«Қазақстан» телеарнасындағы «Ұлт-тық шоу» 2013 жылдың қыркүйек айынан бастап көрермен жүрегіне жол тартты. Алғашқы хабар аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің шығармашылығына арналды.
Жарты ғасырға жуық сахна төрінен түспей, барша жұртты өз өнеріне тәнті еткен досмұқасандықтар өнердегі, өмірдегі жаңалықтарымен бөлісті. Аты аңызға айналған ансамбль репертуарындағы әндерді қазақ эстрадасына қадам басқан әрбір жас сүйсіне орындайтынын осы кеш дәлелдегендей. Мәдина Сәдуақасова, Әсем Көпбаева, Әлішер Кәрімов, Шәкизада сынды өнер жұлдыздары халық игілігіне айналған «Туған жер», «Куә бол», «Сағындым сені», «Ләйлім шырақ» әндерін жиылған көпшілікке тарту етті. «Дос-Мұқасан» ансамблі мүшелері де жаңа әннің тұсауын кесіп, өнерлерінің өміршең екендігін «Ұлттық шоу» төрінде тағы бір мойындатты.
Ә дегеннен «Дос-Мұқасандай» қазақ халқының мақтанышымен шымылдығын ашқан «Ұлттық шоу» бағдарламасы келер жұмада да көрерменін бей-жай қалдырған жоқ. Бұл жолы өнерлі отбасы тақырыбы қозғалды. 80-90-жылдары елімізде ең танымал болған Дәрібаевтар, Қорғандар, Байырбековтер, Алтаевтар отбасылық ансамбльдерінің мүшелері бас қосты. Аталған отбасылық ансамбльдер өнер жолын біржола тоқтатқан жоқ. Оған бүкіл қазақ көрермені куә. Дәрібаевтар отбасылық ансамблі толық құраммен әлі де өнер көрсетіп келеді. Қорғандар отбасынан жарқырап шыққан Бей-
біт Қорған «Ұлттық шоуда» қызықты әңгімелерімен бөлісіп, отбасы мүшелерінің қазір қай салада жүргендігін тілге тиек етті. Байырбековтер отбасы да өнерден алыс кеткен жоқ. Жазира Жанболатпен отбасын құрып, жұлдызды жұпқа айналған. Бірақ Жазира осы жолы «Ұлттық шоуға» Жанболатты емес, өзінің әпкесі мен інісін, ал Алтаевтар отбасының белді мүшесі Өк-тем Алтаев ағасы мен інісін ерте келіпті. Бұл кеште тек отбасылық ансамбльдер ғана емес, сонымен бірге қазақ сахнасында жарасымды жұп болып өнер көрсетіп жүрген отбасылық дуэттер
де қалыс қалған жоқ. Әсем әндерімен кешке жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Жаңа толқын» тақырыбына арналған хабар да өте сәтті шықты. Қазақ эстрадасына өзіндік леп қосқан Ерболат Құдайбергенов ата-анасы Айткүл-Қанатпен қосыла шырқап, кештің көрігін қыздырды. Заттыбек Көпбосынов, Әсем Көпбаева, қобыз үнін эстрадаға қосқан «Асыл» тобының талантты қыздары әсерлі әңгіме өрбітіп, жан жадыратар әнін айтып, би билеп хабардың мән-мазмұнын арттыра түсті. Ал «Өмір деген махаббат» атты тақырыпта өрбіген Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған «Ұлттық шоудың» жайы бөлек. Құшағы гүлге толған жыр еркесі Фариза ақын «Ұлттық шоу» студиясына кірген сәттегі көрерменнің ықыласын сөзбен айтып жеткізу қиын.
«Ұлттық шоудың» апта сайын көрерменге ұсынар тосын сыйы мол. «Дәстүрлі ән», «Кел, билейік», «Нағыз қазақ домбыра», «Қазақты әлемге танытқан әншілер», «Сағыныш сазы», «Естен кетпес әуезді әндер» деген тақырыптарға арналған хабарлар да көрермен талабынан шыға білгендігін айта кеткен жөн. Бұл хабарда әншілермен қатар өлеңі әнге айналған ақындар сонау Ақ Жайықтан Ақұштап Бақтыгереева, киелі Әулиета өңірінен Күләш Ахметова, Қайырбек Асановтар бас қосып, Астанадан Кәкімбек Салықов, жас ақын Қалқаман Сарин көпшілікті өлең әлемінің тереңіне бойлатты. Кеш аясында ақындардың сөзіне жазылған әндер орындалды. Осы кеште бес жүзден астам өлеңіне алпыстан астам композитор ән жазған ақын Кәкімбек Салықовтың келуі де заңдылық еді. Бір өкініштісі, осы хабар Кәкімбек ақынның халқымен соңғы рет жүздесуі болып қалғандай. Осы аталған ақындардың сөзіне жазылған әндер халық ішіне кең тараған. Сондықтан болар, әлі күнге дейін өз өміршеңдігін жоймай, қазақтың ән қоржынын байытқаны өз алдына бөлек әңгіме. Бұл әндерді тек қазақ жастары ғана емес, өзге ұлт өкілдері де сүйсіне шырқайды. «Қазақ әнін шырқаған өзге ұлт өкілдері» кешіне Лаки Кесоглу, Мұрат Ахмадиев сынды өнер қайраткерлері қазақ әндерінің өмірлерінен ойып тұрып орын алатындығын тебірене айтты. «Ел бірлігі – ән арқауы» тақырыбын қозғаған кеште Тұңғыш Президент күніне орай Елбасы сүйетін халық әндері, халық композиторларының әндері, сондай-ақ Елбасының сөзіне жазылған әндер орындалды. «Тәуелсіздік – айбыным» атты тақырыпта жарыққа шыққан «Ұлттық шоуда» елдің рухын асқақтатар патриоттық әндер айтылды.
«Ұлттық шоу» бағдарламасының жаңажылдық кеші кино тақырыбына арналады. «Тақиялы періште» фильмінің негізінде Тана әжей (Бағдат Сәмединова) өзінің немересі Ақтайлаққа (Нұрлан Әміров) қалыңдық іздейді. Оқиға желісі қызықты: Ақтайлақ әнші қыздарды жағалайды («Кешью» тобының қыздары). Бірақ қу қыздар әжесінің соңынан бір елі қалмайтын немересін менсіне қоймайды. Ақтайлақ әке жолын қуып, география пәнінің мұғалімі болғандығын айтып, ән салып жүргенінде жүрегі қалаған аруына кездеседі (Индира Расылхан). Міне, «Ұлттық шоу» жаңажылдық хабарын еліміздегі әрбір адам бақытты болуға лайық деген оймен думанды кешке ұластырады. «Ұлттық шоудың» жаңажылдық төріндегі мерейлі меймандар Еңбек сіңірген артист Гүлжан Әспетова, Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері Қуандық Қыстықбаев, Астана қалалық Жастар театрының актері Әділ Ахметов кино әлеміндегі қызықты әңгімелерімен бөлісіп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйламақ. «Ұлттық шоудың» келер жаңа жылға да ұсынар жаңалығы мол. Сондықтан Ұлттық арнамен жаны бірге көзіқарақты көрермен мен «Ұлттық шоу» бірге жасай беретіндігі анық.
Еркін ҚАЛДАН
http://www.aikyn.kz/articles/view/38928