірақ шын мәнінде, олай еместігі бәрімізге белгілі. Себебі шындықты айтуға қорқамыз. Қазір 2,3 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етілген болып есептеледі. Бұл – ел халқының 16 пайызы. Оның ішінде есіктің алдында шемішке сатып отырған қария мен бизнес орталығы бар кәсіпкерлер де бар. Олар жұмыссыздардың санатында емес, мемлекеттен жәрдемақы алмайды. «Біз өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ету деген терминді Еуропадан ұрлап алдық. Рас, оларда ондай ұғым бар. Оның санатына кішігірім кәсібі бар топтар – жекеменшік кабинеті бар дәрігерлер немесе адвокат­тар кіреді. Олардың табысын көшеде то­қыма бұйымдарын сатып тұрған кейуа­намен салыстыруға бола ма? Біз бір сиырының желініне тәуелді болып отырған ауылдағы ағайынды, көшеде ұсақ-түйек саудамен күнкөрісін айырып отырған бауырымызды немесе қара базарда арба сүйретіп, жан бағып жүрген інілерімізді жұмыссыздардың қатарына тіркеуден неге қорқамыз? Егер «өзін өзі жұмыспен қамту» мәселесі Еуропадағы үрдіспен жүрер болса, кімнің қандай күнкөріске тәуелді болып отырғаны айқындалар еді. Біз осы үрдіске қол жеткізсек қана әлеуметтік салада үлкен өзгерістер болады. Еңбек – ұлттық идея емес, ол – біздің өмір сүру тәртібіміз. Жұмыс істемейтін адам тамақ таба ал­майтыны сияқты, жалқау қоғам да әр­қашан артта жүреді. Оны ұлттық идеяның бір элементі деп алуға болатын шығар, бірақ бүтіндей идеологияға айналдыра алмаймыз. Бізде жұмыссыз жүрген азаматтардың саны көп. Қазір жұмыссыз жүргендерді «өзін-өзі жұмыс­пен қамты­ғандар» деп атап жүрміз. Бұл дұрыс емес. Оларды «жұмыссыздар» деп қана айтуға болады. Осы жұмыссыз­дардың санын азайтып, жеке кәсіпкерлерге айналдыру керек. Заңды түрде тіркеліп, өз шаруасын көрсетсе, мемлекет те кімнің қайда жүргенін біліп отырады. Мемлекет аза­мат­тарды еңбекке шақырады, ынталан­дырады, алдынан мүмкіндіктер ашады. Ал істі алға жылжытатын – азаматтардың өздері ғана, – дейді саясаттанушы Нұр­лан Ерімбетов.
Шынында да, қазақстандық заңна­мада «өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» деген санатқа жататындар туралы ұғымға нақты анықтама берілмеген. Яғни жұ­мысбастыға да, не болмаса жұмыс­сыздар қатарына да толық жатпайтын осы санат­тың заңдық сипаты анық емес. Осылай кете берсе, әлгіндей өз бетінше жұмысбасты болып жүрген жандар зейнеткерлік жасқа жете бастаған сайын құқықтық қайшылықтар да туындай беретіні анық. Ендеше, әлеуметтік са­ладағы ең өзекті, әрі жедел шешімді қа­жет ететін саланың бірі – осы. Сон­дықтан да билік кейінгі кездері өзімен-өзі жұмысбасты болып жүргендер жайын да назарға алып, оларды ашық алаңдағы жұмысқа тартудың нақты тетіктерін де ойластыра бастады. Бұған дейінгі 2009 жылдан бергі жұмыспен қамту бағытында атқарылған шараларға тоқталсақ, Үкімет жұмыссыздардың ғана емес, сонымен бірге өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың санын төмендету үшін де біршама істерді атқарды. «Жол картасы» аясында 2009 жылы 258 мың жұмыс орны құрылса, 2013 жылы 132 мың адам еңбекпен қам­тылды.
Әлеуметтенушы Айман Жүсіпова өзін-өзі қамтамасыз еткен топ жайлы екі түрлі пікір қалыптасып отырғанын айтады. Бірі – «олар мемлекетке тәуелсіз, өз проблемаларын өздері шешеді» десе, екінші топ – «олардың қатарының кө­беюі саяси тұрақтылығымызға кері әсе­рін тигізуі әбден мүмкін» деген қауіп­ті алға тартады. Себебі елдің саяси тұрақ­сыздығына сызат түсіруге аса мүдделі топтар өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін қоғам үшін осылардың күшіне иек артуы әбден мүмкін.
Осы мәселеге сараптама жүргізіп жүр­ген әлеуметтанушылар төмендегідей көңілсіздеу деректерді алға тартады: «Сіздердің жұмыстарыңызды кім ба­қылайды?» деген сауалға жауап берген­дердің 1 пайызы ғана «жұмысқа орналас­тырған агенттіктер» деп жауап берсе, 20,3 пайызы «жұмыс берушілер» деген. Ал 30,2 пайызы «мемлекеттік мекемелер мен әкімдіктер, салық органдары, жол полициясы» десе, 41 пайызы «бізді ешкім бақыламайды» деген.

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ

http://www.aikyn.kz/articles/view/38934