Жанар ДҰҒАЛОВА, әнші, актриса, «Turkvizyon–2014» ән байқауының жеңімпазы: Татарстанның Қазан қаласында өткен халықаралық «Turkvizyon–2014» ән байқауында Қазақстан атынан қатысқан Жанар Дұғалова жеңіске жетті. Осынау тарихи оқиғаға дүйім жұрт тікелей эфир арқылы куә болды. Ал жексенбі күні Жанар продюсері Баян Есентаевамен және Астана қаласы әкімдігі мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловпен бірге БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
«Түркі әлемінде өткен дүбірлі додада бағымыз жанды. Қуанышпен, жеңіспен оралдық. Әнші ретінде, елімнің патриоты ретінде мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Сайыста еліміздің беделі мен абыройын асқақтатуға барымды салдым. Ата-бабамның рухына арнап шығарған әнім жеңіс әкелді» деді әнші ағынан жарылып. Жанардың бағын ашқан «Ізін көрем» әнінің сөзін жазған – айтыскер ақын Ринат Зайытов. Бұл ән күллі түркі дүниесін дүр сілкіндірген шығармаға айналды десе болады. Өйткені ән орындалып болған соң, әннің не туралы екенін Жанардан келіп сұраушылар аз болмапты.
Жанардың продюсері Баян Есентаева да осындай күйді бастан кешкенін жасырмады. Ол өзі Қазан қаласына тек жеңіспен оралу үшін барғандарын айтады.
«Бүкіл ел бізден тек жеңіс күтетінін жақсы түсіндім. Сахнада қалай ән салғанын көрдіңіздер. Мен сахна сыртында емес, әдейілеп залға барып отырдым. Сол сәттегі әсерді өз басымнан өткіздім, залдағы көрермендер қандай көңіл күйде отырғанын сезіндім. Бұл бір ғажайып сәт болды. Жанар Көк туымызды көкке көтергенде, кеудемді мақтаныш сезімі кернеп кетті. Бізді қолдаған қазақстандықтарға үлкен рақмет айтқым келеді» деді Б.Есентаева.
Жанардың айтуынша, ол байқаудың бірінші күнгі жартылай финалда сахнаға бірінші болып шыққанда қиналғанын жасырмады.
«Бірінші күні сахнаға бірінші болып шықтым. Өзім эмоцияға қатты берілетін адаммын. Осындай үлкен сайысты бірінші болып бастау психологиялық жағынан өте қиын. Қатысушылардан жүрексіндім демеймін, ел үмітін ақтай алам ба деген ой мазалады, – деді ағынан жарылып. – Байқауға бір күн қалғанда басымнан кешпеген хикая қалған жоқ. Жылап та алдым арасында. Финал болатын күннің алдында ұйқы көрген жоқпын. Сол түні анама қоңырау шалдым, «Жас қанат» байқауына қатысқанымда да сахнаға шығу тәртібін анықтайтын жеребе тарту кезінде 1 және 3 санын алып шыққан едім, Қазанда да сол сандар шықты. Мүмкін, ол Алланың берген белгісі шығар… Анам «солай сен, жеңіс біздікі болады» деді. Мұны мистикаға жатқызуға болады» деді күліп.
Біз ырымшыл халықпыз ғой, финалдың шымылдығын жапқан түрік әншісі қолына Қазақстанның туын ұстап шыққанда да шу ете қалдық. Сөйтсек, Көк туымыз ешкімнің де назарынан тыс қалмапты. Баспасөз мәлихатында «Ол ту түрік әншісінде қайдан жүр?» деген сұрақтың қойылуы да заңды еді. Жауабын Болат Мажағұловтан білдік.
«Түрік әншісі сахнаға Жанардың фанаттары тұрған тұстан шыққанда, қазақ жігіттерінің бірі қолына біздің туды ұстатып жіберген, түрік әншісінің туымызды тастап жібермей сахнаға алып шығуы біздің елге деген құрметін көрсетеді» деді Б.Мажағұлов. Ал біз оны жақсы ырымға баладық.
Айтқандай, Жанар бұл жеңісіне Тұңғыш Президент күні қарсаңында қол жеткізгендіктен, жеңісін Елбасыға арнайтынын мәлімдеді. Әншінің бұл мәлімдемесі сол күні-ақ әлеуметтік желілерде қызу талқылауға түсіп кетті.