АЛТЫНОРДА
Новости

Германияда Қазақстанның мәдени орталығы бой көтереді

Астана. 8 қыркүйек. Baq.kz – Германияның Айфель аймағында Қазақстанның мәдени орталығы бой көтереді – деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. Мемлекеттік қорықтың 39 гектарына орталық тұрғызуға жариялаған неміс үкіметінің грантын қазақ кәсіпкері Жанна Штрак ұтып алды.

Үкілі домбыра, қамшы, қошқармүйіз оюымен безендірілген көрпешелер, тіпті күбі де бар. Жанның үйіне келген меймандар алдымен қазақтың ұлттық бұйымдарымен, музыкалық аспаптарымен танысады екен. Сонан соң, тағамнан дәм татады. Бұған дейін жылқы етін жеп көрмегендердің қазір қазы-қарта ең сүйікті тағамы.

«Біз олардан тазалықты, мәдениетті үйренсек, олар бізден қонақжайлылықты, тамақ беруді, үлкенді сыйлауды, келген қонақтың құлы болуды үйреніп жатыр. Еуропада ата-анасын қарттар үйіне жібереді. Біздің қасымыздағы достарымыздың бәрі біздің ата-анамызды қалай сыйлайтынымызды көрді, оларда ата-аналарына мейіріммен қарауды үйренуде — «Eifel&More Kompanie»компаниясының президенті Жанна Штрак.

Жамбыл облысының тумасы Жаннадан жолдасы Николас пен неміс жұртшылығы талай нәрсені үйреніпті. Қандасымыз қазір Айфель аймағына белгілі кәсіпкер, әрі депутат. Осы абыройдың арқасында, жерлесіміз жақында мемлекеттік қорықтан 39 гектар жер ұтып алды. 11 мың гектар жерге созылған Айфель қорығында бүгінде қызыл кітапқа енгізілген 900-ден астам жан-жануар мен құстар мекендейді. Енді осы керемет ұлттық парктің ішінде Қазақстанның мәдени орталығы бой көтереді. Көпұлтты Қазақстанның тәжірибесін әлемге үлгі ететін «Еуразия» ордасының қағаздағы нобайы қазір дайын. Инвесторлар табылса, құрылыс жақын күндері басталады. Осы орталықта 130 ұлттық түрлі дін мерекелері тойланады. Яғни, мұнда салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты насихаттайтын орталықтан бөлек, 300 демалыс орны мен спорттық алаңдар салынады. Қазақ тілін үйренем деушілерге курстар ашылады. Бірлікті ту еткен қазақ елінің тың жобасын жүзеге асыру үшін Жанна отандық кәсіпкерлерді құрылысқа белсене ат салысуға шақырады.

Фото: Нұрсұлу Қасым

http://baq.kz/kk/diaspora/1078