Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің шын мәнінде жағдайы тығырыққа тірелген сияқты. Тбилисидің «Алиа» газетінің жазуына қарағанда, экс-басшы бүгінгі таңда АҚШ-та жүр. Бірақ…
Анық болғаны, АҚШ билігі Михаил Саакашвилиге саяси баспана бермейтін сияқты. Бұрын туристік мәртебемен жүрген экс-президент енді оны жұмысшы визасына ауыстыруы мүмкін.
«Алиа» газетінің жазуына қарағанда, Саакашвилидің Ақ үйде қолдаушысы қалған жоқ. АҚШ-тың қазіргі президенті Барак Обамаға оның тіпті қажеті шамалы болып тұр. Мәселенің анық-қанығы жақын уақытта белгілі болып қалуы мүмкін.
Бірақ БАҚ өкілдеріне белгілі болғаны, 20 қыркүйек күні Михаил Саакашвили жұмысшы виза алу туралы тиісті орындарға өтініш берген. Осы уақытқа дейін ол Тафтса университетінде студенттерге дәріс оқып келген. Алайда аталған жоғары оқу орны онымен келісімшартты үзген. Қазіргі таңда ол АҚШ-тағы достарымен жиі араласып, өзінің қызметтік өмір жолы туралы мемуар жазу үстінде. Бірақ Грузия билігі Интерпол арқылы Саакашвилиге іздеу жариялады. Оған «2007 жылы Тбилисиде адам өлімі болған наразылық шеруін қуып таратты. Сонымен қатар «Имеди» телеорталығына қысым жасады» деп айып тағылды. Біраз уақыт бұрын оның әйелі мен анасы және әжесінің мүлкі кәмпескеленді. Ал Михаил Саакашвили ешуақытта Грузияға келмейтінін жария етті. Оның ойынша, грузин билігі тағып отырған айыптың барлығы да «қолдан жасалынған».
Дайындаған Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
http://www.aikyn.kz/articles/view/58465