АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қытай мен Ресейдің арзан ойыншығы нағыз «у» екенін қашан сезінеміз?

dostavka-iz-kitaya-igrushkiҒалымдардың пайымдауынша, ойыншықтардың құрамында химиялық зиянды заттар: фенол – бекiтiлген нормадан 1,2-1,4 есе; қорғасын – 1,7; кадмий – 1,6-4,0; формальдегид 1,2-4,1 есе артық болса бұл баланың ағзасына қауіп төндіреді. «Химиялық зиянды заттар фенол, формальдегид бала жүйкесiне әсер етедi, терiге тез сiңедi. Сондай-ақ кадмий, қорғасын да улы химиялық заттардың құрамына кiредi. Кадмий тыныс алу жолдары мен асқазанға зиянды әсер етсе, қорғасын ағзаға жиналып, созылмалы улануға себеп болады» дейді ғалымдар.

Ал бағамдасақ, біздің нарыққа енетін ойыншықтардың 80 пайызында бұл талаптар сақтала бермейтін көрінеді. «Алаш айнасы» бүгін қазақ баласының қандай ойыншықтармен ойнап жүргенін талдап көруді жөн көрді.

Мәселен, біздегі бүгінгі баланың қолында жүрген қолжетімді бағасы арзан ойыншықтардың басым бөлігі Қытай, Ресей, Беларусьтен әкелінеді. Ең қызығы, сол сырттан келген ойыншықтардың қауіпсіздік сертификаты да болмайды екен. Мамандар Қытайдан әкелінетін ойыншықтардың құрамында стиролдың көрсеткіші 2,5 пайызға жоғары болатынын баса айтып отыр. Ал бұл пластмасса жасауға арналған токсиндік қаупі бар сұйықтықты химиктеріміздің арасында көп мөлшерде қосылса нағыз «у» деп атайтындар да бар.

Нұргүл Бимұратова, химик-ғалым:

— Егер қандай да бір затта стирол шамадан тыс болса адамның жүйке жүйесі сыр беріп, қан айналымы, ас қорту жүйесі бұзылады. Тіпті медицинада стирол әйелдердің репродуктивті денсаулығына да қауіп төндіреді деп дәлелденген. Қытайдан елімізге әкелінетін ойыншықтардың денінде стиролдың басым екені анықталды. Бұған қоса сыртан келетін ойыншықтардың құрамында формальдегид те бар. Бұл – адамның тыныс алу жолдарына өзіндік зардабын тигізетін улы иісті газ. Мұның барлығы арзан ойыншықтарда көбірек кездеседі. Өзіңіз білесіз, қазірде арнайы бренді бар қымбат ойыншықтарға екінің бірінің қолы жете бермейді. Сондықтан жұрттың басым бөлігі қара базардан арзан ойыншық сатып алып баласына ұсынады. Ал ол ойыншықтарда арнайы сертификат та болмайды. Арзан ойыншықтың қымбат дерт әкелетініне қарапайым көпшілік назар аудармайды. Сондықтан бұл жерде елімізге сырттан енетін ойыншықтарға арнайы шектеу қойған дұрыс…

Аңдасақ, бізге арзанын тықпалап, түрлі зиянды қоспалары бар ойыншықтарын нарыққа енгізетін сол Қытай елінде тұтынушының сатып алған ойыншығында бір грамм қорғасын көп болатын болса, әлгі тұтынушы ойыншықты шығарған компанияны заң алдында жауап беруге, ірі көлемді айыппұл төлеуге мәжбүрлеуге толық құқылы. Сондықтан болар Қытайдың ойыншық өндірісшілері өз елдерінде тұтынушының талап-тілегін орындауға келгенде мінсіз, олар өз елінде ойыншық жасауға келгенде асқан сақтықпен жұмыс істейді.. Ал сол Қытай елі сырт мемлекеттерге ойыншықтарын насихаттауға келгенде тым айлакер. Қазір әлемнің кез келген елін жаулап алған Қытай ойыншықтары туралы тарқатар мәселе де көп. Мамандар «Қытай мен Ресей түрлі насихат жүргізу арқылы ойыншықтарының өтімділігімен қоса өздерінің идеологиясын да санамызға тықпалап жатыр. Арзан ойыншықтың денсаулыққа зияны өз алдына, бұл — ұлттық идеологияға төнер нағыз улы зат. Мысалы, Ресейден шыққан балаларға арналған қазақша-орысша азбукаларды алып қарасаңыз, оқыған адам шошиды. Мұндай дүбара ойыншықтар балаларымыздың санасын улау үшін әдейге жасалған тәрізді. Өкініштісі, біз мұны сезініп отырған жоқпыз» дейді.

Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:

— Байыптағанға, бір ғана «Фэн-шуй» әдісі арқылы Қытай елі ойыншықтарының өтімділігін арттырып отыр. Баюға, байлыққа насихаттайды дейтін бұл әдіске қазірде әлем халқының 90 пайызы жүгінеді. Осы әдіс арқылы «байлық пен бақытқа қол жеткіземіз» деген ойға нық берілген қазіргі қазақтар да бұл күні шаңырағына ойыншық құрбақалар мен көбелектер тасып, үйіне мес қарын мүсіндер жинап әлек. Ақиқатында, біз сол «байлық шақырады» деп үйіміздің бұрыш-бұрышына қойып жүрген мес қарын мүсін – ежелгі Қытай императоры Гао Дидоның сүйікті ойыншығы болған. Кезінде ол өзінің ұсталарына сырт пішіні езуге күлкі ұялататын ойыншық жасауды тапсырған. Осы ойыншықтың насихатын арттыру үшін олар кейін мүсін етіп шығарды. Күлкілісі, сол ойыншыққа біз қазірде байлық шақырады дееп сеніп жүрміз. Мұның барлығы өзіміздегі ұлттық құндылықтарымыздың дәрежесін төмендетіп, отандық ойыншық индустриясын беделін төмендететін жайттар.

Міне, қазбалап көрсек, насихатын мықтау арқылы көршілес елдер осылайша нарықтағы ойыншықтарының сатылымын күшейтіп, қалталарын қампайтып жатқан жайы бар. Біз сол жиып алып балаларымызды ойнатып жүрген ойыншықтарын өзге елдер өздерінде әлдеқашан «көнертіп» тастаған. Қазірде көптеген елдер заманға сай баланың ақыл-ойын дамытатын ойыншықтар жасап әлек. Ал біз бұл мәселеде де төменшіктеп жатырмыз.

Ермек Жұмажанов, сарапшы-маман:

— Еврейлер баласына бес жасынан бастап сен данышпансың, қолыңнан бәрі келеді деп үйретеді. Оны барлығымыз білеміз. Олардың ойыншықтарға мән беретіні соншалық әлемде болып жатқан жаңалықтарды интеллектуалды ойыншықтар жасау арқылы баланың санасына жеңіл енгізеді. Олардың баласы жеті жасында әлемдік заманауи жаңалықтарды жаңғақша шағып тақылдатып тұрады. Біз ұлттық дүниетанымызды жетілдіргіміз келсе қазіргі заманға сай интелектуалдық қарым-қабілетті жетілдіретін ойыншықтарды шығаруды қолға алғанымыз жөн. Егер мұндай ойыншықтар шығарамын деген кәсіпорындар, зауыттар болса оларға арнайы жеңілдіктер берілгені де жөн. Мақсат ол ойыншықтарды сөйлету арқылы батырлар жырын, дастандарды немесе күйлерді насихаттату емес. Біз мұндай ойыншықтарды жасау арқылы әлемдік бренд жинауға тырысқанымыз абзал. Бір ғана мүсіндерін немесе қуыршақтарын әспеттеу арқылы өзге елдер қаншама бедел жинап жатыр. Бізге де осындай идеология керек. Сондықтан ойыншық индустриясын жетілдіруге мемлекет араласуы қажет…

http://alashainasy.k
Қарлығаш Зарыққанқызы