Астана. 25 желтоқсан. Baq.kz – Уругвай марихуананы пайдалануға рұқсат беретін заң қабылдады. Заң ел президенті Хосе Мухика қол қойғаннан кейін күшіне енеді. Алдағы 4 айда үкімет заңды іске асыруды регламенттейтін арнайы актілерді дайындайды.
Мұның алдында марихуананы заңдастыру туралы заңды сенат бекіткен болатын. Заңды қабылдау туралы пікірталастар 11 сағатқа созылып, қорытындысында 16 сенатор заңды қолдап, 13-і қарсы болған. Сөйтіп Уругвай марихуана шығаруды және сатуды заңдастырған әлемдегі алғашқы мемлекет атанды.
Заң жобасына сәйкес, жергілікті тұрғындар өз аулаларында немесе каннабис әуесқойлар клубында марихуананы шектеулі мөлшерде өсіруіне және арнайы карточкаларды көрсетіп, ай сайын дәріханалардан 40 грамға дейін марихуана сатып алуына болады. 1 грамм өнімнің құны шамамен 1 доллар болады. 2014 жылдың ортасына қарай марихуананы сауда орындарына шығарыла бастайды. Бүгінге дейін футболымен аты шыққан Уругвай алдағы уақытта нашақорлар мемлекетіне айналмасына кім кепіл. Мұның алғышарты жасалды, ел билігіне бұл не үшін қажет болды екен?