Норвегия 2022 жылғы 24-қысқы олимпиада ойындарын өткізу ниетінен бас тартты. Норвегия үкіметі бұл шешімін олимпиаданы өткізуге қажетті қаржы табатынына кепілдік бере алмайтынымен түсіндіреді.
Енді 2022 жылғы олимпиада ойындарын өткізуге Алматы мен Қытайдың Пекин және Чжанцзякоу қалалары үмітті. Қытай олимпиаданы осы екі қалада бірдей өткізуді ұсынып отыр.
Бұған дейін Стокгольм (Швеция), Краков (Польша) және Львов (Украина) қалалары 2022 жылғы олимпиаданы өткізу ниетінен бас тартқан. Украинаның олимпиада комитеті елдегі саяси және экономикалық жағдайдың күрделілігіне байланысты Львовты 2026 жылғы олимпиаданы өткізуге үміткер етіп ұсынуға шешім қабылдаған.
2022 жылғы қысқы олимпиаданы өткізетін ел 2015 жылы 31 шілде күні Малайзия астанасы Куала-Лумпурде халықаралық олимпиада комитетінің кезекті сессиясында белгілі болады.
http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html?id=26616513