Астана. 9 қаңтар. BAQ.KZ — Қырғызстанда діни шатақ шықты. Жаңа Жылдың алғашқы күндері жұрттың назары Қырғызстанның мүфтиі Рахматтулла Эгембердиевке ауды. Мұсылмандардың дін басшысының тұлғасына жұрттың соншалықты назарының ауған себебі, оның жас әйелмен жақын қарым-қатынасы түсірілген бейне материалдың ғаламторға қойылуы еді, деп жазады e-islam.kz.
Бейнероликтің ғаламторға 31-желтоқсан мен 1-қаңтар аралығында қойылғаны белгілі болды. Роликті көргендердің реакциясы көп күттірген жоқ. Әлеуметтік желілерде мүфтидің адамгешілікке жат қылығын сынаған айыптаулар қардай жауып кетті. Эгембердиевтің төңірегіндегі айтыс әлеуметтік желілермен шектеліп қалған жоқ. Аса қатты ашынған 60-тан астам адам Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы ғимаратының алдында митинг ұйымдастырды. Олардың басты талабы адамгершіліктен жұрдай мүфтидің отставкасы болатын.
Осы шатаққа кінәлі мүфти өзін кінәлі деп санамайтынын мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, бейнероликке расымен де өте ыңғайсыз жағдай түсірілген, алайда ол жердегі жас қыз өзінің жас әйелі болғандықтан, бұның еш айыбы жоқ.
Эгембердиев: «мен мұны теріске шығармаймын. Алайда бұл заңды некелі әйелім екеуміздің жеке шаруамыз. Зайыбыммен мен төрт жылдан бірге тұрып келе жатырмын. Жалпы мен Алланың алдында тазамын. Менің тұлғама деген қызығушылыққа қатты таң қалудамын», деп жағдайды түсіндірді.
Айқай шығарғандармен қатар мүфтиді қорғаушылар да бар болып шықты. Әлеуметтік желілерде дін басшысының ар-намысын ашына қорғағандардың қатарына «Ар-Намыс» партиясынан шыққан депутат Тұрсынбай Бәкір ұлы шықты. Халық депутаты Рахматулла Эгембердиевтің қатысуымен түсірілген бейне ролик туралы фейсбуктегі өз парақшасына былай деп жазды:
Қырғызстанның дін басшысын қорлау бұл елдің бүкіл мұсылмандарын қорлау болып табылады! Мүфти Хазрет Рахматулла қажы да еліміздің басқа азаматтары сияқты жеке өмірге құқылы, өмірдің бұл беті мемлекет тарапынан қорғалуы тиіс. Мен өзім бұл бейнероликті қараған жоқпын, себебі мен басқалардың төсек қатынасын қараудан жиіркенемін. Ал исламда мұндай нәрселерге қарау және оны басқаларға тарату үлкен күнә болып саналады. Жалпы, ислам бөтен үйге қожайынның рұқсатынсыз кіруге, отбасылық және өзге адамның жеке өміріне қара ниетпен қызығушылық танытуға тыйым салған.
Тұрсынбай Бәкірұлының пікірінше, әлеуметтік желілердегі мүфтиге шабуылды мұсылмандардың діни басшысының және дін жолындағы саясат пен қоғам қайраткерлерінің абыройын түсіруге тырысқан қандай-да бір үшінші тарап ұйымдастырып отыр.
Халық қалаулысы: «Бұл халқымыздың рухани бастауына оралуға тырысқандардың алдында исламды қорлағаннан басқа ешнәрсе емес. Бұл ұлттық идеологияның әлсіздігін пайдаланып қоғамды, әсіресе жастарды азғындату. Халықты мәңгүрттендіру, содан кейін тегін білмейтін адамдарды бағындырып билеп алу. Соңында адами және табиғи байлықты толығымен тонау болып табылады», деп атап өтті.
Ресми Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы талаптар туралы да, мүфтидің отставкасы туралы да ақпаратты теріске шығарып отырғанын айта кетпекпіз. Алайда соңғы ақпараттар бойынша, 7-қаңтар күні Рахматулла Эгембердиев Ғұламалар кеңесіне қызметінен кететіні туралы өтініш берген. Бұл туралы Эгембердиевке сілтеме жасап қырғыз «Азаттық» радиосы хабарлады. Жаңа мүфти тағайындалғанша оның міндетін Нұрлан Танабаев атқаратын болады.
http://baq.kz/kk/news/41860