АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақ халқы Батыс Моңғолия жеріне қалай қоныстанды?

erjanibek.comТарихшылардың ортақ пікірлері Моңғолиядағы қазақ диаспросының қалыптасуын 2 үлкен кезең деп қарайды. Бірінші кезең – 1723 жылғы Жоңғар шапқыншылығынан ХІХ ғасырдың 70-жылдар аралығы болса, екінші кезең – ХІХ ғасырдың 70-80-жылдарынан ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейінгі аралығы. 

Алайда, бірінші кезең аралығында абақ керейдің жекелеген рулары Батыс Моңғолия жеріне барып мекендегені болмаса, нақты Қобда (Алтай тауының теріскей беті,) яғни, қазіргі Баян-Өлгей жерін қоныстанғаны екінші кезеңге сәйкес келеді. Бұл жайында С.Мұқанов “Тянь-Шаньның теріскей жақ бетіндегі халықтардың басым көпшілігі қазақтар. Олардың алды Қытай өлкесіне Абылай заманында өткен, – деп жазған болса, ғалым С.Толыбековтың еңбегінде: “Орта жүздің ханы Әбілмәмбет 1742 жылы Ресей билігіне қарауға наразы болып, өз қарамағындағы елдің біразын алып, Шығыс Түркістанға көшкен, – делінген. Бұл орайда қазақтың Моңғолияға қоныстану тарихы Қытайдағы қазақтың тарихының жалғасы деуге болады.

Керейдің батыры Жәнібектің де отаршылдық саясатқа наразы болып, өз қарамағындағы халықты ертіп Шығыс Түркістанға көшкендігі жайында Ә.Тортаева тың дерек келтіреді. Мұны ғалым И.Қабышұлы да жоққа шығармайды: “Ақтабан шұбырындыдан” кейін Алтайға ең алдымен Абақ Керей, сонан кейін Ашамайлы Керей, артынан Найман келді”.

Ал, моңғолдағы қазақ тарихын зерттеген И.Қабышұлы керейді орта жүзден алғаш Қотырақ батыр бастап, соңынан Жәнібек батырдың көшіп барғандығын жазды. Бұл көш Семей жерінен бері өтпей, Алтайдың күнгей бетіне, яғни, Шығыс Түркістан жеріне қоныстанған. 1758 жылы Маньчжурия үкіметі Қытайдың көп бөлігін басып алды. Құрамында үйсін, найман, қырғыз, моңғол, ойрат тайпалары бар Шығыс Түркістан да Маньчжурия қарамағына өтті. Маньчжурия Шығыс Түркістанның атын “Жаңа өлке” деп жаңа атауға ауыстырады. Тек 1865 жылы Алтай, Іле, Тарбағатай аймақтарындағы көтерілістен кейін бұл өлке қайтадан бұрынғы Шығыс Түркістан атауына ие болады.

Егер әдеби шығармаларға үңілсек, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Бұқар жыраудың “Керей қайда барасың, Сырдың бойын жебелеп…” – деген наразы толғауы бар.

Орыс ғалымы Г.Потанин Шығыс Түркістан мен Моңғолияның батысына жасаған саяхатында, 1830 жылы Алтайдағы қазақтың ру-ұлыстарын билейтін “төрт биі” болғандығын, олардың – Бейсембі, Бопан, Көкен, Құлыбек атты бүкіл 12 ата абақ керейдің беделді билері [31] екендігін жазды. Осыған қарағанда, қазақ ауылдары ХІХ ғасырда 20-30-жылдарында Алтай тауының Шығысына әбден орнығып алғандығын аңғарамыз.

Орыс саяхатшысы Г.Е.Грумм-Гржимайло қазақтың Қобда бетіне көшу себебін жер мәселесімен байланыстырады. Өйткені 1850-1865 жылдары Қытайда атақты Тайпиндер көтерілісі болып, ол бүкіл Ганьсу, Шэньси провинциялары мен Шығыс Түркістанды қамтыды. Шыңжандағы мұсылман көтерілісшілері Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарының көп жерін басып алды .

Ал Цинь империясы мен Ресейдің саясатында Шығыс Түркістан жері мен оны мекендеген қазақ рулары туралы мәселе көптеген жылдарға дейін созылған келісім-шарттардың нәтижесінде шешіліп, қазақ тайпалары, соның ішінде керейдің көп бөлігі Батыс Қытай өлкесінде қалды.

Өйткені, Абақ керейдің 1864-1881 жылға дейін қай мемлекетке қа- рауы туралы мәселе 1881 жылы Петербор қаласында Ресей-Қытай келісімі кезінде шешілді. Шығыс Түркістан Маньчжурия үкіметіне қарайтын болды.

Жайлау мен қыстау аралығы 200-500 шақырым, ал Цинь еліндегі қазақ үшін әсіресе, малды қыстату өте қиын болғандықтан, 1881 жылдан бұрын, яғни,  ХІХ ғасырдың 60-жылдарында олар Алтайдың теріскей бетін келіп мекендей бастаған болатын. Мұны Г.Е.Грумм-Гржимайло да растайды: “Алтайда шын мәнінде жаздай жер таласы, ал қыстай қора мәселесі бір бітпейді” [35]- дейді. Қазақтың екінші рет Батыс Моңғолия жеріне қоныстану кезеңі осылай басталды.

Г.Е.Грумм-Гржимайлоның еңбегінде: “Бастапқыда көшіп барған қазақ ауылдары урьянхайлардан (моңғол ішіндегі ұлыс – Қ.Қ.) Ақсу өзенінің бойындағы жерлерді жалға алып отырды. Бірақ жер дауы күшейіп, екі халық өзара жауласып, ақыры адам шығынына дейін барған кезде, Қытай үкіметі қазақтың нақты көшіп-қонатын жерін белгілеп берді, – десе, Г.И.Потанин: “Маньчжурия өкіметі қазақтың Қобда өлкесіне өтіп мекендеуін ұлықсаттаға-нымен, нақты мекендейтін жері туралы анық шешім шығармаған еді”, – деп жазады. Бұл орайда Г.И.Потанин еңбегі ғылыми дәлелге негіз болады.

1960 жылдан бастап қазақтың Қобда бетіне қоныстанғандығы туралы түбегейлі зерттеулер жүргізілді. Моңғол мен Қытай  арасында 1911 жылға дейін шекара болмағандығын ескере отырып, зерттеулер Ә.Мініс, А.Сарай өз еңбектерінде: “Қазақтың алғашқы легі Алтай тауының теріскей бетіне немесе Қобда өлкесіне 1868-1869 жылдары келген”, – деген қорытынды жасады.

1924 жылы шақырылған Моңғол Халық Республикасының алғашқы құрылтайында сөз сөйлеген қазақ өкілі Т.Дәуітбай: “Моңғол жеріне біздің қазақ 60 жылдың алдында келіп мекендеді” [39], – делінген.

Алайда қазақтың Моңғол жерін мекендеуі Цинь империясы үшін тиімсіз болды. Өйткені олардан алатын алым-салық жергілікті үкімет қазынасына түспейтін еді. Г.Е.Грумм-Гржимайло: “Батыс Қытайдағы көтеріліс кезінде қазақтың бір тобы Қыран Ертіс өзенінен өтіп, Алтай тауын асып, Бұлғын, Сақсай басына дейінгі урианхай жерін басып алғандығын жазды.

Моңғолияға қоныс аударған қазақтың бір тобы – найман болатын. Бұл туралы тарихшы З.Қинаятұлы: “Олар ХІХ ғасырдың 60-жылдары кереймен бірге Қобда бетіне барған. Найманның Байжігіт пен Бура рулары болса, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқаны үшін жазалаушылардан жәбір көрген Қаракерей найман еді”, – дейді.

Қазақ халқының Алтайдан Қобда өлкесіне қоныстануының көптеген саяси, әлеуметтік-экономикалық себептері болды:

1. Алтай өлкесі ұлан-байтақ болғанымен, мал шаруашылығы үшін қолайсыз еді. Сонымен қатар ХІХ ғасырдың басынан Алтай жерінде басталған егіншіліктің тез дамуы мал жайылымының азаюына әкеп соқты. Осы жағдайлар ХІХ ғасырдың ортасында жергілікті халық пен көшіп-қонып жүрген қазақ арасындағы жер мәселесін ушықтырды. Қазақ халқы мал шаруашылығымен айналысатын болғандықтан, оларға жайылым жер керек болды. Бұл жағдайлардың барлығы қазақ руларының біраз бөлігінің Алтайдан Қобдаға қоныс аударуына әкеп соқты.

2. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қытай елінің ішкі саяси жағдайы шиеленісе түсті. Қытайдың аз ұлттарға қарсы жүргізген кертартпа саясатының салдарынан жер-жерде ұлт-азаттық қозғалыстар өріс алды. Қазақтың Қобда бетіне қоныстануының тағы бір себебі осы болатын.

3. Қазақ рулары жергілікті Маньчжурия өкіметіне тікелей салық салудан бас тартты. Өйткені, мұсылман діні бойынша бұрыннан қа- лыптасқан салық түрі (зекет, ұшыр) рудың өзіне тән еді.

ХХ ғасырдың басында Қобдадағы қазақтың мал саны біршама көбейгендігі байқалады. Бұл туралы Г.Е.Грумм-Гржимайло: “1900 жылы керейдің бір отбасында орта есеппен жиырмаға жуық малы болды”, – деп жазды.

1911 жылы 200 жыл бойы Маньчжурия билігінде болып келген моңғолдар дербес Боғда (Моңғол) хандығын құрады. Басқа аймақтар секілді Цинь үкіметінің құрамында болып келген Қобда өлкесі Моңғол мемлекетінің құрамына енді. Ал Шығыс Түркістан мен Қобда аралығындағы қазақтың еркін көшіп-қонуына Моңғол үкіметі тарапынан рұқсат берілді. Сондай-ақ, көшіп барған қазақтың да жергілікті моңғол ұлыстары секілді салықты бірдей төлеп тұруға міндетті болды. Қазақ үшін Қытайдың өктем саясатынан гөрі, салық мөлшерін аз төлейтін урианхайдың ортасы тиімді болды. Есесіне моңғолдар тарапынан еркін көші-қонумен қатар, сауда жасауға берген рұқсаты үлкен қолдау болды. Моңғолдағы қазақ арасында орыс саудагерлерінің бірнеше сауда орындары жұмыс істеп тұрғандығы туралы Г.И.Потаниннің [43] еңбегінде бар. Ресеймен шекаралас Сарымсақты жәрмеңкесі жыл сайын желтоқсан айында он күн бойы сауда жасап тұрады.

1920 жылға дейін 1870 қазақ отбасы Моңғолияның батысына қоныс аударды [44]. Егер әр отбасында 4 кісіден болса, Қобда қазағының сол кездегі саны  7480, ал жанұяда 5 адамнан деп есептесек, яғни, он мыңға жуық адам барғандығын білеміз.

erjanibek.com

Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/kazak-halkyi-batyis-mongoliya-jerne-kalay-konyistandyi-58058/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі