АЛТЫНОРДА
Новости

Путинді сынаған бурят әйелге ұлтшылдар өшікті

Тұрмыстағы әйелдер ішінен ең сұлуын анықтайтын «Миссис Санкт-Петербург – 2014» байқауының финалына шыққан Виктория Маладаева. Бурятияда туған, билікке қарсы пікірлерін бүкпей айтатын әйел Санкт-Петербургтегі сұлулар сайысында көп дауыс жинады. Бірақ нәсілшілдер әлеуметтік желіде оны сынап, мұқатып жатыр.

Тұрмыстағы әйелдер ішінен ең сұлуын анықтайтын «Миссис Санкт-Петербург – 2014» байқауының финалына шыққан аруды нәсілшілдер ұлты басқа әрі Кремль саясатына қарсы болғаны үшін сөгіп, жер-жебіріне жетті.

ПУТИНДІ СЫНАҒАН СҰЛУ

Байқауға онлайн дауыс беру өткен аптада басталды. Бурятиядан шыққан, тоғыз жылдан бері Петербургте тұратын 25 жастағы Виктория Маладаеваны қолдаушылар көп. Ресейдегі «ВКонтакте» желісін тұтынушылар бұған күйіп-пісіп, бурят әйелдің озып шыққанын жақтырмай қалды.

Викторияның бәсекелесін қолдайтын Марго Гершкович «ВКонтакте» желісінде «Бурят қыздың Петербург аруы болғаны күлкілі емес пе?! Адам нанғысыз жағдай» деп жазады.

Енді бір желі пайдаланушы Александр Черноморцев Маладаеваның Кремльге қарсы қыркүйектің 19-ы күні жазған пікірінің скриншотынсалып, жағдайды одан әрі ушықтырды. Маладаева БАҚ пен интернет еркіндігін шектеген билікті сынап, президент Владимир Путинді «1950 жылдан кейінгі Ресейдің басына төнген үлкен бәле» деп атайды.

«Тағы да өзімізді үшінші дүние елдеріне теңестірдік» деп жазған Маладаева Путиннің жақтастарын «надандар» деп сынайды. Ол «ВКонтакте» парақшасынан бұл пікірін алып тастағанымен, ондай сөзді жазғанын жоққа шығармайды.

Виктория Маладаеваның "ВКонтакте" парақшасындағы отбасылық суреті.Виктория Маладаеваның «ВКонтакте» парақшасындағы отбасылық суреті.

Кейін ол ресейлік БАҚ-қа «өзін орыстарды жеккөретін етіп көрсету үшін мәтін ішінен сөздерінің кесіп алынғанын» айтты. Маладаеваның айтуынша, «Черноморцев оның саяси көзқарасы мен ұлтын желеу етіп, сайыстан шығармақ».

Маладаеваны «басында ақауы бар», «орыстарды жек көреді», «Петербургті ұятқа қалдырады», «халық жауы» деген айыптаулар қарша борады. Тіпті оны сайыстан шығарып тастауды ұсынғандар да табылды. «ВКонтакте» желісін пайдаланушы Александр Белопотанов «шашын қырып, басын унитазға тығайық» деп жазды.

«ОРЫСТАРДЫ ЖЕК КӨРЕМ ДЕГЕН ЖОҚПЫН»

Форумға қатысқан Катя Сидорович есімді интернет қолданушы Черноморцевті «ұлтаралық араздық қоздырды» деп айыптап, әкімшілікті оның пікірлерін жарияламауға шақырды.

Сол сияқты Asia Russia Daily агенттігіне мақала жазатын Евгений Хамаганов та Маладаеваны қорғайды. Ол «Осындай үңгір адамына тән нәсілшілдік пен байбаламдарды оқып отыруға уақытым жоқ, себебі олар бір адамның «оң» пікір айтпағаны үшін айқайлап шығады» дейді.

Маладаева өзін қолдаған адамдарды оппозициялық көзқарасы мен әлеуметтік желідегі нәсілшіл пікірлерге мән бермеуге шақырды.

«Мен қай жерде «орыстарды жек көремін» деп жазыппын? Бұл — біреулердің арам ойы. Достар, ондайларға көңіл бөлмеңдер. Жақтырмайтындар бар екенін білетінмін, бірақ оларды осынша өштеседі деп ойламаппын» деп жазды ол «ВКонтакте» парақшасына.

«Миссис Санкт-Петербург» сайысы бесінші жыл өтіп жатыр. Қатысушылар бойы 168 сантиметрден ұзын, тұрмыс құрған, балалы әйел болуы тиіс. Жеңімпаз қарашаның 6-сы күні анықталды.

Виктория Маладаеваға Гран-при жүлдесі бұйырмады, бірақ ол онлайн дауыс беруден ең көп қолдаушы жинап, «Миссис Төзімділік» арнайы титулына ие болды.

(Том Бэлмфордтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)  

                        http://www.azattyq.org/content/russia_victoria_/26678739.html