Бүгін түнде футболдан әлем чемпионаты ресми түрде ашылады. Дүбірлі доданың шымылдығы Бразилия мен Хорватия құрамаларының кездесуімен түріледі.
Төрткүл дүние төрт жыл күткен аламанның іріктеу кезеңі 2011 жылдың маусым айында басталып, 2013 жылдың қараша айында аяқталды. Әр құрлықтан үздік шыққан 32 құрама «мундиальға» жолдаманы жеңіп алды.
«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» демекші, Бразилияда өтетін әлем чемпионатының алдында талай жағдай орын алды. Бір ай қалғанда стадиондардың дайын емес екені де айтылды. Елдің көпшілігі доданы өткізуге қарсы да шықты. Ауа-райына байланысты, ойында үзіліс жасауға рұқсат та алды. Ойындарда жаңа технологиялар да қолданылғалы жатыр. Сонымен қатар, бұл әлем чемпионатына көптеген танымал футболшылардың (жарақатына байланысты) жолы да түспеді. Айта берсең, жетіп артылады.
Бүгін түнде Астана уақытымен сағат 00:15-те әлем чемпионаты Сан-Паулудағы «Коринтианс» стадионында салтанатты түрде ашылады. Ал барған жанкүйерлер мен журналистер алаңның жағдайы әлі сын көтермейтінін тілге тиек етуде. 2016 жылы жазғы Олимпиада ойындарын өткізетін ел бұл сыннан сүрінбей өтуге барынша тырысуда. Біз де Бразилияны бұл үддеден шығады деген сенімдеміз.
Ашылу салтанатының қойылымдары мен көріністері аяқталғаннан кейін «мундиальдың» алғашқы ойынының ысқырығын еститін боламыз. Жергілікті «Коринтианс» командасының құрметімен аталған стадионға48 000 жанкүйер бір мезгілде кіре алады. Әлем чемпионатының алты кездесуін қабылдайтын алаңға қосымша трибуналар да орнатылмақ.Сонымен, енді кездесу жайлы…
Бразилия мен Хорватия құрамалары өз тарихтарында екі рет кездескен. 2005 жылы өткен жолдастық кездесуде 1:1 есебі тіркелсе, 2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатында «селесао» 1:0 есебімен «шақпақ жейделілерден» басым түскен болатын. Сол кездесуде жеңіс голын соққан Кака өз елінде өтетін әлем чемпионатына шақырту алмады.
Бразилия бірінші ойында жанкүйерлер қолдауымен желпінеді деп күтілуде. Мұны букмекерлік орталықтар ұсынып отырған коэффициенттерден де байқауға болады. Луиш Филипе Сколари шәкірттерінің жеңісіне – 1,33, тең ойынға – 5, Нико Ковач баптайтын команда жеңісіне -15 коэффициент ұсынуда.
Өткен аптаның соңында Неймардың жаттығу сәтінде жарақат алғаны жайлы ақпарат тарады. Соңынан бразилиялық жанкүйерлердің қуанышына орай, команданы алға сүйрейтін футболшының жарасы жеңіл болды. Ал хорваттар қатарынан Марио Манджукич ойынға шықпайды. Іріктеу кезеңінің қосымша жолдамасын Исландиямен сарапқа салған ойында алаңнан қуылған еді.
Бразилия құрамасының бас бапкері Луиш Филипе Сколари бүгін төмендегі футболшыларды негізгі құрамда шығарады деп күтілуде. Олар:Жулио Сезар, Дани Алвес, Тиаго Силва, Марсело, Паулиньо, Луис Густаво, Оскар, Халк, Неймар және Фред. Алаңдағы осал тұсын дөп басып айту қиын. Хорватия құрамасы сапында Плетикоса, Срна, Чорлука, Ловрен, Вршалко, Вукоевич, Модрич, Перишич, Ракитич, Ковачич және Олич шығады деп болжануда.
Аздап статистикаға да көз жүгіртіп көрейік.
— Әлем чемпионатының тарихында Бразилия құрамасы бірінші ойынында әлі жеңіліп көрмепті.
— Соңғы 12 әлем чемпионатының алғашқы кездесуінің 8-інде жанкүйерлер бір ғана голдың куәгері болған.
— Бразилия топтық кезеңдегі соңғы тоғыз ойынның сегізінде жеңіске жеткен.
— Хорватия әлем чемпионатындағы соңғы 13 ойынында 11 гол ғана (әр ойынға шаққанда 0,85 голдан) қақпасына өткізген. Бұл «мундиальдағы» құрамалар арасындағы үздік көрсеткіштердің бірі.
— Әлем чемпионатындағы Хорватия құрамасының соңғы алты кездесуінде де алаңнан қуылған футболшылар болған (тек хорваттар сапынан ғана емес).
— «Шақпақ жейделі» құраманың шабуылшысы Эдуардо да Силва ойын алдында екі елдің әнұранын орындамақ. Өйткені, 2000 жылы футболшының отбасы Хорватияға қоныс аударған екен. «Мундиаль» алдында ойыншының анасы екі елдің де әнұранын орындауды өтініпті.
«А» тобында Бразилия және Хорватия құрамаларынан өзге Мексика мен Камерун құрамалары бар. Олардың өз ара кездесуі ертең Астана уақытымен сағат 22:00-де өтеді. 1/8 финалда «А» тобынан бірінші орын алған құрама «В» тобының екінші орын алған құрамасымен, керісінше «В» тобының көшін бастаған құрамамен «А» тобынан екінші орын алған құрама кездеседі. «В» тобында Нидерланды, Испания, Чили және Австралия құрамалары бар. Екі топ үздіктерінің тартысы қызықты болмақ.
Сонымен, дүбірлі дода тарихындағы ең қымбат әлем чемпионатын да тамашалау сәт санап жақындап келеді. Бір ай бойы футбол «ауасымен» тыныстайтын әлем көз тіккен тартысты кездесулерді құр жіберіп алмаңыздар! Ал бүгінгі ашылу салтанатын және Бразилия мен Хорватия кездесуін «KazSport», «Қазақстан» арналарынан тамашалай аласыздар.
Еске салайық, осыған дейін әлем чемпионатына орай Massaget.kzпорталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін кеше жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі Бразилия – Хорватия ойынына ғана төмендегі «пікір жазу» деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
http://massaget.kz/ch-2014/byge/19250