АЛТЫНОРДА
Новости

Медиацияға арналған кітап тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді

Астана. 23 сәуір. BAQ.KZ – Екі жақты даулы мәселелерді реттеудің баламасы болған бітімгершілік жайлы қазақ тілінде жазылған «Медиация негіздеріне кіріспе» атты кітап жарық көрді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Медиация – дау-дамайда адамдарды татуластыратын, олардың өзара ортақ шешімге келуіне көмектесетін қызмет деп түсіндіреді мамандар. Яғни, бұл салада медияция – бітімгершілік, ал медиатор – бітімгер деген атаумен алынып жүр. ҚР «Медиация туралы» Заңы 2011 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Алайда, елімізде медиаторлардан гөрі тіке сотқа жүгіну үрдісі қалыптасқан. АҚШ статистикасы бойынша даугерлердің 93-95 пайызы сотқа жетпей өзара бітімгердің көмегімен дауды шешіп жатады екен. Ал қазіргі кезде бізде 3 пайыздай дау-жанжал ғана медиатордың көмегіне жүгінуде.

 

 

«Шетелдің медиаторлық әдістері Қазақстанға келе бермейтіні анық. Себебі, біздің дініміз, тарихымыз басқа, қазақтың мінезі мен медиацияның қазақы мектебі басқа. Сондықтан біз бұл кітапқа дау-жаңжалды шешудің ұлттық дәстүрін, ұлттық бітімгершілік дәстүрінің моделін көрсеттік. Оған қоса өзімізге жақын деген Ресей және Грузия сияқты елдердегі медияцияның да дамуын кірістірдік»,-дейді жаңа кітапты таныстырған «Әлеуметтік әріптестік орталығы» корпоративтік қорының бас директоры Нұрлан Ерімбетов.
Мысалы, кітапта «Ала арқанды кесу» дәстүрі былайша таныстырылады: «Ала арқанды кесу салтының түрі екі жағдайда қолданылады. Бірінде – дауласушы екі жақ бидің алдына барғанда ала жіпті өздері алып келіп, екі жағынан ұстап тұрады екен де, би өзінің шешімін айтып, жіпті кескенде дау тоқталып үкім күшіне енеді. Екінші жағдай да осыған ұқсас; Тек қана үкім айтылып ала арқан кесілгенде сол дауды ешкім қайтадан қозғамайтындай нүктесі қойылған болып табылады. Екі жақ адамдарының арқанды өздері ұстап, керіп тұруы – айтылған билікке көнеміз дегенді көрсетеді».
Бұдан өзге кітапқа билер тағылымы мен медиация тақырыбы, әлемдік тәжірибелерге сай медияцияларға нұсқаулықтар мен медиация ережесі енген.


Майгүл СҰЛТАН

Ғабит МАДАЛИЕВ (фото)
http://baq.kz/kk/news/46259