Шешенстан астанасы Грозныйда бүгін мыңдаған адам «діни сезімге тіл тигізуге» қарсы митингіге шықты. «Шешенстан жүрегі» мешітінде өткен жиын Парижде «Мұхаммед пайғамбар» карикатурасын басқан сатиралық Charlie Hebdo журналына жасалған шабуылға жауап ретінде ұйымдастырылған сыңайлы.
Жиналғандар алдында сөзінде Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин «Біз әлемге Мұхаммед пайғамбарды сүйетінімізді және ешкімнің мұсылмандардың діни сезімін қорлауына жол бермейтінімізді айтуға тиіспіз» деді.
Гайнутдин бұған қоса исламшыл содырлар жасаған террорлық шабуылдарды айыптады. Сонымен бірге ол «батыс елдері діни құндылықтарды аяққа таптап отыр» деп, біржыныстылар некесіне рұқсат берген мемлекеттерді сынады.
Православтар басым тұратын Ресейде мұсылмандар азшылықты құрайды. Ресей Солтүстік Кавказда постсоветтік кезеңдегі екі шешен соғысында қалыптасқан исламшыл бүлікшілермен күресіп келеді.
http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html?id=26801441