Ресей баспасөзі, расталмаған деректерге сүйеніп, Мәскеуде «автокөлік ұрлайтындар» ісімен ұсталған күдіктілердің «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қатысы болуы мүмкін деп жазды.
Ресейліктер «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистер тобының әлеуметтік желідегі зорлық-зомбылыққа үгіттейтін идеологиясы елдегі мұсылман тұрғындардың радикалдануына ықпал етеді деп сене бастады. Олар әсіресе Мәскеудегі саны көп еңбек мигранттарына секеммен қарайды.
ДҮРБЕЛЕҢ ТУҒЫЗҒАН ТОП
Соңғы бір-екі жылда Мәскеу автокөлік жүргізушілерін дүрбелеңге салған «Grand Theft Auto» (ГТА) бұзақылар тобы да осындай күдікке ілінді. Танымал бейнеойынның атымен аталған қылмыстық топ автокөлік ұрлап, жүргізушілерді атқан, олардың қолынан тас жол мен қала шетінде кем дегенде 14 адам қаза тапқан.
Бұзақылардың қолға түскені туралы ақпарат ең алдымен Кремльге тәуелді LifeNews сайтына шықты. Онда қарашаның 6-сы күні бұзақы топ мүшесі болуы мүмкін 14 адамды (8 еркек, 6 әйел) арнайы жасақтың ұстағаны жазылған. Полицияға қолдан жасалған граната лақтырған бір қылмыскер атып өлтірілген деп хабарланды.
LifeNews құқық органының аты-жөні белгісіз қызметкеріне сілтеп, бұзақылар тобының жетекшісі оларды Сирияға соғысқа жіберу үшін дайындағанын айтады. «Тергеушілер бұзақы топтың Мәскеу маңында адам өлтіргендері әскерилер қатарына өту үшін жасалған рәсім болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды» дейді LifeNews.
LifeNews ұсталғандардың кімдер екені туралы ештеңе жазбады, ал «Комсомольская правда»сайты олар Орталық Азия елдерінен келген еңбек мигранттары болуы мүмкін дейді. Автор «ресми деректің мардымсыз» екенін айта келе, ұсталғандар туралы ақпарат алу үшін жергілікті тұрғындармен сөйлесіпті. Тұрғындардың бірі күдіктілердің он жыл бұрын Қырғызстаннан келгенін айтқан.
«Қожайын әйелдің аты Баракат. Ол үнемі мұсылманша киініп жүреді, намаз оқиды. Ұлы да діншіл. Үнемі сақалды достарының қасынан көретінбіз» дейді тұрғын.
ДӘЙЕКСІЗ БОЛЖАМДАР
«Комсомольская правда» бұл адамдардың ИМ тобына қатысы туралы сыбысты сақтықпен жазады. «Тағы бір болжам бар. Жас жауынгер-әсіредіншілдерді Сирияға, «Ислам мемлекетіне» жіберуге дайындауы да мүмкін» дейді басылым.
«Московский комсомолец» (МК) газеті бейресми деректерге сүйеніп, көбірек дерек беріпті. МК полицияға граната лақтырып өлген күдікті «Өзбекстан азаматы, 33 жастағы Р.Усманов болуы мүмкін» дейді. Басылым оның «ИМ-мен тығыз байланыста» деп сипаттаған.
«Тағы бір қызық дерек бар. Бірнеше ай бұрын ИМ-нің насихатшылары түсірген, «Семсер шайқасы» атты бейнебаян орысша субтитрмен берілді. Онда террористер жолдағы біреудің көлігін қуып жетіп, бәрін Калашников автоматымен атты. Көлікте отырғандардың бәрі опат болды. Бұл естеріңізге ештеңені түсірмей ме? Оның үстіне, ГТА мүшелері келісімге отырмаса да, дайындықтан өткенін айттық» деп жазады МК.
Бұл мәліметтер ИМ Ресейдегі Орталық Азиядан келген еңбек мигранттарын өздеріне тартпақ деген сыбысқа ұласты. Ресейлік «Фонд общественного мнения» (ФОМ) қоры қазан айында азаматтар арасында жүргізген сауалнама ресейліктердің ширек бөлігі «ИМ елге қауіп төндіреді» деп қорқатынын анықтады.
МИГРАНТТАРҒА КҮДІК КҮШЕЙДІ
Шешенстан сарапшысы Майрбек Ватчагаев қыркүйекте Ресей бақылаушыларының арабша сөйлеген ИМ өкілінің «Ресейге келіп Шешенстанды азат етеміз» деген сөзіне алаңдап қалғанын айтады.
Ватчагаевтің пікірінше, ИМ тобының Сириядағы содырлары Ресей мүддесіне қатер төндірмегенімен, олар ұстанған идеологиядан қауіптену керек. «Ресей әсіредіншілдердің баяу іске қосылатын бомбасының ұшында отыр, оның қашан жарылатыны уақыттың еншісінде» дейді ол.
Осы экстремистік идеологиядан қауіп еткен Ресей қауіпсіздік қызметі ВКонтакте желісіндегі ИМ аккаунттарын жаба бастады.
Автокөлік ұрлау қылмысымен айналысып келген ГТА тобының «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымымен шынымен байланысы болғаны, я болмағаны белгісіз қалып отыр. Ал ресейліктердің біразы Мәскеуде саны артып келе жатқан мұсылмандар арасында наразылықтың өсуі жастардың ИМ сияқты топтарға бет бұруына әсер етуі мүмкін деп ескертеді.
«Коммерсант» газетінің тілшісі Григорий Туманов жақында Мәскеудегі мұсылмандарды «баяу жарылатын бомба» деп сипаттады. Ол астанадағы мұсылмандар арасындағы шиеленісті ахуал мен ксенофобия мұсылман жастарды экстремистік топтарға қарай итермелейді деп жазды.
(Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).
http://www.azattyq.org/content/moscow_grand_theft_auto_russian_media_isis_central_asia_islam_state/26680589.html