АЛТЫНОРДА
Новости

Үйлерін ұлттық нақышта сәндейтін қазақстандықтардың қатары артуда

youtube.comЭтнодизайнердің көмегімен бір бөлме, тіпті толық пәтер кәдімгі киіз үйге айналады.

Ескінің көзін жаңғырту үрдісінде эстрада жұлдыздары да ерекше қызығушылық танытып жүр.

Эстрада жұлдызы Қарақат Әбілдина бүгін дүкен аралуға шығыпты. Сахналық көйлек алу үшін емес, ұлттық нақыштағы кілем таңдап жүр. «Наурыз» мерекесінде әнші сапалы, әдемі, бастысы қазақы сыйлық алуды жөн көріпті. Жаңарқаның жаңға жайлы саф ауасымен тыныстап, топырағында аунап өскен Қарақат ұлттық дүниеге ғашық екенін айтады.

Сөз арасында эстрада жұлдызы жастайынан балаларының қазақы болмысын қалыптастыру үшін болашақта үйін этно үлгіде сәндеуді ойлап жүргенін айтып қалды.

Қарақат Әбілдина, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші

-Мен бұйыртса, өзімнің үлкен жер үйім болған кезде тек қана бір бөлмесін ғана емес, үйімді осы ұлттық нақыштағы үлгіде жасауға, безендіруге дайынмын.

Жаһандану, жандану заманында ұлттық дүниеге шөлдеген жандардың көңілінен шығып жүрген компаниялардың бірі — «Қазақ оюлары» кәсіпорны. Таза жүннен жасалып, бетіне түрлі түсті ою түскен мынадай кілемдер кез келген шаңырақтың көркін ашады. Шағын төсеніштен бастап, 3 метрлік кілемдерге дейін бар мұнда. Халықтың сұранысы да жоғары. Компания басшысы мұның себебін былай түсіндіреді.

Толғанай Елекбаева, «Қазақ оюлары» ЖШС жетекшісі

-Кез келген қазақы атаның, ананың осы ою десе, көздері жарқ етеді, бір көненің көзін көргендей, бір көнемен, тарихпен байланыс тапқандай әсер алады. Осыны насихаттаудың тәрбиелік мәні бар. Біз енді мағлұматты көзбен аламыз, құлақпен аламыз, әдемі әуен де бізді тәрбиелейді. Сол сияқты әдемі қазақы ою біздің қазақы болмысымызды қалыптастырады деп ойлаймын.

Бұл атақты этнодизайнер Ырза Тұрсынзаданың пәтері. Құрақ көрпе, ағаш астау, тіпті тары түйетін көне келі мен келсап бәрі заманауи дүниелермен ұштасып тұрғандай. Қазақ қолөнерін жаңғыртып қана қоймай, төрткүл дүниеге танытып жүрген этнодизайнердің айтуынша, біздің ұлттық дүниеміз жиһаз әлемінің метросы саналатын итальялықтардың да талай мәрте таңдайын қақтырған.

Ырза Тұрсынзада, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы, этнодизайнер

-Мен қазақтың дүниесін тек қазақ халқы ғана түсінеді деп ойлаймын. Шетелдің көрмелеріне барып келгенде рухтанып келемін, қазақ елімен мақтанып келемін. Себебі сенесіздер ме, біздің дүние бүкіл дүние жүзінің аузын аштырады. Біздің тамырымыз терең. Әрбір этнос ондай терең тарихымен, терең мәдениетімен, терең өнерімен, әдемі адамзатты таңқалдыра алатын дүниелерімен мақтана алмайды.

Киім киісіңіз, қоршаған дүниелеріңіз сіздің үнсіз тілмашыңыз. Олар иесі туралы шешен сөйлеп тұрады. Сондықтан этно үлгідегі интерьер отбасының болмысын, өткенге құрметін, болашаққа бағдарын айқындайды.

Авторлары: Мәншүк Мақсұтқызы, Берік Ақтан, Жандос Битабаров

www.khabar.kz
http://alashainasy.kz/