АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«НАЗАРБАЕВ ӘРДАЙЫМ ІЛГЕРІДЕГІНІ КӨРЕДІ!»

загруженное (7)Елбасының «Нұрлы жол» Жолдауын жаһандық дағдарыс жағдайындағы «Кешенді реформалар жоспары» ретінде қарастыру және халықаралық тәжірибеге тарату керек.

Кеше Астанада, «Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне» орайластырып өткізілген халықаралық конференцияда осындай байлам жасалды. Мәжіліс бастамашы болған бұл жиында отандық және шетелдік саясаткерлер, биліктегі белді тұлғалар, халықаралық сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саяси бастамаларын, сондай-ақ Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістерге парламенттік дипломатияны тарту мәселелерін талқылады.

2011 жылдың 10 желтоқсан ел Пар­ла­менті «Қазақстан Республикасы Пре­зиденті күнін» мемлекеттік мереке ретінде бекітетін заң қабылдады. Ол жыл сайын  1 желтоқсанда аталып өтіледі. 1991 жылы дәл осы күні Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл­ха­лықтық сайлау нәтижесінде Қазақ­стан­ның бірінші Президенті болып сайланды.

– Парламенттің осы мерекені бекіту тура­лы қабылдаған заңы Н.Назарбаевтың қазақстандық мемлекеттің қалыптасуына, дамуы мен нығаюына қосқан айрықша үлесін мойындау болып табылды, – деді Се­нат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев. – Елбасының стратегиялық көшбасшылығы ар­қасында Қазақстан қарқынды әлеу­мет­тік-экономикалық даму жолына түсіп, жаңа тарихи жағдайда халықаралық беделі жо­ғары, табысты мемлекетке айналды.

Жоғарғы палата басшысының тұжы­рым­дауынша, «ең дамыған отыздық» бағы­тындағы ұлы міндетті орындау аса күрделі геосаяси жағдайларда жүреді және мұны ел бас­шылығы жақсы түсініп отыр: «Пре­зи­дент өзінің «Нұрлы жол» жаңа Жолдауында дұрыс атап көрсеткеніндей, әлем өзінің бү­кіл архитектурасын өзгертетін жаһандық сынақтар алдында тұр. Геосаяси күйзеліс кесірінен, БҰҰ Жарғысының ережелеріне негізделген қазіргі халықаралық қаты­нас­тар жүйесіне тепе-теңдігін жоғалтудың айқын қатері төнуде. Бұл көптеген мем­ле­кеттердің қауіпсіздігі мен әл-ауқаты үшін ауыр салдарларға соқтыруы мүмкін! Әлем­дік экономиканың турбуленттілігі сыр­тын­да, халықаралық экстремизм мен тер­ро­ризм қатері өсуде, әлеуметтік проблемалар ушығуда, экология нашарлауда. Адам­гер­ші­лік-рухани құндылықтар эрозияға ұшы­рауда».

Демек, Қ.Тоқаевтың айтуынша, барлық дерлік елдер үшін «жаһандық дағдарыс жағдайындағы дамудың және қауіпсіздіктің жаңа парадигмасын іздеу өзекті бола түседі».

– Елбасы өзінің «Нұрлы жол» Жол­дауында заманның басты қыр көрсетуіне жауап берді. Стратегиялық маңыздағы және халықаралық мәндегі бұл құжатты меніңше, дүниежүзіндегі тұрақсыздық жағдайындағы кешенді реформалар жоспары ретінде қарастыру керек. Парламентарийлердің міндеті – осынау бірегей дағдарысқа қарсы бағ­дарламаны сапалы заңнамалық қам­тамасыз ету болады, – деп түйді Сенат төрағасы.

Ал Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін» айшықты және бүкіл­халықтық мереке деп атады.

– 23 жыл бұрын, 1 желтоқсан күні қа­зақстандықтар биліктің шынайы бастау көзі болу, билікті қалыптастыру және оның саясатын айқындау бойынша өздерінің егемендік құқықтарын алғаш рет іске асырды. Бұл – Қазақстан халқы күшті президенттік билігі бар республиканың пайдасына дұрыс таңдау жасаған күн. Бұл – бірліктің, жасам­паздықтың құнды­лықтары, сондай-ақ экономикалық, саяси һәм әлеуметтік жаңғыру айналасында қоғамның топтасқан күні! Бұл – біздің халқымыз өз болашағы үшін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа орасан зор жауапкершілік артқан күн, – деді спикер.

Оның байламынша, Елбасының «Қазақстанның жаңа тарихындағы рөлін және оның тұлғасының ауқымын терең түсіну» үшін бірінші кезекте «соңғы 20 жыл ішінде елімізде жүргізілген тектоникалық өз­геріс­тердің тарихи мәні мен маңызын зерделеген жөн».

«Тұңғыш Президенттің тарихи еңбегі оның экономикалық қуатты, демо­кра­тиялық дамыған, әлеуметтік жауапты мемлекет тұрғызудағы, сондай-ақ одан әлемдік қауымдастықтың құрметті әріп­тесін жасаудағы жасампаз қызметінде екендігі дау тудырмайды. Ал Семей полигонын жабу, әлемдегі қуаты жөнінен төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту, жаһандық ядролық қарусыздану саласындағы бастамалар, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары келісімі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, еліміздің ЕҚЫҰ-дағы және Ислам ынтымақтастығы ұйымындағы төрағалығы – осының бәрі Қазақстанның және оның көшбасшысының өңірлік және жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілігінің стратегия­лық жоспары болып табылады» деп қорыт­ты сөзін Қ.Жақыпов.

Халықаралық жиында Ресейдің Мем­лекеттік Думасының төрағасы Сергей Нарышкин сөз сөйледі. Ол Ресей басшылы­ғының Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын зерделегендігін жеткізді.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары – тек Қазақстанның ғана емес, Еуразиялық одақтың болашақ дамуы үшін өзекті әрі тарихи маңызды, – деді ол. – Бірден айтайын, Ресей ЕЭО секілді бірлестікті құру идеясын 1994 жылы-ақ Қазақстан Президенті  Н.Назарбаевтың жария еткендігін естен шығарған емес және жоғары бағалайды. Ол Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне сол өте күрделі жағдайлардағы оңтайлы геосаяси таңдаудың көкжиегін көрсетіп берді.

Оның айтуынша, Еуразиялық одақ енді континенталдық, сондай-ақ бүкіл әлемдік экономика үшін «тартылыс орталығы» болады: «Бұл жерде біздің одағымыз тер­риториясы бойынша әлемдегі ең үлкен мемлекетаралық бірлестік болып табыла­тындығын айтсақ, жеткілікті!» деді ол.

Бір айта кетер жайт, ЕЭО туралы келісімге Қазақстанның табандауы арқасында «ортақ Парламент құру туралы» идея кірмей қалған болатын. Енді солтүстік көршіміз депутат­тардың тығыз ықпал­дасуының басқа жол­дарын іздеуде екен.

«ЕЭО туралы келісімде экономиканың бар­лық салаларында интеграцияны терең­детудің жолдары да, сонымен бірге осы процесті қамтамасыз ететін органдардың мәртебесі де жақсы жазып көрсетілген. Әзірге олардың арасында ортақ пар­ламенттік құрылым болмай отыр. Бірақ келісімде елдеріміздің заңнамаларын үйлестіру және сәйкестендірудің айрықша маңызы атап өтіледі. Олай болса, ұлттық заңнамаларды, сайып келгенде, елдерімізді жақындастырудың негізгі ауыртпалығы енді ұлттық пар­ламенттердің иығына түсетіндігіне дайын болуға тиіспіз!» деді МемДума басшысы.

Сөз соңында Сергей Нарышкин Қа­зақстан мен Беларусь депутаттарына «үш ел парламенттерінің бейінді комитеттерінің бірлескен отырысын өткізіп отыру» туралы ұсыныспен шықты. РФ тарапының ұсынуын­ша, ол жиындарда «интеграциялық үдерістер аясындағы барынша елеулі бағдарламалар мен құжаттар талқылануы керек». Олардың қатарында Еуразиялық одақтың ортақ Кеден кодексі аталды.

Бұған қоса, Ресей «Еуразиялық одақ туралы келісімге сәйкес не сәйкессіздігі тұрғысынан ұлттық заң жобаларды міндетті сараптамадан өткізу» бастамасын жария етті.

Ал ЕЭО-ға кіруге ұмтылған қыр­ғыздарды қазақ еліндегі ауызбіршілік, ынтымақ және дана басшылық қызық­тыратын көрінеді. «Бұл – табыстардың кепілі, әрі алғышарты, – деді Қырғызстан Жоғорғу Кеңешінің депутаты Марат Сұлтанов. – Н.Назарбаевтың неге елдік ішкі мәселелермен айналысумен шек­телмей, халықаралық күн тәртібіндегі шараларға да белсене араласатыны және жай қатысып қоймай, жаһандық бастамалар жариялап, оларды тұрақты әрі табанды ілгерілететіні қырғыз зиялы қауым өкіл­деріне де түсінікті болуда.

Қырғыз қалаулысының пікірінше, «осы арқылы Елбасы Қазақ елін әлемге танытуда, дүниежүзілік қоғамдастық алдында беделін нығайтуда». «Бұл – қазақ мемлекетінің Тәуелсіздігінің кепілі. Қазақстан – бүгінде ешкім білмейтін, жер бетінен жойылып кетсе, адамзат аңғармай қалатын мемлекет емес, жетекші державалардың өздері сенімді әріптес, стратегиялық серіктес деп таныған аймақтық көшбасшы» деп түйді  М.Сұлтанов.

Ал Беларусьтің Ұлттық жиынының өкілдер палатасының Халықаралық істер бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Николай Самосейко қарапайым беларусьтар арасында Қазақстаның Тұңғыш Президентіне қатысты бір пікірді естігенін жеткізді: «Беларусьтар айтады: «Назарбаев барлық басшылар ішінде әрдайым бір қадам ілгерідегіні көреді» Бұл айтылғанға мен де толық келісемін!»

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz/