АЛТЫНОРДА
Новости

АНАНДИГЕ АРНАЛҒАН ХАТ НЕМЕСЕ БІР ЖІГІТТІҢ ЖАН СЫРЫ

Анандидің жас кезін сомдаған айтулы актрисаға деген сүйіспеншілік суымағаны анық. Тіпті оған ғашық болған қа­зақ жігіттері де бар екен. Солардың бірінің хаты редак­цияға да жетті. Хатпен танысуға құштар болсаңыз, оқы­ңыз…

Көпшіліктің көзайымына айналған «Келін» телесе­риа­лында басты рөлде ойнаған Анандидің Астанаға келуі қуанышты оқиға болғанымен, оның «Қазақстан» телеар­насының айналасынан алыс кете алмауы, қара­пайым жұрт­тың дидарласуға қолы жете алмағаны өкі­нішті жағдай бол­ды. Бірақ…

Анандидің жас кезін сомдаған айтулы актрисаға деген сүйіспеншілік суымағаны анық. Тіпті оған ғашық болған қа­зақ жігіттері де бар екен. Солардың бірінің хаты редак­цияға да жетті. Хатпен танысуға құштар болсаңыз, оқы­ңыз…

Құрметті Ананди!

Мен сенімен «Келін» телесериалы арқылы та­ныспын. Сен қуансаң – қуанып, мұңайсаң –мұңайған күндерім аз болған жоқ. Сен­дер жақтың салт-дәстүрі қиындау екендігі де жаныма батты. Тек кино екендігін ойыма ал­ғанда ғана көңілім орнына түсетін.

Каляни әжейдің бірауыз сөзін жерге тас­тамайтын елгезек мінезің маған қатты ұнады. Шіркін, қазақтың да барша келіні енелеріне осылайша ізет көрсетіп, құрметтей алса, нұр үстіне нұр емес пе? Айтпақшы, қазақ халқының да салт-дәстүрінде енені сыйлау, құрметтеу, келінді қызындай көру секілді қалыптасқан әдет бар. Осы жағынан алғанда ұлттар арасында ұқсастық та бірден байқалады.

Мейлі, ол бөлек әңгіме. Бәрінен қызығы, сенің Астанаға келуің, жастар үшін жағымды жа­ңалық болды. Шынымды айтсам, сені бір көру үшін Астанаға барғым да келген. Алайда қай­дан табарымды білмедім. Тым болмаса, қолыңды алып, жақыннан бір көру арман бо­лып қала берді.

Теледидардан сені көрген соң, саған деген көңілімнің өзгеше екендігін байқадым. Қыс­қасы, сені ұнатып қалдым. Алайда мекен­жай­ың­ды, телефоныңды қайдан табамын? Тапқан күнде де ағылшын тілін білмейтіндігім де қол­байлау болары анық.

Ананди, сенің шын атыңды да ұмытып қа­лыппын. Бірақ сен біз – көрермендер үшін әдемі, ізетті, ақылды қызсың. Көрікті қыздың келбеті мен ақылы бірін-бірі толықтырып тұ­руы тиіс деп ойлаймын. Ана Жадиш деген жігіттің қай жылғы екендігін білмеймін. Алайда келешекте соған үйленіп кетесің бе деп те қорқамын.

Мен Алматыда тұрамын. Студентпін. Бо­лашақ мамандығым – мұғалім. Оқу бітірген соң сені қалай да тауып алуға тырысамын. Егер сен Қазақстанға қоныс аударар болсаң, ең бақытты, ең атақты, ең абыройлы артис бо­ла­сың. Бұған еш күмәнім жоқ. Ал сендей аяулы қыздың жанында жүру – менің мәңгілік арманым.

Сәлеммен, Қайрат ҚҰРАЛҰЛЫ

 

Редакциядан: Анандиге арнап хат жазғысы келген жігіттер болса, 

өз пікірлерін joldas216@mail.ru ЭЛ.ПОШТАҒА жолдауына болады. 

 

Бұл хаттар Үндістан елшілігіне тапсырылады. 

http://www.aikyn.kz/articles/view/50752