Ақпараттық технологияның адымдап емес, атпалдап дамыған заманы.«Осы күннің баласы аласа туады, үлкендермен таласа туады» дейтін болдық. Компьютер құлағында ойнаған ұрпақты электронды тәрбиелеуді өзге елдер мықтап қолға алды. Балалар мен жасөспірімдерге арналған веб-ресурстарды көбейтіп, дамытып жатыр. Ал біздің балаларға ұсынатын қандай базарлығымыз бар? Интернет әлемін шарлап, іздеп көрдік. Жеткіншектерге арналған порталдар саны санаулы екен елімізде.
Өзгелер неге озық тұр?
Атақты әлеуметтанушы Эрик Куэльман «Социалномика» кітабында 50 миллион аудиторияны баурап алу үшін радиоға – 38, теледидарға – 13, ал интернетке бар болғаны – 4 жыл қажет болғанын айтады. Осыдан-ақ ғаламтордың ғаламат күшін бағамдай беріңіз. Алайда біз ойын баласына электронды тәрбие беру тетігін әлі толығымен іске қоспадық. Ал интернет қолданушылардың саны күн санап артуда. Мәселен, өткен жылы ғаламторға қосылғандардың қатары 20%-ға артып, әрбір 100 тұрғынның 53-і желіге тіркеліпті.
Елімізде мектеп жасына дейінгі – 2,2, мектеп жасындағы – 2,5 миллион бала бар екен. Интернетте еркін «жүзетін» компьютербасты балалар көбейіп келеді. Ендеше оларға арналған қазақтілді санаулы веб-сайттардың бас-аяғын түгендеп көрсек. Өткен жылы «Балбұлақ» балалар электронды журналының www.balbulaq.kz порталы ашылды. «Балапан» телеарнасының www.balapan.kaztrk.kz және www.balalar.ucoz.com, www.balalaralemi.kz, бірнеше балалар мен жасөспірімдер басылымын біріктірген www.zhasorken.kz сайттары тұрақты жұмыс істеп тұр. Балалар құқығына қатысты мәліметтерді www.balazan.kz контентінен таба аласыз. Осымен интернеттегі базарлығымыз таусылды десек те болады. Яғни, балалар сайтының шекесі қызып тұрған жоқ. Ал өзге елдер бақшасына ұрлана көз салсақ, олардың баланы жіпсіз өзіне байлайтын, арнайы сала-сала бойынша жасалған сайттарының санынан жаңыласыз.
Масару Ибуканың «Үш жастан кейін кеш» атты бала тәрбиесі туралы кітабында: «Біз балаға назарды үш жастан кейін бөлеміз, біле білсеңіздер қазіргі заманғы зерттеулерге сүйенсек, үш жасқа дейін баланың алдыңғы миының клеткалары 70-80 пайызға дейін дейін қалыптасып қояды», – дейді. Ол алғашқы үш жылда баланың жеке қасиеті қалыптасатынын қадап айтады. Әрине, қазақ баласын бесіктен бастап тәрбиелеген. Бұл тәжірибелердің айтар ойы бір. Жеткіншекті жетілдірудің жолы – түзу тәрбие. Ал жаһандану ғасырының заңдылығы сол, бала тәрбиені электронды көздерден алуда. Міне, балалар веб-контентін дамытудың маңыздылығы осында. Шетел тәжірибесі жеткіншектерге интернет әлемінде керегін тауып беруге жұмыс істейді. Мәселен, өзіміз көп нәрседе үлгі ететін Ресейдің бұл салада ұпайы түгел. www.detskiy-mir.net, www.murzilka.org, www.barbariki.ru, www.kostyor.ru, www.ru-kids, littlefox.ru, www.tvidi.ru, www.smeshariki.ru деп жалғаса береді. Бұл – орыс баласына арналған веб-ресурстардың бір бөлігі ғана. Бала іздегенінің барлығын таба алады бұл жерден. Онлайн ойындар, танымдық дүниелер, сауат ашу сабақтары, ой дамытуға арналған тапсырмалар, ертегілер, мультсериалдар, отандық фильмдер, бәрі-бәрі осында. Сиқырлы сандықша деуге болады бәрін бір жерге топтастырған. Әмбебап сайттардан бөлек, арнайы сала бойынша жіктеліп жасалғаны қаншама? Мысалы, www.moyashola.com порталы мектеп оқушыларының үй тапсырмасын орындауға көмек беретін, мектептегі білімін толықтыра түсуге көмек береді. Біздегі санаулы сайттардың барлығы мектеп жасына дейінгі балаларға арналған. Ал ағылшындықтар бұл саланың баяғыда «майын ішіп, жілігін шақты». Тіпті интернет әлемі арқылы ағылшын тілін игеруге көмектесетін сайттар да дайын тұр. Әлемдегі танымал педагогтар www.learnenglishkids.britishcouncil.org, www.pumkin.com сайттарына тіркелуге кеңес береді. «Ойнау арқылы ойлауға» негізделген ойындар арқылы ағылшын тілін үйрететін сайт жұмысы тегін. Ал www.readingladi.com веб-ресурсынан мектеп жасындағы оқушыларға арналған пьесалар мен театрлық қойылымдарды, ағылшын тіліндегі өлеңдерді оңай тауып аласыз.
Балалар веб-ресурстарын көбейтуге не кедергі?
Қазақтілді кеңістік шеңбері кеңейіп келеді. Бір ғана Алматы қаласы әкімінің есебін тыңдап, марқайып қалдық. Қаладағы қазақ балабақшаларындағы балалар саны 60 пайыздан асыпты, 216 балабақшаның 81-і қазақ тілінде екен. Олай болса, неге мемлекет тарапынан қазақтілді балалар сайтын көбейтуге көңіл бөлінбей келеді? Әрине, интернет ресурстарын жасаудың өз қиындықтары бар. «Баламен өз тіліңмен емес, өз тілімен сөйлесе» білу қажет. Веб-ресурс жасаудың қиындығы неде? Бар мәселе қаржыға тіреле ме?
Тимур БЕКТҰР, сайт жасаушы:
– Негізінен, веб-сайт жасаудың бағасы 100 000 теңгеден басталады. Ал 200 000 теңгеге тіпті мықты қылып жасауға болады. Барлық нәрсе тек сайтқа келіп тірелмейді. Өйткені сайттың өзі – технология. Ол тіпті қарапайым болса да, онда тұрған ештеңе жоқ. Маңыздысы – оның ішіндегі контент, яғни сайттағы мәліметтер. 500 000 теңгеге сайт жасатып, ішінде түк мәлімет болмаса, ол өз функциясын атқара алмайды. Демек, сайт пен оның қаржылық жағдайы көп жағдайда маңызды рөл атқармайды. Әдіскер, психолог, осы саладағы тәжірибелі маман барлығы бірігіп сайттың концепциясын жасап, оны біз сияқты сайт жасаушыларға әкелсе, түбінде жақсы дүние шығады деген ойдамын. Айталық, мен сайтты бес минутта жасап тастаймын. Ал оның ішіне мәліметті кім салады? Оны кім үнемі жүргізіп отырады? Осындай сұрақтардың барлығын сайт жасаушы емес, үйлестірушілер шешеді.
Әрине, сайт жасай салумен іс бітпейді. Нағыз жұмыс контент іске қосылған соң басталмақ. Ал балалар порталын жүргізетін мамандарымыз дайын ба? Негізінен, балалар тақырыбын қаузап жүрген топ контент толтыру мәселесіне бас ауыртпаса керек еді. Тек мемлекеттік дәрежеде қолдау керек. Оған қоса, жақсы жобалардың бағын ашатын байқау өткізіліп жатқан жоқ.
Мейрамхан ЖӘПЕК, «Қазақстан РТРК АҚ» веб-ресурстар бөлім бастығы:
– Елімізде балаларға арналған сайттарды жасауға көңіл бөлінбейді деген сұрақ кез келген адамды ойландыруы керек. Бұл саланы игерген мамандар баршылық. Мемлекеттік дәрежедегі мекемелерде балалардың болашағына бағытталған арнайы жобалар болуы керек. Мамандар осынау жобалар бойынша жұмыс жүргізсе, сөзден іске көшер едік. Балаларға арналған танымдық порталдардың санын көбейту үшін біріншіден, мемлекеттік дәрежеде моральдық қана емес, материалдық қолдау керек. Екіншіден, балалар тақырыбында маманданған мамандарды жинап, әртүрлі жобаларды іске жаратуға бастама көтеру керек. Мейлі, ол жобалар басқа елдерде бар болса да бізге солардың негізінде ұлтымыздың менталитетіне сай, жаңа нұсқа жасап, жүзеге асырған дұрыс. Үшіншіден, балалар тақырыбына арналған стартаптар арасында бәйге жариялау қажет. Төртіншіден, балалар блогы бойынша семинар-тренингтер жиі өткізіп, оларды осы салаға баулуға тиіспіз. Бесіншіден, жыл сайын 1 маусым балалар күніне орай, балалар тақырыбына арналған сайттар арасында бәйге жариялап отыру керек.
P.S.
Британдық биологтар «Әлеуметтік желілерде үнемі отыру ми қызметіне кері әсер етеді, гормональдық тепе-теңдікті бұзады, иммунитетті нашарлатады, мұның бәрі адамның жүйкесі мен ой-санасына белгілі бір мөлшерде ауыртпалық түсіреді» деп дабыл қағуда. Ал ресейлік сарапшылар ғаламторда экстремистік және террористік сипаты басым 40-тан астам сайт істеп тұрғанын айтады. Ендеше мұндай кері әсерлерге қарсы тұратын танымдық, пайдалы балалар сайтының саны шектеліп қалмауы тиіс.
«Алаш айнасының» мұрағатынан
Толығырақ: http://alashainasy.kz/alashuni/kazaktld-balalar-saytyi-nege-sanaulyi-60188/