20 сериялы фильм 10 серияға қысқартылыпты. Бұл туралы сериалдың сценарийін жазып жатқан автордың бірі жазушы-драматург Смағұл Елубаймен тілдескенімізде мәлім болды деп жазады Түркістан газеті.
Биыл Қазақ хандығына – 550 жыл! Ұлттық тарихты түгендеп, идеологияны шыңдайтын ұлы тойдың негізгі шаралары өткен жылы биік мінберлерден жиі-жиі айтылып еді.
Алайда қой жылының басталуымен жел ескен жылқы жалындай желпілдек жаңалық қойдай қоңырайған қалыпқа түсе бастапты. Дүйім елді қуантқан 20 сериялы телехикаяның бөлімдері қысқарып, қамтитын тарихи кезеңі ықшамдалуда. «Түркістан» газеті осы тақырыпқа арнап «Қазақ хандығына – 550 жыл! Ұлт мерекесі ар-ұятты сынға салады» деген тақырыпта тарихшы, жазушы-драматург, кинотанушы мамандардың басын қосып, дөңгелек үстел өткізген болатын.
Сонда телехикая түсіруге асықпай, алдымен тарихи кезеңдерді жүйелеп алып, деректі фильм ретінде ұсыну идеясы мамандар тарапынан айтылған. Енді 20 сериялы фильм 10 серияға қысқартылыпты. Бұл туралы сериалдың сценарийін жазып жатқан автордың бірі жазушы-драматург Смағұл Елубаймен тілдескенімізде мәлім болды.
Жазушымен бірге телехикая сценарийін жазуға «Жаужүрек мың бала» фильмі, «Қара шаңырақ» телесериалдарына сценарий жазған Тимур Жақсылықов қатысуда екен. «Алғаш жиырма сериал деген, одан кейін қамтитын уақыт қысқарды», – дейді жазушы С.Елубай. Сондай-ақ, жазушы 20 сериялы телехикаяға лайықталған жалпы сценарий жобасы бұзылып, «осыған дейін жазылған бес серия далаға кеткенін», мұндай жауапты, үлкен жұмысқа тым қысқа уақыт берілгендігін айтып қынжылды. Мәдениет және спорт министрлігінен түскен нұсқаудан кейін сценаристер қайта жазуға отырған. Мүмкін, сериал көлемі уақыттың тығыздығына байланысты қысқарған болуы әбден мүмкін. Бұған жауапты министрлік айта жатар. Бүгінде жаңа нұсқауға сай жазылған он серияның бесеуі дайын деуге болады. Қалған сериялары ақпан айында жазылып бітеді.
Сериал Керей мен Жәнібек хан хандық құрған мезгілден басталады. Ал оған дейінгі Әбілқайыр хан тұсындағы талас-тартыс, хандықты құру кезеңі, тіптен арғы «Алтын Орда», «Көк орда» сынды әлемдік тарихқа мәшһүр ұлыстардың ыдырауы жайлы, яғни қазақ хандығының құрылуына негізгі себеп, басты фактор болған тарихи, саяси оқиғалар айтылмай қалғалы тұр. Тарихта Қазақ хандығы Алтын Орданың заңды мұрагері ретінде айтылады. Бұл – қазақ халқының өркениеттер бастау алатын бағзы замандарда да көшпенді мемлекет құрып, ұлт және мемлекет қалыптастырғанын әйгілейтін өзек.
Тарихи деректерде Керей мен Жәнібек жиырма жылдай хандықты кезектесіп басқарады. Онан кейін Бұрындық хан (1480-1511ж) отыз жыл шамасында ел билейді. Бұл мезгілдегі тарихи оқиғалар шоғыры аз және мағұлматтарда көп кездесе бермейді. Сондықтан, сценаристердің де көп аялдамайтын тұсы. «Ең қиыны, Қазақ хандығының құрылуы, содан Қасым ханға дейінгі хандар туралы мағлұматтар тарихта өте аз», – дейді жазушы С.Елубай. Сондай-ақ, сценаристер отандық арналарда жүріп жатқан шетелдік тарихи телехикаялардан кем болмайтын, теңдесе алатын дүние жасауды мақсат еткендіктерін айтады.
Сериалдағы негізгі көрсетілетін кезең – Қасым хан (1511-1518ж.) заманы. Бірақ «қасқа жол» салған Қасым ханның хандық мезгілі қысқа, қоғамдық жағдай орнықты, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт және халық саны өскен уақыт. Міне, бұл аралықтағы оқиғалар он серияға сыйып-ақ кетер. Алайда көркемдік тұрғыдан, оқиғалық жағынан шетелдік тарихи сериалдарға бәсекелес дүние жасауға мүмкіндік тудыра ала ма? Әрине, бұл сауалға сериал түсірілімі аяқталып, көрерменге жол тартқанда ғана жауап таба аламыз.
Сериалдың қуаттылығы шығармашыл топтан бөлек, өнімді жасауға бөлінетін қаражатпен де есептеледі. Әзірге, бұл мақсатқа жұмсалатын қандай да бір қаражаттың мөлшері айтылған жоқ. Бірақ мемлекеттік тапсырыспен сценарий жазып жатқан жазушы С.Елубай: «Бұның ең бір қажетті нәрсесі – қаражат.
Қаржы мол құйылуы керек. Онсыз бұл тарихымыз жұтаң, кедей, жадағай болып көрінеді. Мысалы, Бұрындық ханның тұсында Шайбани шабуыл жасап, он мың арбалы үйді тұтқындап, құлдыққа алып кеткен дейтін дерек бар. Сонда он мың арбалы үйді есептесеңіз, әрбір арбаның үстінде бір үй, онда 6-7 адамнан болады. Мінеки, сол заманның масштабы осындай. Ал, бізде он мың арба тұрмақ он арба болса да шүкір етер едік», – дейді. Жазушы бұл пікірді тегін айтып тұрған жоқ деп ойлаймыз. Ол тағы: «Қаншалықты масштаб болады, актерлер қалай киінеді, қанша адам қатысады? Сән-салтанаты бәрі келісіп тұруы керек. Өйткені бұл заманнан алатын ештеңе жоқ. Бәрін қолдан жасауға тура келеді» – деді, қазақ тарихына арнап жазылып жатқан тұғыш сериалдың тағдырына алаңдаушылық танытып.
Қазақ хандығының 550 жылдығына сериал түсіруге қатысты «Түркістан» газеті өткізген дөңгелек үстелде әрбір кезеңге, тарихи тұлғалардың өміріне арнап деректі фильмдер жасау жағы көп айтылған еді. Мұндай қысқа деректі фильм де бұрындары жарық көріп, көремен ықыласына бөленген болатын. Ол – кинодраматург Бекболат Шекеров пен тарихшы Хангелді Әбжанов сценарилерін жазған «Қазақ елі» тарихи деректі сериалы. Көрерменге ұғынықты, жүйелі, тарих мәліметтерге баса мән берген бұл деректі сериалдан көрермен танымдық дүниелерді көріп, біліп жүр.
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы – науқаншылықтан ада, шынайы ұлттық идеяға серпіліс әкелетін көркем, ұрпақ санасына тәрбие бере алатын тағылымды дүниелерді жасайтын тарихи ояну жылы болса екен дейді бір ойымыз. Үкімет үдеден шықса екен…
turkystan.kz
Автор: Жәнібек ҒАЛЫМ