АЛТЫНОРДА
Новости

ОТБАСЫ БІРЛІГІ – ОТАН БІРЛІГІ МЕМЛЕКЕТ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНА КӨҢІЛ БӨЛЕДІ

ОТБАСЫ БІРЛІГІ – ОТАН БІРЛІГІҚазақтың жетімі мен жесірін жылатпаған халық екені бүгінде аңыздай айтылады. Гуманистік идеялар қанына сіңген қазаққа қарияны қадірлеудің, баланы тәрбиелеудің, ананы құрметтеудің, әкені сыйлаудың, отбасы институтын сақтаудың жөн-жосығын үйретудің қажеті жоқ. «Баланы жастан…» дейтін қазақ үшін тал бесіктен жер бесікке дейінгі тәлім-тәрбие өмірлік салтқа айналғаны рас. Дегенмен ғасырлар бо­йы­ қалып­тасып, қанға сің­ген,­ бірақ құрсаулы за­ман­ның теп­кі­сімен көмескілене бас­та­ған құндылықтарды қайта жаң­ғыр­тудың қажеттілігі туды. Мысалы жетімдерді асырап алудың құқықтық негізін әлі де жетілдіре түсу керек. Бұған қоса ана мен баланы, егде жастағы азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау үшін талай заңнамалық құжаттар қа­былдау қажет.

Былтырдан бері Президент жар­лығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» мере­кесі болып бекітілген еді. «Қазақстан-2050» стратегиясының басты мақсаттарының бірі жас ұрпақ­тың балалық шағын алаңсыз, ал қарттардың зейнетін берекелі ету, ана мен бала құқығын қорғау, әр шаңырақта шат-шадыман тұр­мыстың орнауын қамтамасыз ету бо­латын.

Жаппай ғаламдану заманында етек-жеңін қымтап ұстауды ойлаған ұлт ұрпақ тәрбиесіне алаңдаса жөн. Әлеуетін көтеріп, әлемнің озық отыз елінің қатарынан көріну үшін отбасы қазығы мықты болуы тиіс.

Тоқсаныншы жылдардан бе­рі­ елімізде 6 миллионнан аса нә­рес­те дүние есігін ашыпты. Халқы­мыз­дың саны 17 миллионнан асуында бұл сәбилердің үлесі мол. Әрбір 1,5 минутта дүниеге бір бала келеді екен. Осылайша, Қазақстанда былтыр 254 мың бала жарық дүние есігін ашты.

Бірақ Қазақстанда жыл сайын 1,5 мың бала жетім атанады. Қазіргі таңда елдегі жетімдер қатары 34 мың­ға жеткен. Ал 149 мың бала ден­саулығының дімкәстығынан ар­найы бағып-қағуға, ерекше қамқорлыққа мұқтаж.

Ұрпағынан қайыр көрмеген жеті мың қария қарттар үйінде тіршілік етіп жатыр.

«Бір бала дүниеге келсе, бір түп жу­сан артық өседі» дейтін тәубешіл қазақ жаратылыс заңдылығымен үн­дес өмір сүрді. Баланы өмірге әкелу мен оны азамат етіп өсіру, жақсы тәрбие беріп, қатарға қосудың арасында тұтас елге салмақ болар орасан жауапкершілік жүгі бар. Бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде көңіл бөліне бастағаны қуантады. Бұған дейін ұрпақ тәрбиесіне, ана мен балаға, жетім-жесірге жағдай жасалмады демейміз, бірақ осы бағытта кешенді бағдарлама жасалып, ақпараттық-идеологиялық жұмыс жүргізіп, ұдайы басымдық беріп отырудың берері басқаша болмақ.

Осы орайда, биыл тұңғыш рет өткізілген «Мерейлі отбасы» бай­қауы отбасылық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде жандандыруға сеп. Ерте көктемнен басталған іріктеу байқауларына елдің түкпір-түкпірінен 1298 отбасы қатысыпты. Ең соңғы сатыда он алты өңірден 16 отбасы озып шығып, ақтық сынға қатысу үшін Астанаға келді. Олардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан Бимаханбетовтер отбасының мерейі ерекше үстем болып, 83 жастағы Елтай ақсақал Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан арнайы диплом және Қазақстанда жасалған әмбебап шағын автобустың кілтін алды. Қалған он бес отбасының әрқайсына отандық жеңіл автокөліктер тарту етілді.

Елбасы құттықтау сөзінде Бала құқығы институтын құру туралы құнды ұсыныс айтты. «Бірінші кезекте, қоғамдық негізде Бала құқығы жөніндегі уәкілетті институт құру мәселесін пысықтауды тапсырамын. Жетім және қамқоршысыз қалған балалардың бірыңғай жалпыұлттық дерек қорын қалыптастыру керек. Мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі негізінде жұмыс істейтін, жас отбасыларға, жалғызбасты аналарға, балаларға, қарттарға жан-жақты көмектесетін институттар желісін дамытқан жөн», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Отбасы туралы тереңнен толғанған Елбасы мұның «Қазақстан-2050» стра­тегиясына сай екенін айтып өтті. «Отбасы – береке-бірліктің қай­нар көзі. Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы – Атамекеннің тұтастығы. Біз жас ұрпақтың білімді, дені сау болуы, әрбір некенің мызғымас берік болуы, қарттардың зейнетті өмір кешуі үшін барлық жағдайды жасап келеміз. Бұл демографиялық ахуалға оң әсерін тигізуде», – деді Президент.

Отбасылық қатынастарды, мо­раль­дық-этикалық және рухани адамгершілік құндылықтарды нығайту үшін Елбасы 2015-2020 жылдарға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлеуге тапсырма берді. Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия осы іске мұрындық болуы керек.

Бұл орайда ақпараттық-насихат­тық жұмыстардың жөні бөлек. Ақпарат қалай қарай бет алса, адами пиғыл солай қарай бұрылатыны анық. «ХХI ғасырдың ортасында отбасыларының басым көпшілігі тыныштық пен молшылықта өмір сүретін ел ғана ең дамыған мемлекет қатарында болады. Балаларды тәрбиелеп, оларға сапалы білім береді, аға буынға қамқорлық көрсетеді, саламатты өмір салтымен жүреді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жеңімпаз он алты отбасының әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар. Әрбірінің өзгеше тарихы бар. Бірі – көпбалалы отбасы болса, бірі – 340 жетімді паналатқан қамқор жанұя. Енді бірі – теміржолшылар әулеті болса, тағы бірі үшінші атадан бері мұнайшы мамандығын таңдаған отбасы. Олардан басқа спортшы-альпинистер, мұғалімдер, дәрігерлер, өрт сөндірушілер, зоо­техниктер, энергетиктер, ішкі істер қызметкерлері және экологтар әулеті де бар. Қарағандыдан келген белгілі Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің отбасы да жеңімпаздар қатарында. Қызылорда облысынан келген, егіз және үшем балаларды тәрбиелеп отырған Әлібековтер отбасы да ерекше атап өтуге лайық. Ал батысқазақстандық Сәндібековтердің оралман отбасын да бұл құрметке лайық емес деп ешкім айта алмас.

Енді «Мерейлі отбасы» байқауы жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шараға айналмақ. Ендеше, баланы басты қазына деп санаған талай қазақ отбасы отандық көлік мініп, ел алдына шығып, мерейі үстем болады деген сөз. Елбасының «онда келесі байқауға дейін бала санын көбейту керек» деген қалжыңның астарында бата-тілек бар.

Гүлбиғаш Омар

Астана 

http://www.turkystan.kz/kz/articles/view/58310