[:kz]
Ассаламуғалейкум! Сұрағым: адам жаны шыққан(қайтыс болған)бөлме ішінде тұрған азық-түлік пен дәрілерді пайдалануға болмайды деп қоқысқа тастап жатады. Шариғатта осы дұрыс па? Сәлима.
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Сәлима, ескі славян нанымында әрбір адамның жеке заттары оның энергетикасын сіңдіріп алады деген сенім бар. Иесі қайтыс болғанда оларды таратып берген дұрыс дейді. Өйтпесе, артта қалған туыстарын зар-күйзелістен көпке дейін арылтпайды-мыс. Сондықтан да, қырық күн ішінде оның заттарынан қош айтысқан дұрыс екен. Әсіресе, жатқан төсегін, жамылған жапқыштарын қоқысқа тастап жатады. Мүмкін сіз айтып отырған ырымның да түп-төркіні сол нанымда жатса керек.
Ислам діні адамды өмірге шынайы көз-қараспен қарауға үйретеді. Бос, негізсіз ырым-нанымдарды теріске шығарады. Сіздің сұрап отырған ырымның шариғатта негізі жоқ. Шариғат бойынша, адам қайтыс болған бөлмедегі заттар таза әрі оларды пайдалануға рұқсат. Мархұмның жеке дүниесі мұрагерлеріне тиесілі.
Осы орайда, мәйіт жатқан бөлмеде кейіннен ұйықтауға бола ма? – деген сауал да келіп жатады. Ондай бөлмеде ұйықтауға болады. Одан бұрын, тазалық мақсатында бөлмені жуып-шайып, тазалап, қажет болып жатса, дезинфекция жасатам десе де өз еркі.
Абдусамат Қасым
alashainasy.kz
[:]