[:kz]
Алатау ауданы әкімдігінде «Хабар 24» журналисімен болған жанжалдан кейін күзет агенттігі лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Алматы полициясының баспасөз қызметі Алатау ауданы әкімдігінің күзетімен айналысқан кәсіпорынның лицензиядан айырылғаны туралы ақпаратты растады.
«Мекеме басшысын полицияға шақырып, қызметті жалғастырмауы үшін лизенциясы тартып алынды», — делінген хабарламада.
«Хабар 24» телеарнасының директоры Алена Горбачева полицияға журналистің өзінен де, телеарнадан да өтініш жіберілгенін хабарлады. Мекеменің заң бөлімі бұл мәлімдемені полиция қабылдағанын растады. Бірақ полиция іс қозғады ма, жоқ па, әлі белгісіз.
Айта кетсек, Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігінің күзетшілерінің бірі «Хабар 24» телеарнасының журналисі Ақбөпе Тәңірбергенді мемлекеттік мекеме ғимаратынан күштеп шығарып жіберген болатын.
Өз кезегінде әкімдік өкілдері желіге басқа қырынан түсірілген видео жариялады. Онда журналист пен оператордың турникет астынан карантиндік шектеулерді елемей өтіп кеткені байқалады.
[:]