[:kz]
Лас-Вегаста тұрып жатқан қазақстандық Айсұлу Бегендікова өз үйінде ұрлықшыға тойтарыс берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Айсұлудың айтуынша, 14 ақпан күні ол ұялы телефонын сатып алатын адаммен өз үйінде кездесуге сөз байласқан. Онымен бірге үйде құрбысы мен кішкене баласы болған. Айсұлу құрбысының қолына керек болып қалар деп газ баллонын ұстатқан.
«Жігіт жақындап маған ақшам бар дегендей әмиянын көрсетті. Кейін менен қораптағы телефонды шығарып көрсетуімді сұрады. Осы сәтте басыма миллион ой келді. Ал жанымда жүкті әйел баласымен бірге тұр еді», — деді Айсұлу.
Қыз бала телефонын шығара салысымен, ұры оны қолынан жұлып алмақ болды. Алайда Айсұлу телефонды қолымен қысып ұстап, көршілерін көмекке шақырған.
«Мен құлап түсіп, оны аяғыммен тебе бастадым. Сол сәтте менің мойнымда жаңа қабы бар жаңа телефоным, несием, дебюттік картам жеке куәлігім және көлік жүргізу куәлігім болды. Соның бәрін жұлып алып, тұра қашты. Сол сәтте шоктың әсерінен мен оның соңынан жүгірдім. Көлікті тоқтата алатыныма сеніп, жүргізушінің терезесінен кіріп бардым», — деді ару.
Осы сәтте ол қалтасындағы газ баллонын жүргізуші қыздың бетіне шашқан. Кейін голливуд фильмдеріндегідей полицейлер, детективтер, ғимарат менеджері және криминалдық фотограф келіп, оқиғаның мән-жайын анықтай бастаған.
«Камерадағы жазбалардағы әйел мен емес сияқты. Құдды супервумендей. Офицерлер маған құрметін білдіріп, қолымды қысты. (…) Ең бастысы, бәрі дін-аман. Қылмыскерлерді аяп кеттім – Лас-Вегаста Ақтаудағы Адайдың қызын кездестіреміз деп ойламаған шығар», — деп әзілдеді Айсұлу Бегендікова.
Нәтижесінде полиция қызметкерлері қылмыскерлерді қолға түсіріп, құжат пен телефонды Айсұлуға қайтарып берді.
[:]