АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІЛЕРДІҢ МҮМКІНДІГІ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

«Нұр Отан» партиясының Семейдегі филиалында жыл басталғалы бері үшінші рет қоғамдық қабылдау өткізілді. Шараның жылашарын қала әкімі Айбек Кәрімов бастап, тұрғындарды жеке қабылдаған болатын. Бұл жолы қала тұрғындарын «Нұр Отан» партиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков қабылдады.

Бұл  қабылдаудың бір өзгешелігі бар. Облыстық филиал төрағасының орынбасарымен тікелей жүздесуге қаламыздағы мүгедек жандар мен олардың атынан өтініш, ұсыныс-пікір әкелушілер келіпті.

— Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы — 2050»: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Нұр отан» партиясына мүмкіндігі шектеулі азаматтарға баса назар аударуды тапсырған болатын. Міне, Елбасының осы тапсырмасына сәйкес, мүгедек жандарға көмек көрсету, олардың қоғамға қиындықсыз икемделуі үшін қолайлы жағдайлар туғызу, еңбек және шығармашылық мүмкіндіктерін  жүзеге асыру мақсатында қабылдау  өткізіп отырмыз, — деді Түсіпхан Түсіпбеков. Қоғамдық қабылдауға қалалық әкімдіктің дербес бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Жалпы алғанда, бұл жиын барысында мүгедектерді жұмысқа орналастыру және олардың құқықтарын қорғау мәселелері қарастырылды.

Қабылдауға алғашқы болып жазылған «Айша бибі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжиһан Жұматаева екен.  Өтініші — қаламыздағы мүгедектер қауымы үшін арнайы емхана ашу екен. Өтініш иесі өз сөзін бірнеше мысалмен дәлелдеп шықты. Қазіргі ауруханаларда мүгедектер үшін толық жағдай бар деп айту қиын. Әрі он екі мүшесі сау адамдардың арасында мүмкіндігі шектеулі жандар өздерін бөтен сезінеді. Сонымен қатар, қазіргі аруханаларда мүгедектер арбасымен жүру де қиыншылық тудырады. Осыған байланысты олар үшін арнайы стационар бөлімін ашу қажеттігі туындайды екен. Г.Жұматаеваның сөзін мұқият тыңдап шыққан Т.Түсіпбекұлы бұл сауалды облыс басшысына жазбаша да, ауызша да жеткізетінін айтып уәде етті.

Жалпы, осы күнгі қоғамдық қабылдауға жазылған бірқатар азаматтардың айтар өтініштері мен ұсыныстары мүгедектерге арнайы үй бөлу туралы болды. Қабылдауға келген азаматтар бұл мәселе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың назарына ұсынылса дейді. Ал оларға жауап қайырған Түсіпхан Түсіпбеков мүгедектерге арнайы үй ашу үшін, оның коммуналдық қызметтерін өтеу үшін едәуір әлеуеттілік қажет екендігін айта келіп, бұл мәселені шешуде аймақ басшысы жәрдем көрсетер деген пікір білдірді.

Қоғамдық қабылдауға жазылған Тұрсын есімді азамат жұмыс барысында үш саусағынан      айрылған. Бірақ, оны қараған дәрігерлер мүгедектік тағайындаудан бас тартыпты. Сол себепті де жұмысқа тұру мәселесінде қиындықтар      туындаған. 57 жастаға азаматты бірқатар жұмыс орындары кемтарлығы себепті жұмысқа қабылдамайды. Қабылдауға қатысушы атқарушы билік өкілдері  бұл мәселені талқылай келе, азаматқа тиісті көмек беретіндіктерін жеткізді.

Осы тәрізді мысалдар қоғамдық қабылдау барысында көптеп кездесті. Расында, мүгедектер қатарына жатқызылғанымен, бұлардың көпшілігі қайсыбір жұмыстарға қабілетті көрінеді. Арнайы станоктарда, тігін цехтарында да жұмыс істей алатын азаматтар, мүгедектік топқа жататындар үшін жұмысқа тұру мәселесі біршама қиындық тудыратынын айтады. Сол себепті кейбірі үйінде отырып еңбек етуге көшкен. Осындай өтінішпен келген азаматтарға түсінік берілді. Мәселен, бекітілген Заңнама бойынша, 30 адамнан аса жұмысшысы бар жұмыс берушілерге жалпы жұмыс орындары санынан 3 пайыздық мөлшерде мүгедектер үшін жұмыс орындарының квотасы берілген. Бұл орайда жұмысқа қабылдау шаралары дәрігердің анықтамасындағы мүгедектің денсаулық жағдайына байланысты көрсетілген ұсыныстар қатаң ескеріле отырып жүргізілуі керек.

Сөз орайында айта кетейік, Семей қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы шаһарда 80 мүгедек адам жұмыспен қамту мәселесі бойынша өтініш жасапты. Олардың ішінде 29 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алайда, аталмыш қоғамдық қабылдаудан аңғарғанымыздай, денсаулығы еңбекке мүлде жарамсыз жандардың да жұмыс сұрап келгендері болды. Мәселен, 1 топтағы мүгедек, көзі көрмейтін адамға қоғамдық орындардан арнайы жұмыс тауып беру мүмкін емес. Олар тек мемлекет төлейтін жәрдемақыға сүйенеді. Жиын барысында бұл мәселе де қозғалды.

Қалай болған күнде де, мүгедектерді жұмыспен қамту және олардың құқығын қорғау шаралары ендігі арада Елбасының Жолдауына сәйкес «Нұр Отан» партиясының қадағалауында болмақ. Өз кезектерінде қоғамдық қабылдауға жазылып, түйіткілді мәселелеріне жауап алған жандар осы үшін де алғыс білдіріп жатты.

Қуаныш ЖОЛЫМБЕТ,

“Семей таңы”.

Сурет Семей таны сайтынан алынды