Мәскеудегі экстремизм мен ксенофобия көріністерін зерттеумен айналысатын «Сова» ақпараттық-талдау орталығының деректеріне қарағанда, Ресейде биылғы жылдың алғашқы алты айында ұлтшылдар шабуылынан 13 адам қаза тауып, 61 адам жараланған.
Шабуылдардың көбі Мәскеуде жасалған. Мұнда бес адам қаза тауып, жәбірленушілердің 13-і жараланған. Болжамдар бойынша, шабуылдарды әсіреұлтшыл топтар жасаған
Санкт-Петербургте жасалған шабуылдардан да екі адам мерт болып, жеті адам зардап шеккен.
«Сова» орталығының бұл есебіне Солтүстік Кавказ бен Ресей Украинадан көктемде ғана аннексиялап алған Қырымдағы этникалық және нәсілдік шабуылдар қамтылмаған.
Ұйым «ұлтшылдар шабуылына негізінен Орталық Азия мен Кавказдан келген жұмысшы мигранттар ұшырайды» дейді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Африка елдері мен Жапония азаматтары да бар.
http://www.azattyq.org/content/news/25451680.html