АЛТЫНОРДА
Новости

Орыстың шовинистік көзқарасы Еуразиялық одақты таратып тынуы мүмкін бе?

©Алаш айнасы иллюстрациясыБіз қанша жерден «таза экономикалық одақ» дегенімізбен кез-келген мұндай одақтар саясиланатыны сөзсіз. Оны тарихтан да, қазіргі әлем тіршілігінен де көруге болады. Мәселен, Еуропалық одақты алыңыз – әу баста таза экономикалық мүдделер тұрғысынан құрылды, қазір саясатты алдыңғы орынға шығарып алды. Кедендік одақ құрылған кезде халық арасында «Біз бұрынғы КСРО-ны қалпына келтіріп жатқан жоқпыз ба?» деген қауіп белең алды. Ол біршама сейілген секілді көрінгенімен, осы ұйымды жақтап жүргендердің өздері белгілі бір үрейді сезінетіндей. Бертін келе, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойдық. Байқап қарасақ, осы уақыттың ішінде солүстік көршімізде ұлтшылдық күшейе түсті, тіпті Ресей империясын қайта құру қажет деген мәлімдемелер айтылды. Әрине, оған Украина шиеленісі де әсер етіп отыр. Дегенмен, соның салдарынан Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі идеясы көмескіленіп барады. Сарапшылардың айтуынша, Ресей шовинистік көзқарастан арылмаса, өзі де, бүгін құрылып жатқан экономикаға негізделген одақ та құрдымға кетеді.

Ресей президенті Владимир Путин билік басына келген сонау жылдардан бастап орыс халқының санасын «жаңғырту» жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бұнысы нәтижесіз де емес. Ол туралы айтылды, айтылып та жатыр. Ал Украинаның бір бөлігі — Қырым Ресейдің қол астына кіріп, Луганск пен Донецк өз бетінше «Новороссия» деп ту көтергеннен кейін ресейліктердің, оның ішінде орыс жастарының ұлтшылдық рухы көтеріліп, тіпті «әсіре лимоновшылдардың» қатары көбейіп те кетті. Жастарды былай қойыңыз, орыстың аға буын өкілдері болса, кеңестік заманды аңсай бастады. Оппозицияланып жүргендердің өзі басқасын ысырып тастап, Путиннің империалистік ұстанымын қызғыштай қорғап бағуда. Мемлекеттік думада отырған кейбір депутаттар бұрыңғы Ресей империясын қайта құрып, кеңестік жүйе үлгісінде идеологияны жүргізу қажет деп жар салды. Әлбетте, оның барлығы жастарға да әсер етпей қоймайды. Алысқа бармай-ақ қояйық. Жалпыресейлік жастар форумында Путинге сұрақ қойған бір студент қыздың сөзі үлкен мәселені аңғартса керек. «Бүгінде Украинадағы ұлтшылдықтың өсіп жатқаны туралы әңгіме басылар емес. Алайда Қазақстанда да, нақты айтсақ, елдің оңтүстігіндегі ұлтшылдықтың көбеюі қатты алаңдатады. Біздіңше, қазіргі Президент Назарбаев мырза соған тосқауыл болып отыр. Сұрақ: Егер Назарбаев мырза президент қызметінен кетсе, сол жердегі жағдайдың Украина сценарий бойынша жалғасатынын күтуге бола ма? Осы бағытта жұмыс істеудің нақты стратегиясы бар ма? Бізде ұсыныстар бар. Қосылуға дайынбыз», — деді ол. Демек, орыс жастары Кремльдің Қазақстанға қатысты бір стратегиясы болуы керек деп санайды. Оған өз ұсыныстарын да қосуға даяр. Бәлкім осыны Кремльдің өзі астыртын айтқызып отырғызбасына кіс кепіл? Сөз жоқ, бұның барлығын – кешегі «кеңестік ностальгияның» нәтижесі ғана деп айтсақ, жеңіл қараған болармыз, өйткені орыс жастары кеңестік одақтан да арғыны қалайтыны жасырын емес. Сосын Жириновский сияқты әсіре топтың насихаты нәтижесінде орыс жастарының «патриоттық сезімі» империалистікті аңсау сипатымен ұласа бастады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақтың болашағына үлкен қауіп төндіріп отырған сыңайлы. Өйткені, бүгінгі Ресейде, соның ішінде орыс жастарында еуразияшылдық көзқарастан гөрі шовинистік көзқарас басым. Сөйтіп, экономикалық негізге құрылған ұйымның идеясы алдағы уақытта қайшылыққа ұшыраса, онда оның болашағына орыстың өзі балта шапқан болмай ма? Өйткені, орыстың бүгінгі «ұлтшылдығы» шындығында да қауіпті. Ал Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігімізге кесірін тигізетін кез-келген ұйымнан сол сәтте-ақ шығып кететінімізді бірнеше дүркін мәлімдеді. Былайша, айтсақ теріскей көршіге ескертті.

Жаңа одақтың түпкі идеясы – еуразияшылдық. Оны кезінде белгілі тарихшы-ғалым Лев Гумилев ұсынған болатын. Оның этногенез теориясына сәйкес, Еуразия кеңістігіне қандай да бір империя немесе экономикалық аймақ ретінде емес, алдымен ұлттар мен ұлыстардан тұратын әлем, кеңістік ретінде қарау қажет. Бұл сан алуан мәдениеттер мен салттардан құралған мозаика, «көпұлтты тұлға» іспеттес. Шыны керек, Қазақстан «көпұлтты тұлға» ретінде қалыптаса білді. Содан Президент Назарбаев еуразияшылдық идеясын негізге ала отырып, Еуразиялық экономикалық одақ идеясын құруды ұсынды. Алайда бүгінгі Ресейдің беталысы, оның келешек жастарының басым көпшілігің көзқарас-ұстанымы мен өркениетті ойлау деңгейі бұған дайын емес сияқты. Әрине, Ресейдің қазіргі жағдайында саяси-экономикалық күш-жігері бар. Бірақ, тағы да қайталап айтуға тура келеді, олардан еуразияшылдық көзқарас байқалмайды, керісінше империалистік пиғыл басым. Оны ресейлік мамандар да мойындап отыр. Бір мысал: «Еуразиялық одаққа деген көзқарас өзгеше болуы қажет. Егер біз одақты құрып, Ресейді қазіргі қалпында сақтап қалғымыз келсе, оның территорияларына (федерациялары – авт.) коллония ретінде емес, өз жеріміз деп қараған жөн», — дейді Мәскеу қаласындағы Лев Гумилев орталығының директоры Павел Зарифуллин.

Оның айтуынша, КСРО-ны сағынғаннан еш пайда шықпайды. «Ностальгиямен алысқа бара алмайсың. Қазір бұл кеңістікте коммунистік идеяны бұрынғы күшпен жүргізу мүмкін емес. Сондықтан Еуразиялық одақтың ең ұтымды идеясы тек еуразияшылдық қана бола алады», — дейді ол. Маманның сөзіне қарағанда, бүгінде Ресей жерінде ұлтаралық шиеленістер басылғандай болды. Себебі орыстар үлкен бір ұлтаралық шиеленіспен бас қатырып жүр. Ол – Украина мәселесі. Дегенмен, елдің ішкі қайшылықтары ешқайда кеткен жоқ. «Егер біз өз елімізде этникалық ұлшылдық мәселесін шеше алмай, әрбір ұлттың аймақтық болмысын сақтауға кепілдік бермесек, онда Еуразиялық одақтан бұрын Ресейдің өзі құрдымға кетеді», — дейді П. Зарифуллин.

Негізі, сарапшылардың бірталайы Еуропа мен Азияның ортасында тұрған Ресей үшін батысқа емес, шығысқа қарай жүрген тиімді деп санайды. Себебі еуропалықтардың бұрыннан бойында қатып қалған менталитеті — олар орыстармен тең дәрежеде ешқашан да санаспайды. Ал Азия мемлекеттері ондай емес. Сондықтан ресми Кремльдің дамыған Еуропадан гөрі дамып келе жатқан Азияны таңдайтыны белгілі. Оған қоса, ол жерде жеке идеологияны да жүргізуге мүмкіндік бар. Ондай әрекетке жол беруге болмайды.

Бүгінде ресейлік мамандар ұлтаралық шиеленістерді зерттейтін арнайы министрлікті ашуды ұсынып отыр. Аталған құрылым қандай да бір шиеленісті анықтап, ұлттық саясатқа тиісті өзгерістерді енгізуі тиіс. Біздіңше, дәл осындай ұйым Еуразиялық экономикалық одақта та болуы қажет. Ол одақтың негізгі идеясын түсіндіру жұмыстарын бақылап, оған мүше мемлекеттердің арасына от салатын адамдарды жазалауы шарт. Әсіресе, орыстың ұлтшылдарының тілін тартқызуы керек. Әйтпесе, ондай одақтың ешкімге де керегі жоқ.

Автор: Арман Асқар

Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/oryistyin-shovinistk-kozkarasyi-euraziyalyik-odaktyi-taratyip-tyinuyi-mumkn-be-55224/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі