Мектепке «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» жас түлектің алдында жаңа өмір тұр. Қазіргі мақсат – жүрек қалауымен мамандық таңдау. Мамандық таңдау адам өміріндегі ең жауапты сәт.
Жүрек қалауымен таңдаған мамандық қана өмірдің жарқын бастауы болмақ. Себебі адам тағдырының бір бөлігі таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Алар асу да, ұшар биік те алынбас қамал болып көрінгенімен, күнделікті кездесіп жататын кедергілер мен қиындықтарды өз мамандығын сүйетін, содан ләззат алатын маман ғана жеңіп шығатыны бесенеден белгілі.
«Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өз орнында істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ, әр өнер, әр қызмет мемлекетке, әлеуметке қажет» деген Ж.Аймауытов жастардың мамандық таңдауда адаспай, жүрек қалауына жүгінуіне бағыт сілтейді. Бұл орынды. Себебі қазіргі мектеп бітірушілердің 70-80 пайызы нақты қай мамандықты таңдарын білмей, екіойлы жағдайда жүр. Бұған бір жағынан еліміздегі әлеуметтік жағдай да себепкер ме деген ойға қаласың. Ақылы оқуды оқытуға шамасы келмейтін, қалтасы жұқа қарапайым жұрт қай мамандық болса да диплом алып, ең бастысы «балам грантқа түссе екен» деп армандайды. Сол себепті грант көп бөлінетін пәнді таңдап жатады. Екіншіден, Ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезінде де мамандық таңдауға белгілі бір мөлшерде шектеу қойылатындай. Байқап қарасақ, оқушылардың басым бөлігі өздеріне ұнайтын мамандықты таңдамай, Ұлттық бірыңғай тестке кіретін таңдау пәндерінің ішінен өзінің шамасы келетін, жеңілдеу пәнді таңдайды. Мақсат – ҰБТ-дан аман-есен өтіп, жоғары оқу орнына түсу. Армандарына қол жеткендей болғанымен, ол мамандықты ұнатпай, оқуды тастап кетіп жататындар да баршылық. Әу баста кеткен қателіктің салдарынан өмір бойы опық жесе, екінші ұшы грантты ұтуға балы жетпей, тегін оқуға іліге алмағандарға тиіп жатады.
Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2010 жылы 163921, ал 2011 жылы 142649 түлек мектеп бітірген. Биыл 100 мыңнан астам түлек ҰБТ сынағын тапсырады деп күтілуде.
Мектеп бітіруші түлектердің көпшілігі мамандық таңдауға немқұрайлы, селқос. Бұған белгілі мамандыққа баулитын бағдарламалардың жоқтығы да себеп. Қазір жаңа технология заманы. Осы саламен байланысты мамандықтардың насихаты алыста жатқан ағайынға жетпей жатқан сыңайлы. Мамандық түрлері туралы ақпараттың көп болуы баланың өз жолын табуына үлкен септігін тигізеді. Промоутер, логистик, супервайзер, веб-мастер, копирайтер, т.б. мамандықтар көпшілік үшін түсініксіз. Атын естігеннің өзінде, «қандай мамандық, немен шұғылданады?» деген сұрақ туындап жатады. Теледидарда әншілерді насихаттағаннан гөрі жастарға пайдасы көбірек тиетін, осындай мамандықтарға байланысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген дұрыс. Мектеп бітіргелі отырған қай жастан сұрасаңыз да «жұлдызды әнші, рэпер болғым келеді» дейтін танымалдыққа құштар жасөспірімдерді көп кездестірдік.
Қала мектептерінің оқушылары көбінесе кеденші, экономист, заңгер, т.б. өздері ақшалы деп санайтын мамандыққа әуес. Ауыл балаларының көбірек таңдайтын мамандығы мұғалім мен дәрігерлік екен. Араларында құрылысшы болғым келеді дейтіндері де бар.
Мал басын өсіруді көздеген бір кәсіпкер замандасымыздың «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша мұғалім мен дәрігер дайындай бергенше, агроном дайындаса жақсы болар еді. Ауылда мал дәрігері де жетіспейді дегені есімізде. Бұл да ескерерлік жағдай.
Шетел мектептерінде баланы жастайынан өзінің икемі бар саласына бейімдейді. Бұл құптарлық. Мысалы, математикаға құмартса, ол кейін математиканың жілігін шағатын маман болып шығады. Спортты ұнатса, әлемге танымал спортшы болуы әбден мүмкін.
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін 2015 жылға дейін дамыту тұжырымдамасында атап көрсетілгендей, әлеуметтік-экономикалық қатынастар кәсіби білікті маманға өте жоғары талаптар қояды. Ғылыми білімдерімен қоса, бүгінгі маман бірқатар мәселелерді өз бетінше шеше білуі қажет. Сондықтан кәсіби тұрғыдан өзіңді танып-білу болашақ маман ретіндегі тұлғаның қалыптасуын жүзеге асыратын басты қағида.
Ендеше, жастарымызға ақпарат молырақ беріліп, мамандық таңдауды өз қызығушылығына, қабілет-қарымына, жүрек қалауына қалдырғанымыз орынды. Ертең өз ісінің тәжірибелі, шебер маманы атануына дұрыс таңдалған мамандығы арқылы жетеді. Мамандық таңдау барысында талапкер адаспайтындай қадам жасауы керек.
Бағдагүл Балаубаева
http://anatili.kz/?p=19836