Қатер қайдан демеңіз Бұрнағы күні Жаңақорған ауданының Бірлік ауылындағы шеткі екі көшеге таудан су жетті. Осылайша, 8 үйдің ауласын қарғын су шайып кетті. Биыл өзі жердің тоңы 50 сантиметрден аса болды. Оның үстінде қалыңдығы 30-35 сантиметр қар жатты. Оған күннің күрт жылынғанын қоссаңыз, қауіптің қалай болғанын аңғару қиын емес шығар. Осындай себептерден соң ауыл шетіндегі Балапансайға су сыймай, ернеуінен асқан. Ол кешкі сағат 18:30 шамасында ауылға жеткен. Дегенмен, жедел жұмыстың арқасында түнгі сағат 21:30-да қарғын судың беті қайтарылып, қауіп сейілді. Аудан басшылығы төтенше жағдай орын алған жерде болып, жедел штаб отырысын өткізіп, жауапты сала басшыларымен кеңесіп, кезекшілік кестесін түзді.
Көктем сайын Сырдың сырбаз мінезінен айырылатыны белгілі ғой. Осы ретте, ықтимал қауіптің алдын алу, сақтық жұмыстары да жүйелі жүріп жатыр. Облыс бойынша Сырдария арнасы қауіпті 73 учаскеге бөлініп, оған 133 жауапты мекемелер бекітілген. Аталған мекемелерде 199 арнайы техника және 383 жүк тасымалдауға арналған көлік бар. Су тасқыны болған жағдайда 1672 адам қауіптің бетін қайтаруға сақадай-сай отыр. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Қызылорда қаласы мен аудандарда тасқын су кезеңінде халықты көшіруге арналған 83 эвакуациялық жинақтау және 100 қабылдау пункттері дайын тұр. Оларда адам тасымалына қажетті 1029 техника және 602 жүк көліктері бар.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.
Әзірлік деңгейі қалыпты
Әр жыл бір-біріне мүлдем ұқсамайтынын, өзінің күтпеген тосын жайттарын ала келетінін ескерсек, биылғы көктемде су тасқыны болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені, күз айлары жаңбырлы болды. Сөйтіп, жерге ылғал мол түсті. Қыс кезінде аймақта ақырған аяз соқты. Бұл жағдай жерге мол ылғал қорын ұстап тұра алатын тоңның қатуына әсерін тигізді. Таяуда шалғайдағы Казталов ауданына жолымыз түсті. Мұндағы тұрғындар тоңның қалыңдығы 60 сантиметрге жеткенін айтып отыр. Оның үстіне биылғы қыстағы қардың түсу мөлшері де жыл сайынғы қалыпты деңгейден кем емес.
Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінен алынған деректерге сүйенсек, өңірде тасқын суға қарсы іс-шаралар жөнінде арнайы жоспар бекітілген. Соған сай техникалық ресурстар мен материалдардың қажетті қоры жасалған. Мұз жарғыш арнайы бригадалар өз қызметтеріне кірісуге әзір. Олармен тиісті келісімшарттар жасалған. Көп нәрсенің түйіні гидробекеттердегі су деңгейіне күн сайын бақылау мен мониторинг жүргізуге байланысты шешімін таба алады. Мәселенің бұл жағы да ұмыт қалмаған. Орал өңірінде тасқын су қаупі кейбір жағдайларда жоғарыда отырған Ресейдің көршілес аумақтарынан, трансшекаралық өзендердің жоғары ағысынан келетін болғандықтан Орынбор, Саратов облыстарындағы Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдіктерімен алдын ала келісімдер жасалуы да күтілген қауіпті сейілте түседі. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күні Батыс Қазақстанда алдағы тасқын суды зардапсыз өткізу мақсатын көздейтін тас-түйін әзірлік көріністері байқалады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.
Бөгендер берік пе?
Бүгінде облыста 117 су қоймасы бар. Олардың 5-уі республикалық, 7-уі жеке, ал 105-і коммуналдық меншікте. Өткен 2011-2013 жылдары коммуналдық меншіктегі су қоймаларының 53-і «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне өткен. Бұлардың 61-і балық шаруашылығын дамыту мақсатында пайдаланылса, 26-сы өңірдегі 6819 гектар суармалы егістік алқаптарын нәрлендіруде. Қалған 18 су қоймасы экологиялық мақсатта, яғни жасыл өскіндер мен аң-құстарды өсіріп-өндіруге пайдаланылады.
Жиналған судың көлемі аталған cу қоймаларында 60-70 пайызды ғана құрайды. Оған ағып келіп жатқан су мен ағып кетіп жатқан су мөлшері жіті бақылауға алынған. Өйткені, облыстың коммуналдық меншігіндегі су қоймаларында жинақталған су қорының есебін жүргізу, техникалық жағдайын қадағалау басқарманың және аудан әкімдіктерінің бақылауында. Сондықтан су қоймалары мен бөгендердің қазіргі уақыттағы жағдайлары қанағаттанарлық.
Дей тұрсақ та, Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылының аумағына орналасқан Ақтөбе және Шұқырәуіт су қоймалары ағымдағы ішінара жөндеуді қажет етеді. Жамбыл ауданындағы Көлқайнар ауылдық округінің аумағына орналасқан Қайрақбай су қоймасының үлкен су өткізгіш қақпасы жұмыс істемей тұр. Бөгетті де су шайып, жұқарып қалған. Сондықтан, бөгетті көтеріп, қосалқы су қашыртқы жасау қажет, дейді мамандар. Сондай-ақ, су айдынындағы қамыстарды, қоқыстарды тазарту қажеттігі анықталып отыр. Сол сияқты, мамандар Шу ауданындағы Тасөткел ауылдық округінің аумағына орналасқан Қайыңды су қоймасының бетон тіреуіштері және дамбасы мүжілген, гидроқұрылғылары істен шыққан, су өлшеуіш бағаны жоқ екендігін анықтаған. Аталған осы 7 су қоймасының иелеріне тиісті ескертпе беріліпті.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.
Қиындық әлі алда
Биыл өңірде біраз жылдан бері болмаған қыс болып тұр. «Кәрі құдаң қыс» ерте түсті. Оның үстіне бұрынғы жылдарға қарағанда қар да анағұрлым мол. Қыстың қаңтар-ақпан айларындағы аяздар мен қарлы борандардың салдарынан қаладан шығатын тасжолдардың жиі жабылуы да биылғы қыстың кәдімгідей қаһарлы екенін аңғартса керек. Міне, көктем есік қақты. Табиғаттың әр мезгілі өзінің дегенін істейтіні белгілі. Қысты ығыстыра келетін көктемнің де өзіндік әбігері болатыны сөзсіз. Сондықтан алдын ала дайындалмасаң сан соқтырып кетуі мүмкін. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалық етуімен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында осы мәселе әңгіме өзегіне айналды. Су тасқынына қарсы шараларды өткізуге дайындық барысы туралы баяндаған облыс әкімінің орынбасары Марат Тағымовтың айтуынша, нағыз қарбалас шақ ретінде наурыздың соңы, сәуірдің басы болжануда. Бүгінгі күні облыс аумағында қардың қалыңдығы 20-65 сантиметр аралығын құрайды екен. Бұл нормадағыдан біраз көп.
Ол облыстың Әйтеке би, Қарғалы, Темір, Мұғалжар аудандарында және Ақтөбе қаласында қардың нормадағыдан екі еседей артық түскенін атап өтті. Аудандарда және Ақтөбе қаласында 2322 тонна су бөгеу материалдары әзірленген, 74 тонна жанар-жағармай қорда сақтаулы тұрған көрінеді, қажетті шараларды атқару үшін 82,7 миллион теңге қарастырылған.
«Қазсушаруашылығы» мекемесінің Ақтөбе филиалының мамандары елді мекендерге жақын орналасқан Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларының жұмыс істеу мүмкіндіктеріне тексеру жүргізген. Олардың тұжырымдауынша, аталған нысандарға қатысты қанағаттанарлық деген баға берілді. Көктемде қар суы молынан түсетін Қарғалы, Жаман Қарғалы және Елек өзендерінің арнасы да бақылауда.
Су тасқынына әзірлік барысында облыстың төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласы бойынша құрылымдар жасақталды. Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бөлімшелерінде 1600 адам сақадай-сай әзірлікте тұр. Мұның сыртында 622 техника, оның ішінде 117 жүзу құралдары, 217 су айдайтын техника да дайындық сапына қойылған.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов биылғы қыстың күрделілігін, жолдардың жиі жабылғанын, дегенмен барлығы бақылауда ұсталып отырғанын айта келіп,су қоймаларының жұмыстарын жіті қадағалап отыруды, аудан, қала басшыларына ықтимал деген қандай да қауіптің алдын алуды қадап тапсырды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.
Бәрі де бақылауға байланысты
Шығыс өзен-су ресурстарына бай болғандықтан, жыл сайын өңірде су тасқынының қаупі туындайды. Биыл қар түсімі жылдағыдан аз. Сол себепті ме, тұрғындар арасында аса алаңдаушылық байқала қойған жоқ. Десе де «сақтықта қорлық жоқ». Тасқын қатеріне әзірлік шараларын білу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Серғазы Садықовқа хабарласқан едік.
– Облыста қар көлемінің жоғары деңгейі бірқатар жерлерде байқалып отыр. Мәселен, Аягөз ауданында қардағы су көлемі нормадан 83 пайызға жоғары болса, Бесқарағай ауданында – 93, Жарма ауданының Шалабай ауылында – 23, ал Глубокоенің Секисовка ауылында 13 пайыз жоғары. Риддер қаласы мен Шемонайха аудандары нормаға сәйкес келеді. Жердің тоңазуы Бесқарағайда – 150 см., Үлкен Нарында – 139 см. Бұл мөлшер өткен жылдың көрсеткіштерімен сәйкес келеді, көп айырмашылық жоқ.
«Қазгидрометтің» соңғы мәліметтеріне сүйенсек, наурыз айының алғашқы онкүндігінде түнгі температура 20 градусқа дейін, екінші онкүндігінде 25-30 градусқа дейін төмендеуі күтілуде. Күндізгі ауа райы кей аудандарда -1 -5 градусқа суық болса, басқаларында жылынуы мүмкін. Күннің жылынуы 20 наурыздан кейін де күрт өзгере қоймайды деп болжанып отыр. Түнде қар мен су мұз болып қатқанның өзінде, күндіз еріп отырады. Егер ауа райының жылынуында осы үдеріс сақталса, өңірімізге көктем біртіндеп келеді, – деді Серғазы Садықов.
Бөлім бастығының айтуынша, су тасқыны болуы ықтимал жерлер санатында Күршім ауданының Боранбай, Аягөз ауданының Қопа ауылдары бар. Ауа райы күрт өзгеріп кеткен жағдайда аталған ауылдарда су тасқыны қатері болуы мүмкін.
Өңірде су тасқынының алдын алу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы мәселеге орай екі дүркін жиын өткізді. Қаңтар айының соңында облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлерінің командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. 19 ақпанда облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы болды. Оған селекторлық режімде барлық аудандар қатысты. Алдағы уақытта республикалық командалық-штабтық «Көктем» оқу-жаттығу жиыны өтеді. 11-16 наурыз аралығында департамент қызметкерлерінен құралған бес жұмыс тобы қалалар мен аудандарға шығып, жалпы жағдайды тексермек.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.