АЛТЫНОРДА
Қоғам

[:kz]»Анама ай сайын жүз доллар беремін»: Шымкенттік азамат ата-ананы сыйлаудың ерекше үлгісін көрсетті[:]

[:kz]

 

Шымкент қаласының тұрғыны, бүгінде Алматыда қызмет етіп жүрген Әлсамади Адырбаевтың ерекше оқиғасы көпшілікті тәнті етті. Ол ай сайын анасына 100 доллардан беруді әдетке айналдырған.

Теңгенің долларға шаққандағы курс бағамы өскен сайын, Әлсамадидің анасына беретін ай сайынғы қаражатының көлемі де артады. Мұндай дәстүрді біздің кейіпкердің әкесі жолға қойып кеткен. Негізгі мақсат – ата-ананы қараусыз қалдырмай, олардың алдындағы парызыңды өтеуге тырысу деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Әкем Теңізбай Әбділда Атырау облысының Құлсары қаласында дүниеге келген. Анам Ганюшкино ауданының тумасы. Екеуі төрт баланы өсіріп, аяққа тұрғызды. Әкем өмір бойы әскери қызмет атқарған, бірнеше жыл бұрын о дүниеге аттанды. Анам, құдайға шүкір, қасымызда. Әскерилердің қызметін білесіз. Жұмыс бабымен жер-жерді аралап жүреді. Сондай мақсатпен өткен ғасырдың сексенінші жылдарында біздің отбасымыз да оңтүстікке қоныс аударған. Осылайша, мен батыстың да, оңтүстіктің де тәрбиесін бойға сіңірген адаммын. Ал балалар мен бауырлардың, туған-туыс пен құда-жекжаттың татулығын арттырып, арасын алыстатпау үшін әкемнің қосқан үлесі зор», — дейді Әлсамади.

Кейіпкердің айтуынша, марқұм әкесі әр үш ай сайын жан-жақта жүрген балаларының, әр алты ай сайын алыс-жақындағы құдалары мен туыстардың басын қосуды әдетке айналдырыпты. «Әкем әскери адам болған соң, мінезі қатал-тұғын. Қазіргідей заманда жақынның жат болып кетпеуін, бауырдың бір-бірінен алыстап кетпеуін қатты қадағалады.

Үш ай сайын екі баласы мен келінін, екі қызы мен күйеу балаларын, немере-жиендерін үйге шақырады. Бас қосып, өткен-кеткенді айтып, кішкентайлар ата-әжесіне еркелеп, бір жасап қаламыз. Кейде мұндай кездесулер жазғы демалысқа тап болып, Ыстықкөлге демалған кездеріміз де болды. Ал алты ай сайын әкем барлық құдаларының басын қосатын. Бәрін қонақ қылып, төрден орын беріп, етін асып, алдарына қоятын.

Мұндағы мақсат не? Мұндағы мақсат – туған-туыстан ажырамау, құда-жекжатпен байланысты үзбеу. Өкінішке қарай, жақын жатқа айналған заманда өмір сүріп жатырмыз», — дейді Әлсамади. 

Әлсамадидің әкесі орнатқан тағы бір тәртіп — ай сайын балаларының анасына ақша беруі. Бұл дәстүр әкелері өмірден өтсе де үзілмеген.

«Ай сайын анамызға 100 доллардан береміз. Күйеу балалары 50 доллардан береді. Бұл әкеміздің қойып кеткен «ставкасы».

Бұл қаражатқа анам керек-жарағын алады. Үлкен адам болған соң, дәрігеріне қаралады. Санаторий, курортқа барады. Бір сөзбен айтқанда, өз керегіне жаратады. Курс бағамы өскен сайын, қаражат көлемі де өзгеріп тұрады. Әрине, өзіңнің де отбасың, бала-шағаң болған соң кейде кешіктіретін кездер бар. Бірақ, міндетті түрде анамызға табыстаймыз. Бұрын осылай жиналған ақшаға әкем басымызды қосып, жақсы демалыс ұйымдастырып, біздің, яғни, бауырлардың бірге жүргенін, жақын араласқанын, бір-бірінен алыстап кетпеуін қадағалады. Қазір әкемнің көзі жоқ, бұрынғыдай көп жинала бермейміз.

Алайда, анамызға ақша салып тұруды ұмытқан емеспіз. Меніңше, қанша ақша берсең де, ананың ақ сүтін өтеу мүмкін емес. Өзіміз де ұл, қыз өсіріп отырмыз. Сондықтан, өз ісімізбен балаларға үлгі болып, әке-анамызды төбемізге көтеруіміз керекпіз. Ата-анамыздың хал-жағдайын сұрап жүруді ұмытпайық», — дейді Әлсамади.

kaz.nur.kz

 

[:]