АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Әлі өлген жоқсың ба?»: Алматыда күтуші мүгедек әжейді өлімші етіп сабап тастаған[:]

[:kz]

Алматыда мүгедек әжейдің туыстары оны күтушісі өлімші етіп сабаған деп отыр. Қызметші досы екеуі зейнеткердің үйіндегі барлық ақша мен алтынды алып кеткен көрінеді. Сұмдық жайтқа куәгер болған кейуананың ұл-қызы кінәліні жазаға тартуды талап етті. Олардың айтуынша, әккі әйел бұған дейін де бірнеше отбасының сеніміне кіріп, оларды да сан соқтырыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Оқиға осыдан 10 күн бұрын болған. Күтушісінен таяқ жеймін деген ой 66 жастағы Бақытгүл Асылбекованың үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Қазір әбден шошынып қалған ол денесіндегі жарақаттарды көріп, жыларман халге түсуде. Мүгедектігімен қоса, ауруы одан әрі асқынып, жүріп-тұрудан қалған кейуана қазір алыста тұратын қызын алдыртыпты. Оның айтуынша, күтуші әйел әжейдің үйінде отырып арақ ішкен.

«Күтушінің аты Өскенбаева Наталья Константиновна. Көңілдесінің аты Михаил. Анам ескерту жасаған соң басталған. Анам «Неге арақ ішіп отырсыңдар» деген. Содан кейін Наталья «Ах, сен кәрі қарға, әлі өлген жоқсың ба? Мен сені қаз өлтіремін» деген. Содан бәрі басталды», — Бақытгүл Асылбекованың қызы Жәмилә Жақышева.

Зейнеткердің бар кінәсі – ескерту жасаған. Алайда ол сөзді Наталья құлағына да ілмей, керісінше, әжейді төпелей жөнелген. Тіпті буындырып жатқанда есіктің қоңырауы басылыпты. Сөйтіп апыл-ғұпыл есін жиған күтуші киімін алмастан, үйдегі 30 мың теңге мен кейуананың алтын алқасын ала қашқан.

«Мойындады. Полицияға барғанда: «Иә, мен ұрдым, өлтіргім келді, бірақ ол істі аяғына дейін жеткізбедім» деді. Оларды бірден тұтқындап жауып қояды деп ойлаған едім. Тергеуші жеке куәлігі барын, тұратын жерін білетінін айтты. Ол ешқайда қашпайды», — деді Бақытгүл Асылбекованың қызы Жәмилә Жақышева.

Бұл Натальяның бірінші әккі әрекеті емес көрінеді. Бұған дейін де бірнеше отбасының сеніміне кіріп, дәл осылай алдап соққан дейді Бақыткүл әжейдің туыстары. Осыдан екі жыл бұрын сексеннің сеңгірінен асқан зейнеткерге де қараймын деп барып, қақпанына түсіріпті. Бүгінде немересі сол сәтте арыз жазса да, ешқандай әрекеттің жасалмағанын айтып ашынды.

«Әжемнің 80 мың теңгесін ұрлап, қашып кетті. Оның үстіне күнде бөтен адамды үйге әкеліп жүрген. Арыз түсіргенімізде, Наталья қоқан-лоққы жасады. Өлтіріп кететінін айтты. Сол кезде арызымды қайтарып алмасам да, істің қалай аяқталғанын білмеймін. Ал бүгін жаңалықтарды қарап отырып, осы әйелді бірден таныдым. Алаяқтың әлі де бостандықта жүргеніне қапалымын», — деді Екатерина Сайфуддинова.

Қазір алаяқтықпен аяқталған оқиғанын жай-жапсарын тергеушілер анықтауға кірісті. Жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Егер күтушінің кінәлі екені дәлелденсе, ол 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

[:]